Павлодар облысында ұлттық тағамдар мейрамханасы ашылмақ

10 Сәуір 2019, 19:00
2470
Бөлісу:
Павлодар облысында ұлттық тағамдар мейрамханасы ашылмақ
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «Жерұйық» бағдарламасының тұсауы кесілді. Кешенді жоба шеңберінде ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында бірнеше бағыт бойынша жұмыстар атқарылмақ.

Кешенді жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылады. Жобағы қолға алған «Қағандық» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, жоба бес бөлімнен тұрады.

«Біріншіден, қазақы киіз үй жасау. Бұл тұрғыда үй пішініндегі кез-келген материалдан емес, киіз үйдің философиясын сақтай отырып, нағыз қазақы үй жасау. Бұл істі өндірістік деңгейге көтеруді көздейміз. Шеберлер мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант ұтып алып, істерін дөңгелетсе дейміз. Екіншіден, ұлттық тәлім-тәрбиеге сүйене отырып, ер азаматтарды тәрбиелеуді қолға алу. Үшіншіден, бай дәстүрімізді паш ету мақсатында өңіріміздің туристік орындарында этноауыл құру. Төртіншіден, ұлттық тағамдар мейрамханасын ашуды мақсат етеміз. Бесіншіден, облыста ұлттық салт-дәстүр орталығын ашқымыз келеді», - дейді «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Еркеғали Жанғазы.

Ұймыдастырушылардың айтуынша, өңірде ұлттық тағамдар мейрамханасы жоқтың қасы. Шетелдік туристер келгенде, қазақтың асүйімен танысқысы келеді. Жаңа жоба бұл олқылықтың орнын толтыруға сеп болады.

«Өкінішке орай, бұл ұяттау дүние. Жоба бірнеше жылдың ішінде іске асады деп ойлаймын. Біз жергілікті билік пен қоғам өкілдері тарапынан қолдау күтеміз. Ұлттық тағамдарымызды жаңғырту мақсатында бұл жұмысқа ғалымдарды тартамыз. Серіктес ретінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Марина Темербаева шақырылды. Ғалым - «Шетелдік және ұлттық асүй технологиясы» кітабының авторы», - дейді Еркеғали Жанғазы.

 Айта кетейік, өткен жылы Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 200-ге жуық ірілі-ұсақты жоба іске асырылды.

Өзгелердің жаңалығы