Бас жаңалықтар
Павлодар облысының мектептерінде мыңнан астам оқушы шкафтары қойылады
22 Қазан 2019, 03:39 312

Павлодар облысының мектептерінде мыңнан астам оқушы шкафтары қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы әрбір алтыншы мектепте бастауыш сынып оқушылары өздерінің заттарын қоятын кішкентай шкафтар қойылады. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Қамқоршылық кеңестерімен өткен кездесуде ата-аналар Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтан мектептерде арнайы шкафтар қоюды сұрады. Екібастұз қаласының №36 мектебінің қамқоршылық кеңесінің басшысы Ракпарова Қарлығаш оқу мекемелерінде киім ауыстыратын орындарға байланысты қиындықтар бар екенін жеткізді.

"Кей-кездері оқушылар киімдерін қалдыратын жер таппайды, олардың сөмкелері де тым ауыр. Мектеп дәліздерінде кішкентай шкафтар қойылса, мәселе шешімін табар еді", - деді ол.

Анықталғандай, облыстық бюджетте төрт орындық 1275 дана шкаф орнату үшін 100 миллионнан астам қаражат қарастырылған екен. Локер деп аталатын кішкене шкафтар облыстағы үш қаланың әрбір алтыншы мектебінде орналастырылады. Шкафтар бастауыш сынып оқушылары арасында бөлінеді.

"Өзімнің де төрт балам мектепте оқиды. Олар таңертең мектепке бара жатқанда сөмкелерін көтеруге көмектесемін. Шафтар орнату жұмысын жүйелі түрде жалғастыратын боламыз", - деді Павлодар облысының әкімі. 

Бұл мәселе бойынша облыс әкіміне оның Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына да өтініштер келіп түскен болатын. Қамқоршылық кеңестерімен кездесу алдында аймақ басшысы пост жариялап, ата-аналардың ұсыныстарын сұраған еді. Бір тәулік ішінде жазылушылар 350-ден астам пікір жазған болса, олардың 51-і мектептерді шкафтармен және жаңа жиһазбен қамтамасыз етуге байланысты болды.   



Фото: дереккөз
Загрузка...