Павлодар облысында 543 учаске сайлауға дайын

7 Маусым 2019, 12:24
1368
Бөлісу:
Павлодар облысында 543 учаске сайлауға дайын

 

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі 543 учаске сайлау науқанын өткізуге 100% дайын. Бүгінгі күні әзірлік жұмыстары толық аяқталды. 

Облыс аумағындағы сайлау учаскелерінің 23-і «жабық» сипатта, яғни, түзету мекемелері, әскери бөлімдер сияқты мекемелерде орналасқан. Өңірдегі сайлау комиссиясы өкілдерінің хабарлауынша, осы тектес учаскеде дауыс беру кез келген уақытта аяқталуы мүмкін.   

«Бүгінгі күні облыстық сайлау комиссиясы кандидаттардың 1412 сенімді тұлғасын тіркеді. Атқарушы органдар сайлау комиссияларымен бірлесіп сайлау алдындағы үгіт-насихат материалдарын орналастыру және сайлаушылармен кездесу орындарын анықтады. Жергілікті комиссия аумақтық сайлау комиссияларына дауыс беруге құқық беретін 5515 куәлік дайындап, тапсырды», - дейді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Аманжолова.   

Айта кетейік, науқанға дайындық барысында дауыс берушілердің ыңғайлылығы үшін облыстың 3 қаласы мен 10 ауданында 13 Call-орталық ашылды. Кез келген тұрғын хабарласып, қай учаскеге жататынын біле алды. Сонымен қатар, сайлаушылар өз учаскесінің мекенжайын жергілікті ақарушы органдардың ресми Интернет-ресурстары арқылы анықтай алады.   

Аймақтағы сайлау комиссиясы өкілдері тұрғындарға дауыс беру шарасына жауапкершілікпен қарауды ұсынды. Сайлауға қатысу турасындағы ережелерге де тоқталды. 

«Учаскедегі кабинаға 2 адамға кіруге болмайды. Кішкентай балалары бар тұрғындар кіре алады. Сонымен қатар, павлодарлықтарға ашық бюллетеньмен фотоға түсуге, яғни селфи жасамауға кеңес береміз», - дейді мамандар.  
         

 

Өзгелердің жаңалығы