Павлодар облысында ауыл дәнекерлеушісі бизнесін кеңейтті

12 Маусым 2021, 19:23
2034
Бөлісу:
Павлодар облысында ауыл дәнекерлеушісі бизнесін кеңейтті
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысы Ертіс ауданының тұрғыны «Бизнес Ертіс» бағдарламасының арқасында шағын бизнесін кеңейтті. Қарапайым дәнекерлеуші енді қызуы ұзақ қазандықтар мен пештерді жасаумен айналысады.

Владимир Мокин - 20 жылдық тәжірибесі бар дәнекерлеуші. Жерлестері оны құрметтеп, «ауылдағы алғашқы дәнекерлеуші» деп атап кеткен. Осы уақыт аралығында көліктерді сырлау мен автобөлшектерді дәнекерлеумен айналсқан. Соңғы уақытта жекеменшік және өнеркәсіпті қолданыстағы жануы ұзақ қазандықтарды жасау мен жөндеумен айналысуда. Жеке ісін дөңгелету үшін «Бизнес Ертіс» бағдарламасы бойынша 10 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін алған.

Павлодар облысында ауыл дәнекерлеушісі бизнесін кеңейтті

Пештер мен қазандықтарға деген сұраныс жоғары. Халық сатып алып жатыр, себебі, ұзақ жанатын құралдардың арқасында көмір мен отын үнемделеді. Бұл - ауыл халқы үшін аса тиімді. Мәселен, бір қазандық екі тәулік бойы жанады. Бұл аралықта үйіміз үшін алаңдамаймыз. Бұған дейін тәулігіне көмірдің 320 келісін жақсақ, қазір бұл көлем үш күнге жетеді, - дейді Владимир Мокин.

Шағын кәсіпорын бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Бизнесмен бір жыл ішінде 100-ге жуық қазандық жасап, саудалаған. Бір қызығы, кәсіпкер жылыту пештерінің техникалық сипаттамаларын көмір сұрыптарына орай өзгерте алады.

Облыста шығарылатын Сарыкөл, Екібастұз және Майкөбе кен орындарының көмірлері әр түрлі. Олардың құрамында шайыр көп. Шайыр жиналып, қазандықты бітеп тастауы мүмкін. Мәселені шешу үшін түтін шығатын бөлігін өзгертіп, қыздыру жүйесін өзгерттік, - дейді дәнекерлеуші.

Бүгінде кәсіпкер көрші аудандар мен ауылдарды сапалы пештермен қамтып отыр. Қазандық жасайтын құрал-жабдықтар Қытай елінен әкелінген.


Өзгелердің жаңалығы