Бас жаңалықтар
Павлодарда бірнеше мектеп салынады
19 Ақпан 2020, 19:39 145

Павлодарда бірнеше мектеп салынады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде халық тығыз орналасқан шағын аудандарда мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешілмек.

Қазіргі уақытта облыс орталығындағы Затон шағын ауданында 350 оқушыға арналған мектеп салынуда. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың соңында басталған. Мамандардың айтуынша, құрылыс 14 айдың ішінде аяқталуы тиіс. Дегенмен, ердігер ұйым ғимаратты жаңа оқу жылы қарсаңында қолданысқа беруге ниетті.

Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Сәкен Төлегеновтың мәліметінше, 350 орындық мектеп үш қабаттан тұрады.

Бүгінде үш корпустың бірінші қабатының құрылысы аяқталып қалды. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жоба құны 1 млрд 158 млн теңгені құрайды. Бұл осы шағын аудандағы орын тапшылығы мәселесін шешеді, - дейді маман.

Облыстық білім беру басқармасы мамандарының хабарлауынша, бүгінде Затон шағын ауданында балабақша ғимаратында орналасқан №13 орта мектеп жұмыс істейді. Типтік ғимараттың жобалық қуаттылығы - 180 орын. Бірақ, факті бойынша мекемеде 611 бала оқиды.

Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралиннің айтуынша, облыс орталығында орын тапшылығы мәселесі бар. Бала аз оқитын мектептер де бар.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс орталығындағы 42 мектепте оқитын балалардың саны 39 мыңды құраса, бүгінде 45 мыңға жетті. Сондықтан, кей шағыр аудандардағы білім беру ошақтарында орын тапшылығы байқалды. Бүгінде Павлодарда 10 ірі мектепте орын тапшы. Ал 9 мектепте бала саны аз. Бұл - уақытша құбылыс. Арнайы жоспар бойынша проблеманың түйіні тарқатылады, - дейді Қуаныш Қыдыралин.  

Алдағы уақытта "Сарыарқа" шағынауданында 650 орындық мектеп бой көтермек. Жобалық құны - 1 млрд 455 млн теңге.


Фото: автордан
Загрузка...