Абайдың шынайы суреті көрмеге қойылды

10 Қазан 2019, 05:39
2450
Бөлісу:
Абайдың шынайы суреті көрмеге қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Абайдың шынайы суреті көрмеге қойылды. Павлодарға «Арт заман» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының өнер музейіндегі туындылары әкелінді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

ШҚО өнер музейінің директоры Бегайым Ұябаеваның айтуынша, қалаға 31 сурет жеткізілді.

"Бұл "Рухани жаңғыру" бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Арт заман» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шара. Павлодарға Әбілхан Қастеев, Евгений Сидоркин, Гульфайруз Исмаилова, Әлібек Шоқанов, Марат Исмаилов сынды суретшілердің туындылары әкелінді. Барлығы - 31 жұмыс", - дейді Бегайым Ұябаева. 

Павлодарлық суретші Галина Беспалова көрмені Шығыс Қазақстан облысының қала тұрғындарына жасаған сыйы деп қабылдады.

"Мұнда қойылған суреттерден кескіндеме өнерінің қалыптасу тарихын білуге болады. Әрбір туындының өз бағыты мен ерекшелігі бар. Көрменің тағы бір ерекшелігі – мұндағы суреттерден қазақтың ұлттық болмысы мен тыныс-тіршілігімен танысуға болады", - дейді Галина Беспалова.

Экскурсия жүргізушісі Лариса Мартынова көрменің салтанатты ашылуына келген мектеп оқушыларына көрмеге қойылған семейлік шебер Нұрбұлан Өтепбаевтың "Абайдың портреті" суретінің тарихын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл сурет көпшілік мамандардың пікірінше, Абайдың ең шынайы портреті болып есептеледі.

Павлодарда «Арт заман» жобасы аясындағы көрме 6 қарашаға дейін жалғасады. Әрі қарай Шығыс Қазақстан өнерпаздарының туындылары Қарағанды мен Талдықорғанға бет алады.




Өзгелердің жаңалығы