Павлодар облысында 8 мың гектардан астам дала өрті тіркелген

13 Мамыр 2020, 23:49
1604
Бөлісу:
Павлодар облысында 8 мың гектардан астам дала өрті тіркелген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде өрт қауіптілігі жоғары кезеңде 39 орман өрті тіркелді. Бұл туралы онлайн баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов мәлім етті. 

Өрт қауіптілігі жоғары кезеңнің басынан бері өңірде 456 дала өрті тіркелді, - деді Ернұр Өтегенов. – 8125 гектар аумақ жанды. Мұнда тек далалық аумақтар, құрғақ шөптер жанған. Сондықтан зардап шегушілер жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда дала өрті 20 пайызға азайды. Сондай-ақ мемлекеттік орман қоры аумағында 39 өрт шықты. 1388 гектар орман аумағы жанды. 

Биыл орман өрті 14 пайызға артып, 1 млн теңгеден астам материалдық шығын келген. Сонымен қатар, Ернұр Өтегенов саяжайларда 39 өрт шыққанын атап өтті. 

Төтенше жағдайлардың алынуына байланысты саяжайларына барып жатқан адамдар саны артты, - деді департамент басшысы. – Көбі қоқыстарын өртеуде. Сол кезде адамдар абайсыз әрекет жасайды. Басым бөлігі қоқыстарын өртеп, сөндірген болып түнде қалдырып кетеді. Таң атқанша от қайта жалындап, аумақтарға жайыла бастайды. Сондықтан қоқысты арнайы ыдыстарда өртеген жөн. 

Айта кетейік, далалық және саяжайларда орын алған өртке қатысты 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 адамға айыппұл салынды.

Өзгелердің жаңалығы