Павлодар облысында «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жобасы бастау алды

29 Наурыз 2019, 14:57
2072
Бөлісу:
Павлодар облысында «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жобасы бастау алды

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Өңірде Nur Otan партиясының «Халыққа көмек» жобасы аясында «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы басталды. Шара әлеуметтік әлжуаз санаттағы азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.

Партияның облыстағы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаеваның айтуынша, өңірде қиын жағдайға тап болған немесе көпбалалы отбасыларға көмек көрсету үшін жедел штаб құрылды. Сонымен қатар, көмекке зәру 756 отбасының әлеуметтік төлқұжаттары жасалды.

«Бұл жанұяларда 3254 бала тәрбиеленіп жатыр. Көмекті қажет ететін 756 отбасының 400-ге жуығы атаулы әлеуметтік жәрдемақы алады. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған 398 отбасыда мектеп жасындағы және мектепке дейінгі жастағы 1710 бала бар. Бүгінгі күнге дейін партияның қоғамдық қабылдауларына 600 отбасы келіп, мәселесін жеткізді. Олар жедел түрде шешілді», - дейді Жұлдыз Тәйкебаева.

Айта кетейік, облыста аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында 406,6 млн теңге бағыттау жоспарланған. Әкімдік өкілдері хабарлағандай, көпбалалы отбасылардың балалары мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне тегін барады. Сонымен қатар, 1435 көпбалалы отбасы жылына бір рет бірінші қажеттіліктері дәрі қораптары тегін беріліп, ол үшін 4,6 млн теңге бөлінді. Тағы бір жаңалық, көпбалалы отбасылар үшін жалпы сомасы 1 млрд 200 млн теңге болатын бес тұрғын үй салынады.

Өзгелердің жаңалығы