Павлодар облысында сауықтыру туризмі дамуда

21 Маусым 2021, 15:02
2491
Бөлісу:
Павлодар облысында сауықтыру туризмі дамуда
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында Баянауыл курортты зонасын дамытумен қатар, тұзды көлдерде де сауықтыру туризмі қолға алынған. 

Облыстық спорт, дене шынықтыру және туризм басқармасы мамандарының хабарлауынша, туризмнің бұл саласы Маралды және Тұзқала көлдерінің маңында дамымақ. 

Өткен жылы Шарбақты ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша «Көлбұлақ-Маралды» жолының орташа жөндеуі жүргізілді. Курорттық жолға апаратын 3,3 шақырымдық жол ретке келтірілді. Бюджеттен 110 млн теңге бөлінді. Маралды көлінің аумағын абаттандырып, туристерге қызмет көрсету мақсатында 2023 жылға дейінгі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 150 млн теңге бөлініп, сапалы демалыс үшін барлық жағдай жасалмақ. Қазір Маралды көлі тынығушыларды қабылдауға дайын. Ресми ашылуы бір аптадан кейін басталады, - дейді салалық басқарманың туризм бөлімінің басшысы Салтанат Нұрмағамбетова.

Павлодар облысында сауықтыру туризмі дамуда

Жазғы маусымда Тұзқала көлінің маңында үш демалыс зонасы жұмыс істейді. Бұл жердегі демалыс ошағы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол кезде сауықтыру туризмін дамытуға республикалық бюджеттен 13,6 млн теңге бағытталған. Су айдынына 2,6 шақырымдық электр желісі де тартылған.

Айта кетейік, былтырғы жылы Баянауыл ауданындағы Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдері абаттандырылды. 10 санитарлық-гигиеналық торап пен сегіз мобильді душ орны орнатылды. Ұлттық парктің аумағындағы қасиетті жерлерге апаратын жолдар реттеліп, ескерткіштердің маңы тазартылды. Мәселен, туристер көптеп баратын Әулие Бұлақтың қоршауы жаңартылып, Қоңыр Әулие үңгірінің маңы абаттандырылды. Сонымен қатар ақпараттық бағаналар орнатылды. 

Жалпы Баянауыл курорттық зонасын дамыту 10 бағыт бойынша 32 жобадан тұрады. Жалпы сомасы - 17,5 млрд теңге. Бүгінгі күнге дейін Торайғыр станциясымен Жасыбай көліне дейін жарық тартылды. Ұлттық паркте демалушыларға қызмет көрсететін орындар көбейін келеді. Осы күні олардың саны 114-ке жетті. Бас-аяғы 3000-нан астам бөлме бар. 

Өткен жылы пандемия салдарынан курорттық аумаққа небәрі 71 мың адам келген. Бұл салыстырмалы кезеңге қарағада 43,9%-ға аз.

Өзгелердің жаңалығы