Павлодар облысының тұрғындары отандық екпе ала бастады

26 Сәуір 2021, 20:05
1486
Бөлісу:
Павлодар облысының тұрғындары отандық екпе ала бастады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғындары коронавирустық инфекцияға қарсы «QazVac» екпесін ала бастады.

Сала мамандарының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін облыс халқының 5,9%-ы вакциналаудан өтті. Қазіргі уақытта отандық екпенің алғашқы легі медициналық мекемелерге жетіп, халыққа салына бастады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының хабарлауынша, облыс орталығындағы емханалар арасында отандық препараттың екі мың дозасы үлестірілді.

Отандық екпені сала бастадық. Адамдар арасында қандай да бір ауытқушылықтар байқалған жоқ. Иммундау шараларына қатысқандардың мәліметтері бірыңғай ақпараттық базаға енгізіледі. Отандық екпе тек павлодарлық емханаларға жеткізілді. «QazVac» вакциянасын 200 адам қабылдауға шешті, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.

Бүгінгі күнге дейін аймақта ресейлік екпенің 26 мыңнан астам дозасы қолданылды. Бірнеше күннен кейін алты мың доза әкелінбек.

Айта кетейік, бүгіннен бастап өңір «қызыл» аймаққа енді.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, алдағы бес күнде коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша бақылау жүргізіледі.

Ауру жұқтыру бойынша апталық өсім тіркелді. Эпидемиологиялық жағдай ЖРВИ-дің маусымдық таралуына байланысты күрделеніп келеді. Апталық өсім 100 мың халыққа шаққанда 50 дерек тіркелді. Соңғы жеті күнде 394 адам инфекция жұқтырды, - дейді Зәмзәгүл Дощанова.


 

 


Өзгелердің жаңалығы