Бас жаңалықтар
Павлодар облысының 32 елді мекенін су басу қаупі бар
23 Ақпан 2019, 14:27 419

Павлодар облысының 32 елді мекенін су басу қаупі бар

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің төтенше жағдайлар қызметінің мамандары облыста қызыл судан келетін қауіп жоқ деп сендірді.

Алайда, су тасқыны кезінде соңғы жылдары 32 елді мекен ерекше бақылауға алынады. Бұл ауыл-аймақтарда 1033 тұрғын үй орналасқан және 3729 азамат тұрады. Қызыл су басуы ықтимал автомобиль жолдарының 44 учаскесі де басты назарда.

Облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Самат Асайыновтың мәліметінше, оқыс оқиға болған жағдайда оны жою мен алдын алуға мемлекет бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

«Ертіс өзенін жайлаған елді мекендердің қауіпсіздігі көршілес ШҚО-дағы су қоймаларына тікелей байланысты болмақ. Бүгінгі таңда Бұқтырма су қоймасы 82%, Өскемен су қоймасы 98%, Шүлбі нысаны 95% толы. Тарбағатай тауының Оңтүстік-батыс аймағындағы қар қоры нормадан асқан. Сондықтан, су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары наурыздан бастап пысықталмақ», - дейді Самат Асайынов.

Ал Ертіс өзенінің аумағында жайылатын судан Ақсу қаласы, Ленин кенті, Кенжекөл және Мичурин ауылдарына қауіп төнбек. Бұл жерлерде қорғау бөгеттері жасалады.

«Облыстық азаматтық қорғаныс қызметінің 1,5 мың маманы мен 55 техника құралы сақадай сай. Былтырғы жылы департаменттің техникалық базасы жол талғамайтын «Трекол», 9 арнайы автомобиль мен 8 мотопомпамен толыққан. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі қардың қыртысы 47 миллиметрді құрайды. Бұл – нормадан төмен көрсеткіш», - дейді сала мамандары.

Ақмаржан Әділбек

 

Загрузка...