Павлодар облысында балаларды оңалту орталығы ашылды

4 Қаңтар 2019, 12:48
1953
Бөлісу:
Павлодар облысында балаларды оңалту орталығы ашылды

Астана, baq.kz. Ақсу қаласында бой көтерген әлеуметтік нысан Павлодар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Ортопрот» ЖШС фирмасы арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске қосылды, деп жазады Рavlodarnews.kz сайты.

«Жаңа жылдың басында қаламызда балаларды оңалту орталығының ашылуы аймақта ешбір мүгедек бала ескерусіз, қолдаусыз, қамқорлықсыз қалмайтындығын көрсетуде. Өңірімізде әлеуметтік қызмет көрсету сапасы жылдан-жылға жанданып келеді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік, педагогикалық, медициналық, психологиялық көмек көрсетілетін болады. Орталық әзірше 38 орынға арналған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады», - деді Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев.

Оңалту орталығының директоры Айгүл Хамееваның айтуынша, мекемеде психоневрологиялық ауытқулары бар бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар тегін кешенді ем ала алады. Ақсу қаласы мен қалаға қарасты ауылдық аймақтардың балалары да қамтылады. Жарымжан балаларға жартылай стационар жағдайында әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

Жоғары білікті мамандар - невропатолог, педиатр, ортопед-травматолог, логопед, дефектолог, физиотерапевт, психолог және тағы басқа дәрігерлер қызмет көрсететін болады.

Бұдан бөлек, қажет болған жағдайда басқа аймақтардан және көршілес елдерден білікті мамандар шақырылады.

Физиоемдеу, гидромассаж және иппотерапия әдісімен емдеу қарастырылған.

Орталық дәрігерлермен толық қамтылған. Алдағы уақытта әлі де заманауи құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы