Павлодар облысында "Таза су айдыны" экологиялық акциясы басталды

19 Мамыр 2020, 14:11
1815
Бөлісу:
Павлодар облысында "Таза су айдыны" экологиялық акциясы басталды
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде "Таза су айдыны" атты табиғат қорғау акциясы басталды. Қазіргі уақытта орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау аумақтық инспекциясының мамандары су айдандарынан браконьерлік ауларды жинап жатыр.

Қазіргі таңда Павлодар облысында балық шаруашылығы жүргізілетін 265 су қоймасы бар. Олардың 65-сі - тұзды көлдер.

Мамандар тазалық акциясын Ертіс өзенінің саласы Усолкадан бастады. Бірнеше сағаттың ішінде синтетикалық талшықтан жасалған аулардың 500 метрі табылды. Инспекторлардың айтуынша, әккі балықшылар ауларын түнгі уақытта салады. Сол себепті анықтау мүмкін болмай жатады.

Мамандармен бірге Усолка өзенінің бойымен 20 шақырымдық жолды еңсердік. Нәтижесінде қараусыз қалған жарты шақырымдық аулар табылды. Сонымен қатар, тұрмыстық қоқыстарды да шығардық. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде балықшылардың мәдениеті түзелгендей болды. Балық аулағысы келетіндер алдын ала жолдама алу мүмкіндігіне ие. Дегенмен, заңғы қайшы әрекет ететіндер азаймай тұр. Мәселен, қытайлық аулар қоршаған орта мен адам өміріне аса қауіпті. Аулау құралы еркін саудада болмаса да, балықшылар қолданып жатқанын көрдік. Ауларды сату орындарында да рейд жүргіземіз, - дейді орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау аумақтық инспекциясының бөлім бастығы Серік Апсалықов. 

ау2.jpg

Айта кетейік, қазіргі таңда Ертіс өзені арнасынан асқан. Бүгінде Шүлбі қоймасынан табиғат қорғау мақсатындағы су босату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балықтардың уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға қатаң тыйым салынған. 

Өткен жылғы акция барысында мамандар қоқыстың 16 тоннасы мен аулардың 14 шақырымын тапқан. Ережеге сай табылған "олжа" жойылуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы