Павлодарлық студенттер ҚХА-ның аға буын өкілдерімен кездесті

1 Мамыр 2019, 09:05
2041
Бөлісу:
Павлодарлық студенттер ҚХА-ның аға буын өкілдерімен кездесті
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің студенттері Қазақстан халқы Ассамблеясының аға буын өкілдерімен жүздесіп, техникасы мен технологиясы дамыған заманда ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқылады.

200-ден астам студент облыс орталығындағы «Достық» концерттік залына жиналып, аға буын өкілдерімен емен-жаррқын әңгіме өрбітті. «Ұлттық бірлік - тәуелсіз Қазақстан іргетасы» тақырыбына арналған кездесу «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында ұйымдастырылды.

«Аға буын өкілдерінен тәрбие алып, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу - біздің басты мақсатымыз және ата-бабадан қалған құндылық. 2019 жыл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Сондықтан, әр жас қоғамдық өмірге белсене атсалысу керек», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаев.

Айта кетейік, шараға жиналғандардың қатарында кеше Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 27 сессиясына қатысқан делегаттар болды. Олар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен шарадан алған әсерлерімен бөлісті.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. ҚХА жанындағы 28 этномәдени бірлестік өзге ұлт өкілдеріне туған тілдері, салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын дамытуға зор мүмкіндіктерді туғызуда. Бірлестік белсенділерінің арқасында жүзі басқа, тілегі бір ұлттар көненің көзіне айналған дәстүрлерін жаңғыртып, келер ұрпаққа мирас етуде.

Өзгелердің жаңалығы