Павлодарға Новосібірден дәрігерлер делегациясы келді

30 Шілде 2020, 05:17
1193
Бөлісу:
Павлодарға Новосібірден дәрігерлер делегациясы келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының инфекциялық және провизорлық стационарларына барады, сондай-ақ вирусологиялық зертхананың жұмысымен танысады. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Новосібір облысынан келіп жеткен делегация құрамында инфекционистер, пульмонологтар, терапевтер мен реаниматологтар бар. Барлығы 8 дәрігер. Олардың сапарының басты мақсаты – коронавирус инфекциясымен күресуде тәжірибе алмасу және аурудың мүмкін болатын жаңа толқынына дайындық бойынша ұсыныстар беру.

Ресейлік дәрігерлер Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Новосібір облысының губернаторы Андрей Травниковтың келісімі бойынша келіп отыр.

Мен өзімнің әріптесіме осындай дәрігерлер тобының Павлодарға келуіне қолдау көрсеткені және көмектескені үшін ризамын. Бізге сырттан сыни кәсіби көзқарас маңызды. Новосібір медицина қызметкерлері әрдайым мықты мамандар болып саналған және сіздердің сапарларыңыз павлодарлық әріптестермен өзара пайдалы және тиімді тәжірибе алмасуға ықпал етеді деп сенемін, – деді дәрігерлер делегациясын қабылдаған Әбілқайыр Сқақов.

Новосібірден келген дәрігерлер пандемия жағдайында өздері қабылдаған бірқатар шара туралы айтты. Жүрек-қан тамырлары патологиясы бар COVID-19 жұқтырған науқастарға кардиодиспансер, коронавирус расталған босанатын әйелдерге акушерлік көмек көрсету үшін перзентхана бөлінген екен. Ал балалар үшін жеке аурухана ұйымдастырылған. Көп салалы ауруханалар аурудың әр түрлі ауырлығы бар басқа пациенттер үшін госпиталь ретінде жұмыс істейді.

Біз амбулаторлық буынның жұмысын мұқият құрдық. Төсек-орын қорының жетіспеушілігін ескере отырып, симптомсыз және үйде қалуы мүмкін аурудың жеңіл түрімен ауыратын науқастарды біз ауруханаға жатқызбаймыз. Оларды учаскелік дәрігерлер мен олардың көмекшілері арнайы мобильді қосымша арқылы бақылап отырады. Бізде күндізгі стационарлар жоқ, – деді Новосібір облысының бас инфекционисті Лариса Позднякова.

Павлодарда ресейлік дәрігерлер делегациясы Сұлтанов атындағы облыстық аурухана жанындағы жұқпалы аурулар ауруханасына, өңірлік кардиологиялық орталыққа, №1 қалалық аурухананың перзентханасының хирургиялық корпусына, №3 қалалық аурухананың провизорлық стационарына және №4 емханаға барады. Новосібір эпидемиологтары вирусологиялық зертхананың жұмысымен де танысады. Дәрігерлер сондай-ақ Екібастұз және Ақсу провизорлық стационарларына барады.

Біз өте жемісті жұмыс істеуге ниеттіміз. Біздің павлодарлық әріптестерімізбен клиникалық-емдеу жұмыстарын талқылау, кейбір науқастарды қарау, өңірлеріңіздегі аурудың ауыр жағдайлары бойынша консилиум өткізу жоспарда бар, – деп атап өтті Лариса Позднякова.


Өзгелердің жаңалығы