Павлодар облысында «Enbek Navigator» іске қосылды

8 Сәуір 2021, 00:32
1503
Бөлісу:
Павлодар облысында «Enbek Navigator» іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Онлайн-сервис жұмыскерлер мен жұмыс берушіге қызмет көрсетуге арналған сайт, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов мәлім етті.

Бізде жұмыскерлер өз сұрақтарына жауап ала алмайтынына шағымданатын. Жұмыс берушілерді тексеруге жарияланған мораторий әрі пандемия бұл порталдың іске қосылуын тездетті. Торайғыров университеті үлкен көмек көрсетті. Кез келген жұмыс беруші өзінде мәселе болмағанын қаламайды. Сайт арқылы олар өзінде қандай қателіктер бар екенін біле алады. Біз қателікті анықтамай тұрып түзеп, шағымның, айыппұлдың алдын алуға болады. Ал жұмыскерлер сайтты қолданса, заңгер жалдамайды, өзіне қатысты құқық бұзушылықтар бар ма екенін анықтай алады, – деді Асқар Қапанов.

Сайтқа кірушілер арнайы дайындалған тест жауап беру арқылы өз сұрағына жауап алады.

Сервис құрамында шағымдарды өз бетінше жазу, қайғылы оқиғаны рәсімдеу үшін нұсқама, бланкі үлгілері, кеңестер бар.

«Enbek Navigator»-дың көмегімен ұсынылған форманы толтырып, мемлекеттік еңбек басқармасына өтініш білдіруге болады. Өтінішке жауап 3 күнде беріледі.

Жиынға қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік инспекторы Төлеген Оспанқұлов мұндай сервис көрші Ресей елінде 10 жылдан бері қолданыста екенін атап өтті.

Бізде жұмыскерлердің еңбегіне қатысты жанжал саны жыл сайын азайып келеді. Жанжал деп қызметкерлер жұмысты 3 сағаттан астам уақыт бойы тоқтатып қойған жағдайды санаймыз. 2019 жылы бұндай 19 жанжал болса, 2020 жылы 4 жанжал орын алды. Шағымдардың көбі еңбекақының аздығы мен жалақы бойынша қарызға қатысты. Бұл сервис Ресейде қолданылуда. Ол шағымдардың азаюына әсер етті. Сондықтан Павлодар облысындағы сервис жұмысшыларға да, жұмыс берушіге де тиімді болар еді, – деді Төлеген Оспанқұлов.

Асқар Қапановтың айтуынша, «Enbek Navigator» – құжаттардың рәсімделуі мен мазмұнын мемлекеттік еңбек инспекторының көзқарасы бойынша қарауға мүмкіндік береді. Бұл ішкі және сыртқы бақылау деңгейін арттыру негізінде өндірісте жарақат алу, еңбеккерлерге жалақыны төлемеу деректерін азайтуға әкеледі.

Сонымен қатар, сайтта өндірістегі еңбек қауіпсіздігіне салғырт қарайтын, жалақыны уақытында бермейтін жауапсыз жұмыс берушілердің тізімі жарияланады.

«Enbek Navigator» онлайн-сервисі «Торайғыров университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамның мамандарымен бірлесе жасалды. Олар техникалық сүйемелдеу жүргізеді.

Сайттың қазақша нұсқасы жақын күндері шығады.

Айта кетейік, Павлодар облысында жыл басынан бері жұмыскерлерден 400-ден астам шағым түскен. Олардың 70 пайызы қанағаттандырылып, жұмыскерлердің құқығы қорғалды.

Өзгелердің жаңалығы