Павлодар облысында тұрғындарының 90% жұмыспен қамтылған ауыл бар

19 Қыркүйек 2019, 05:52
1414
Бөлісу:
Павлодар облысында тұрғындарының 90% жұмыспен қамтылған ауыл бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шарбақты ауданы Орловка ауылдық аймағының әкімі Ирина Галлямова мұндай жетістікке қалай жеткені жайлы айтып берді, деп хабарлады pavlodarnews.

"Біздің округте жұмыссыздардың жоқ екендігі маңызды және бұл үлкен жетістік деп санаймын. 1142 тұрғынның ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны 601 адамды құрайды. Оның ішінде 541-і немесе 90%-ы тұрақты жұмыс істейді. Олар "Победа»" ЖШС-ында, мекемелерде, сондай-ақ 26 жеке кәсіпкерлікте еңбек етеді. Тең жартысы әйел адамдар дүкендер мен дәріханаларды, шаштараздарды басқарады. Облыс бойынша ең үздіктердің бірі болып табылатын Орловка ауылдық округінің әлеуметтік саласына жыл сайын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 100 миллион теңгеге жуық қаржы салынады. Шағын және орта бизнес өкілдерінің саны артып, жаңа нысандар ашылуда", - дейді Ирина Галлямова.

Оның айттуынша, Орловка ауылдық округіне осы лауазымға 26 жасында тағайындалыпты. Осы жылдың қараша айында әкім болғанына 15 жыл толады екен. 

"Мемлекеттік қызметті статистика жетекші маманы ретінде бастадым. Әрине, басшылық қызметінде өз қызметін бастау қиын болды. Ауыл тұрғындары қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарайтын. Бізде барлық әлеуметтік сала нысандары - орта мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі жұмыс істейді. Округ аумағының жалпы көлемі 32,0 мың гектар, оның 28,5 мың гектарын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер алып жатыр", - дейді әкім.

Ауыл әкімділігі су құбырының құрылысын аяқтау, кентішілік жолдарды жөндеу, жергілікті мәдениет үйінің екінші қабатын жөндеу сияқты бірқатар міндеттер қойып отыр.

"2015 жылы БҰҰ 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласы бағдарламасын қабылдады. Ол кедейлікті жоюға, ғаламшардың ресурстарын сақтауға және әл-ауқатты қамтамасыз етуге бағытталған 17 мақсаттан тұрады. Маған біздің республикамызда «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» атты сегізінші мақсат бойынша көшбасшысы болуға сенім артылды. Осы міндетті шешу үшін бизнеске тең мүмкіндіктер жасау қажет. Соның арқасында тұрғындар табыс деңгейіне немесе әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне қарамастан өнімді жұмыс таба алады", - дейді ол.

Айта кетерлігі, 2017 жылы Ирина Галлямова мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық байқаудың жеңімпазы атанған. Биылғы жылы ол Нұр-Сұлтандағы ауыл әйелдерінің екінші республикалық  форумына қатысады.

Өзгелердің жаңалығы