Павлодарлық ардагерлер пәтерлі болды

8 Мамыр 2019, 08:35
2299
Бөлісу:
Павлодарлық ардагерлер пәтерлі болды


Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ертіс өңірінің ардагерлеріне пәтер кілттері табысталды.

Баспаналы болған майдангерлердің қатарында 95 жастағы Әкімбек Әбдірайымов, 93 жастағы Құдайберген Қапсалямов және 92 жастағы Вячеслав Чернышев бар. «Сарыарқа» шағын ауданында орналасқан үйдің кілттерін облыс әкімі Болат Бақауов табыстап, қарт майдангерлердің қуанышымен бөлісті.

Бүгінде Ертіс өңірінде 70-тен астам Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады.

«Қазіргі таңда тұрғын үймен қамтылмаған бірде-бір ардагер жоқ. Біз алдымен қариялардың тұрмыс-тіршілігімен танысып шықтық. Нәтижесінде пәтерсіз жүрген ардагерлердің барын анықтадық. Біз оларға баспана беруді ұйғардық. Бүгін қазыналы қарияларымызға келіп, қуаныштарына ортақтастым. Олар Жеңіс күніне орайластырылатын шеруге қатысқысы келеді. Олардың ең жасы - 92-93 жастағы ақсақалдар», - дейді Болат Бақауов.

Баспанаға ие болғандардың қатарында ақсулық Құдайберген Қапсалямов та бар. Ардагер 17 жастағы бозбала кезінде сұрапыл соғыс майданына аттанып, 34-ші жеке танкілерді жою дивиясы нысанашының көмекшісі болған.

Құдайберген Қапсалямов кеңес әскері құрамында фашистік Германиямен кескілескен ұрыстарда екі рет жарақат алған. Соғыс жылдары Варшава, Лодзь, Кутно сияқты ірі қалаларды азат етуге атсалысқан. Жауынгерлік ерлігі үшін Үшінші дәрежелі Даңқ ордені, Құрмет белгісі орденімен және көптеген медальмен марапатталды.

Айта кетейік, өңірдегі Ұлы Отан соғысының ардагерлерге мерекеге орай 500 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.

Өзгелердің жаңалығы