Бас жаңалықтар
Павлодар әкімі ай сайын кәсіпкерлер сауалына жауап береді
06 Ақпан 2019, 18:01 761

Павлодар әкімі ай сайын кәсіпкерлер сауалына жауап береді

Павлодар, BAQ.KZ. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев Кривенко көшесі, 25 мекенжайында орналасқан Open Pavlodar фронт-офисінде «Кәсіпкерлердің сағатына» қатысты. Бұл туралы pavlodarnews.kz порталы хабарлады.

Шаһар әкімі бір сағат ішінде фронт-офисте жиналған бизнесмендердің сауалдарына жауап берді. Кейбіреулері өз мәселесінің шешілуін үш жыл бойы күткен. Солардың бірі «СП Қайрат-Бао-Лонг» ЖШС құрылтайшысы Қонақбай Ахметов. 

"Қытаймен бірлесіп ашылған компаниямыз ауыл шаруашылығы техникасын құрастырумен айналысады. Өкінішке орай, кәсіпорын өнім шығармайды. Неге десеңіздер, біз бірнеше жыл бойы жер учаскесін ала алмай отырмыз. Бұл мәселенің үш жыл бойы шешілмей тұрғанын түсіне алмай жүрміз" -  дейді Қонақбай Ахметов.

Қонақбай Ахметовтің айтуынша, қытайлық инвесторлар бұл мәселе шешілген жағдайда жобаны жүзеге асыруға 10 миллион еуро қаражат салуға даяр. Кәсіпкер фронт-офисте өткен жиында осы сұрақты шешу мақсатында Әнуар Күмпекеевтен көмек сұрады. Қала басшысы жер бөлінгеннен кейін оны кәсіпорынға бір жылға сенімді басқаруға береміз деп шешті. 

Әнуар Күмпекеев кәсіпкерлермен қауышып, мәселелерін тыңдауға арналған осындай кездесулердің дәстүрге айналатынын жеткізді. 

"Мұндай кездесулердің кестесіі әзірге нақтыланбағанымен, бір айда бір рет кездесуге уәде береміз. Бұл жерде бірінші басшыларға тікелей сұрақ қоюға жақсы мүмкіндік беріледі" - дейді Әнуар Күмпекеев

Осы жайт кәсіпкерлер мәселелерінің шешілетініне жақсы кепіл бола алады. Қала басшысының сөзіне қарағанда, «Кәсіпкерлердің сағаты» барысында бірден екі мәселе шешімін тапты. Жалпы, алғанда сауалдардың басым бөлігі тұрғын үй, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, бизнесті дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелеріне қатысты болды. 

Павлодар әкімінен бөлек, аталмыш іс-шараға мемлекеттік мекемелер, коммуналдық шаруашылық, бизнесті қолдау институттары мен өзге де ұйымдардың басшылары қатысты.

Сізден жаңалық