Павлодар облысында қар біртіндеп еріп жатыр

6 Сәуір 2020, 16:45
1455
Бөлісу:
Павлодар облысында қар біртіндеп еріп жатыр
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде су басуы ықтимал аумақтарда жиналған қар біртіндеп еріп жатыр. Бұған қауіпті аумақтарды әуеден бақылаған мамандар көз жеткізді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар тобы алдымен қызыл су басуы мүмкін Ақтоғай ауданын бақылады.

Жыл сайын қауіп Шұға, Жалаулы және Шолақсор ауылдарына төнеді. Бұл елді мекендерге еріген қар суы кіруі ықтимал. Олар Селеті өзенінің жанында орналасқан. Селеті су қоймасынан су босатылған сәтте Шолақсор ауылын су басуы әбден мүмкін. Әуеден бақылау кезінде қар суының жиналуы көрінбеді. Қар біртіндеп еріп, жерге сіңіп жатыр. Сондай қорқыныш тудыратын қар қоры жоқ. Қырлы аумақтарда да қар көп емес, - дейді департамент мамандары.

Қазіргі уақытта су басуының алдын алу мақсатында су өткізгіш құбырлар қоқыстан тазаланып, қирағандары жөнделіп жатыр. Бұған қарамастан, ауылдарға су кірген жағдайда, суды арнасынан бұруға арналған су өткізу құралдары қарастырылған. Құбырлардың барлығы толық тазаланды. Ал Шолақсор ауылында су шаюы ықтимал екі шақырымдық жол учаскесінің деңгейі 1,5 метрге көтерілді.

Қауіп төнбесе де төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында инертті материалдардың 100 тоннасы, шлактың 100 тоннасы мен 5000 қапшық әзірленді. Қар суларын сору үшін 10 мотопомпа, 5 ассенизатор және 8 көшпелі сорғы станциясы дайын.

Айта кетейік, өңірде су басуы ықтимал 31 ауыл жіті бақылауға алынды.

Өзгелердің жаңалығы