Павлодар облысында дарынды балалардың жетістіктері аталып өтті

12 Маусым 2021, 01:11
2241
Бөлісу:
Павлодар облысында дарынды балалардың жетістіктері аталып өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында дарынды балалардың жетістіктері аталып өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Оқушылардың жетістіктерімен қатар олардың ата-аналары мен мұғалімдерінің сіңірген еңбектері елеусіз қалдырылмады. Аяқталған оқу жылының қорытындысы бойынша өңір мектептерінің оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда 245 медаль жеңіп алған.

52 адамнан құралған Павлодар облысының мектеп олимпиадалық командасы «Достық үйіне» жиналды. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов балаларды құттықтап, олардың дарын-қабілеттерінің қазақстандық қоғамда әрдайым сұранысқа ие болатындығына сенім білдірді.

Біз ерекше заманда, қоғамдағы жаһандық өзгерістер жағдайында, ғылым мен техникадағы үлкен жаңалықтар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл сіздерден үнемі жаңа білім іздеп, жаңалықтарға ілесуді, табысты болып, кез келген өзгерістер мен қиындықтарға бейімделе білуді талап етеді. Сіздердің табандылықтарыңыз бен күш-жігерлеріңіздің республикамыздың күшейіп, гүлденуіне   түрткі болатынына сенімдімін, – деді Павлодар облысының әкімі.
Әбілқайыр Сқақов халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғыс хаттар мен 100 мың теңгелік сертификаттар табыстады. Басқосу барысында «Үздік олимпиадалық мектеп» байқауының қорытындылары да шығарылды. Жеңіс тұғырына дарынды балаларға арналған N8 лицейдің, дарынды балаларға арналған N3 Павлодар гимназиясының және мамандандырылған «Жас дарын» мектебінің үздік өкілдері көтерілді.

Салтанатты шарада ата-аналарға да құрмет көрсетілді. Олардың арасында ерлі-зайыпты Талғат Құсайынов пен Динара Құрманова болды.

Баланы тәрбиелеуде бәріне ортақ «рецепт» жоқ. Ең басты талап – баланы сүю. Мысалы, біз ешқашан балаларымызға ұрсып көрген жоқпыз, олардың бастамаларын әрқашан қолдаймыз. Өйткені жас шақта қызыққан нәрселер болашақта өмірлік маңызы бар іске айналуы мүмкін, – дейді Талғат Құсайынов.
Оқушылардың жетістіктерге жетуінің тағы бір факторы – ұстаздарының табанды еңбегі. Халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегері Антон Драганчук павлодарлық жас физиктер құрамасы өкілдерінің дарынды балаларға арналған N8 лицейдің мұғалімі Анатолий Билидасыз салтанат құруы мүмкін емес екенін атап өтті.

Қазақстанның ұлттық құрамасы жасақталғанда, еліміздің түкпір-түкпірінен ең үздік 20 физик жиналды. 20 бақылау тестінің нәтижесі бойынша 8 адам таңдап алынды. Биыл осы қатарда біздің лицейдің үш өкілі болды. Көпшілік біздің Назарбаев зияткерлік мектептері мен Республикалық физика-математика мектептері сияқты оқу орындарының оқушыларынан озғанымызға таңқалып жатыр. Біздің барлық жеңістеріміз – мұғаліміміздің арқасы, – деді Антон Драганчук.
Өткен оқу жылында Павлодар облысының мектеп оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадаларда және басқа да зияткерлік додаларда 245 медаль жеңіп алса, соның 37-сі халықаралық дәрежедегі жүлделер. Республикалық олимпиаданың қорытындылары бойынша облыс құрамасы II командалық орынды иеленіп, «Үздік олимпиадалық команда – 2021» сертификатымен марапатталды. Павлодар құрамасы 14 алтын, 14 күміс және 23 қола медаль жеңіп алды.
Өзгелердің жаңалығы