Бас жаңалықтар
Павлодарда өкпе обырын ерте анықтаудың пилоттық жобасы іске қосылды
03 Мамыр 2019, 09:25 422

Павлодарда өкпе обырын ерте анықтаудың пилоттық жобасы іске қосылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде Ресей, Белорусь, Латвия елдері және отандық онкологтардың қатысуымен өкпе обырын диагностикалау, емдеу мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті.

Қазақстанда жыл сайын 35 мынан астам азамат обыр дерттеріне шалдығады. Көрсеткіштер бойынша Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары және Павлодар облысы көш бастап тұр. Жыл сайын 15 мыңнан астам азамат көз жұмады. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта қатерлі ісікте ерте диагностикалау мен анықтаудың нәтижесінде өлім-жітім азайып келеді.

Респубикалық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, қатерлі ісіктің бірінші деңгейі оқиғалардың 26%-ында ғана анықталады. Өкінішке қарай, адамдардың дәрігерге кеш қаралуы мен тегін скринингтерден бас тартуы салдарынан ауру асқынып кетеді. Айта кетейік, елімізде обырдың үш түрі бойынша скрининг тегін жүргізіледі.

«Ерлер арасында өкпе обыры, ал әйелдер арасында сүт бездерінің ісігі бірінші орында. Бұл бағытта мамандарды оқыту бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Сонымен қатар, өкпедегі ісікті анықтау бойынша төмен дозалы компьютерлік томография әдісі қолданылып келеді. Скринигтік тексерулер бойынша алғашқы пилоттық жоба Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асты. Кезек Павлодар облысына келді. Ертіс өңірінде телемедицинаның көмегімен өкпе тексеріліп, нәтижелері алматылық мамандарға беріледі. Бүгінгі күнге дейін 100 зерттеу жүргізіліп, төрт обыр анықталды. Қуантарлығы, алғашқы кезеңде анықталған аурулар 100% емделеді», - дейді Диляра Қайдарова.

Минскідегі Александров атындағы онкология ғылыми-зерттеу институты торакалды онкология бөлімінің меңгерушісі Александ Подобедтің айтуынша, өкпедегі ісікті ұзындығы 3 мм болатын тілік арқылы жоюға болады.

«Ауру өршіп кетсе, күрделі әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Бүгінде нейрохирургия және кардиохирургиялық операциялардың кей тәсілдерін қолданамыз. Бұл сырқатпен күресудің жалғыз жолы – хирургиялық араласу. Эндоскопиялық әдістерді қолданудың арқасында сырқаттар тез оалып кетеді», - дейді Александ Подобед.

Еске салсақ, елімізде окнологиялық аурулармен күресудің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны жүзеге асыруға респубилкалық бюджеттен 35 млрд теңге бөлінді. Бірінші кезекте дертті ерте диагностикалау, алдын алу мәселелеріне басымдық беріледі. Ал мамандар тапшылығын жою мақсатында отандық медициналық жоғары оқу орындары 102 маманды даярлайды.


Фото: автордан
Загрузка...