Павлодар облысында «Таза табиғат» экологиялық акциясы өтуде

24 Сәуір 2021, 18:43
2514
Бөлісу:
Павлодар облысында «Таза табиғат» экологиялық акциясы өтуде

 

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында бірнеше экологиялық акция өтуде. Нақтырақ айтқанда, «Менің мекенім - жасыл орман», «Таза су айдындары» шаралары қолға алынған. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат - елді мекендерді көгалдандыру, су айдандары, ормандар мен демалыс орындарын қоқыстан тазарту. Сонымен қатар экологиялық мәселелерге облыс тұрғындарының назарын аударту. 

Экологиялық акция аясында мемлекеттік қызметкерлер, оқушылар, мұғалімдер мен колледж студенттері сенбілікке шықты. Белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартып, жас көшеттерді отырғызды. Игі іске облыстағы ірі өндіріс ошақтарының мамандары да атсалысты. Акцияға 19 мыңнан астам халық қатысты. Бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам жас ағаш отырғызылды. Сонымен қатар су айдындарының аумақтарынан 74 мың тонна қоқыс шығарылды. Ал өзге учаскелерден 82 мың тонна тасымалданды, - дейді ұйымдастырушылар.  

Ауқымды акцияға «Экожастар» клубының белсенділері де жұмылдырылды. 300-ден астам жоғары сынып оқушылары кешенді экологиялық шараларды бастап кетті. Мәселен «Демалсаң - жина!» ұраны бойынша 500-ден астам оқушы, ата-ана мен мұғалім Усолка өзенінің аумағын қоқыстан тазартты. 

Сәуір - қаламызды тазарту жолында бірнеше ұрпақтың басын қосатын дәстүрлі кезең. Бүгінде заманауи мектептегі экологиялық тәрбие мен білім басым бағытта болуы тиіс. Біз ұжымдық келісім негізінде Усолка өзенінің жағалауын тазарттық. Оқушылардың белсенділігі жоғары, - дейді №39 мектеп директорының орынбасары Зоя Михайловна.  

Оқушылар қоқысты жинаумен шектелмеді. Тазалық жұмыстары барысында тұрмыстық қалдықтар сұрыпталды. Нәтижесінде 300 келіден астам қоқсы сұрыпталып, көліктерге тиелді.

 

Өзгелердің жаңалығы