Төтенше жағдай: Павлодар облысында 1000-ға жуық адам мәжбүрлі демалысқа кетті

7 Сәуір 2020, 16:46
2283
Бөлісу:
Төтенше жағдай: Павлодар облысында 1000-ға жуық адам мәжбүрлі демалысқа кетті
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде төтенше жағдай жарияланғалы бері 1000-ға жуық азамат мәжбүрлі демалысқа кетті. Олардың дені - шағын және орта бизнес нысандарының жұмыскерлері.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта көбінесе шағын және орта бизнес субъектілері зардап шегуде.

Облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел штабтың құрамында 18 мониторингтік топ бар.

Бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлік саласын қадағалайтын мониторингтік топтар облыстың қала-аудандарына түрлі мәселелер бойынша барып келді. Қазіргі кезде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай 100-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі уақытша жабылды. Бірінші кезекте ойын-сауық орталықтары, сауда орындары, қызмет көрсету нысандары, жаттығу залдары тоқтап тұр. Бұл шағын және орта бизнес субъектілерінің 1000-ға жуық қызметкері мәжбүрлі немесе жалақының сақталуынсыз демалысқа шықты, - дейді Сәкен Шаяхметов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, уақытша жұмыстан шығып қалғандар 42 500 теңгенің қолдауына ие болу мүмкіндігіне ие.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезеңінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары тоқтамайды. Атап айтқанда, "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қосымша 20,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының 1,4 млрд теңгесі - субсидиялауға, 700 млн теңгесі кепілдендіруге жұмсалмақ.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасында басымдық берілген. Жаңашыл жобалар іріктеліп жатыр. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 16,6 млрд теңге бөлініп, 82 жоба мақұлданды. Осы кезеңде тағы 20 млрд теңгенің 22 жобасы екінші деңгейлі банктердің қаралуында жатыр. Кәсіпкерлерге құжаттарды жинау, кеңес беру бағытындағы жұмыстар тоқтамайды, - деп сендірді Сәкен Шаяхметов. 

Оперативтік мәліметтерге сүйенсек, төтенше жағдай жарияланғалы бері облыс аумағындағы бірде бір кәсіпорын банкроттыққа ұшырамаған.

Өзгелердің жаңалығы