Павлодар ауруханаларына кәсіпкерлер алып берген жабдықтар жеткізілді

1 Тамыз 2020, 09:44
1185
Бөлісу:
Павлодар ауруханаларына кәсіпкерлер алып берген жабдықтар жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Өңірдегі медициналық мекемелерге барлығы 214 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, 26 наурызда облыста "Жаңа Павлодар" қоғамдық қоры құрылды. Ол коронавирусқа қарсы шараларды қаржылай қолдау үшін ашылған.

7 шілдеде Ertis телеарнасының эфирінде облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов аймақтық COVID-19-ға қарсы күрес қорына 122 миллион теңге түскенін, бірақ демеушілік қаражаттан бір де бір теңге жұмсалмағанын айтты.

Pavlodarnews.kz хабарлағандай, 31 шілдеде қордың облыстағы бірнеше ауруханаларға қаражат бөлгені белгілі болды. Денсаулық сақтау басқармасында медициналық ұйымдардың қандай көмек алғанын айтты.

Қор бөлген қаражаттың көмегімен туберкулезге қарсы балалар санаторийінде, Екібастұз қалалық ауруханасында, Павлодардағы №1 қалалық ауруханасында және Баянауыл аудандық ауруханасында орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесін қамтамасыз ету үшін құрал-жабдықтар орнатып, шығын материалдарын сатып алдық. Жалпы сомасы 100 миллион теңге болды. Қаражатты облыстың меценаттары мен кәсіпкерлері берді, - деді басқармада.

10 млн 760 мың 925 теңге Екібастұз қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесі қарамағындағы жедел жәрдем станциясын қайта құрып, қайта жарақтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бөлінді.

Тағы 103 млн 125 мың теңге 300 оттегі концентраттарын сатып алуға жұмсалды. Жұма күні Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында аппараттар түсірілді. Жабдықтар облыстың қалалары мен аудандарындағы 15 медициналық мекемеге үлестірілді.

Басқармада қорда қамқоршылар кеңесі құрылғанын атап өтті. Оның құрамына жиналған қаражатты қайда жіберуді шешетін сегіз депутат кіреді.
Өзгелердің жаңалығы