Павлодар облысында 360 автономды қазандық орнатылмақ

14 Қараша 2019, 13:49
2699
Бөлісу:
Павлодар облысында 360 автономды қазандық орнатылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында екі келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, бұл – 2019 жылғы ең ірі жобалардың бірі.
Бірінші жоба - облыс бойынша автономды қазандықтарды жаңғырту, басқару және пайдалану. Құны - 7 234,0 млн теңге. Әлеуетті жеке серіктес – "Сапро-НАТ" ЖШС. Жоба аясында 10 аудан мен үш қалада 360 автономды қазандық орнату  көзделуде. Облыстың әрбір қаласы мен ауданына қызмет көрсету үшін 13 өңірлік бөлімше құру жоспарда бар, - деді Мақсат Тұрлыбаев.
Ведомство ұсынған мәліметке сүйенсек, жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған қазандықтар жылытылатын үй-жайда тұрақты температураны ұстап тұратын, қуаттылығы 110-нан 800 кВт дейінгі ұзақ жанатын қатты отынды қазандықтарға ауыстырылмақ. Бұл қазандықтар жоғарыдан төменге қарай жану қағидаты бойынша автоматты басқарылады. Жоба  мемлекеттік-жеке меншік серіктестік келісімшартын әзірлеу кезеңінде. Екінші жоба - Павлодар қаласында жабық жеңіл атлетика манежін салу және пайдалану. Жобаның құны - 5 969,5 млн теңге. Әлеуетті жеке серіктес – "Құрылыс ТЭД" ЖШС. Спорттық нысан МЖС жобасы бойынша кейін сенімді басқаруға беріледі.
Осы жобаға қатысты жеке серіктесті анықтау бойынша қайталама конкурс өткізілгені белгілі.   Ендігі уақытта конкурстық рәсімдердің қорытындысы шығарылады, - дейді Мақсат Тұрлыбаев.

Өзгелердің жаңалығы