Бас жаңалықтар
Павлодарлық полицейлер жаңа форматта жұмыс істемек
01 Мамыр 2019, 13:20 659

Павлодарлық полицейлер жаңа форматта жұмыс істемек

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің полиция департаменті тұрғындарға арналған қабылдау бөлімшесін ашты. Фронт-кеңсе жаңа форматта жұмыс істемек.

Тұрғындар мен полиция қызметкерлерінің арасындағы түрлі кедергілерді болдырмау мақсатында өңірде ішкі істер органдарының жұмысын модернизациялаудың жол картасы жүзеге асырылуда.

Облыстық полиция департаментінің басшысы Амантай Әубәкіровтің айтуынша, фронт-кеңсе заман талаптары мен стандарттарына сай.

«Кеңсе бөлек ғимаратта орналасқан, тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз. Бұл жерде күтуге арналған орын, қажетті техника бар. Қызмет көрсететін мамандар үшін ғаламтор мен ақпараттық базаларға қолжетімді. Жұмыс кезінде аудио және бейнежазба жүргізіледі. Полицияға шағымданған азаматтар үшін сапалы кеңес беріледі», - дейді ведомство бастығы Амантай Әубәкіров.

Фронт-кеңсе таңғы 09.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы тектес кеңселер шағын қалалар мен аудан орталықтарында ашылады.

Айта кетейік, бұған дейін павлодарлық полицейлердің қызмет сапасын бақылау мақсатында жедел әрекет ету орталығы «кері байланыс» жүйесін енгізді. Басты мақсат - тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, тәртіп сақшыларының жұмыс алгоритмін жетілдіру. Республикалық нормаларға сәйкес шақырту алған маман оқиға орнына 5-7 минуттың ішінде, учаскелік полицей 15 минут ішінде, ал жедел топ 30 минуттың ішінде жету керек. Орталық қызметкерлері оқыс жағдайдан соң шағым түсірген адаммен тілдесіп, қызметкерлердің жұмысына қатысты сөйлесіп, сараптама жүргізеді.

«Сараптама көрсеткендей, тұрғындар көбінесе мамандардың шақыртуға кешігіп келуі мен жұмыстың сапасына шағымданады. Жыл басынан бері 20 шағым түсіп, тиісті шара қолданылған. Айта кетейік, кері байланыс нәтижесінде «102» қызметі мамандарының жұмыс кестесі өзгертілді. Енді олар бұрынғыдан тәулік бой емес 12 сағат сайын ауысып отырады. Осылайша жүктеме азайып, сапа артты. Орталық мамандары күнбе күн 70-тен астам құқықбұзушылықты тіркейді», - дейді Павлодар қалалық ІІБ орталық жедел әрекет ету басқармасының бастығы Темірбек Шәудіров.

 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық