Павлодарға Белорусь елінен жаңа трамвайлардың алғашқы легі келді

29 Сәуір 2019, 15:22
2642
Бөлісу:
Павлодарға Белорусь елінен жаңа трамвайлардың алғашқы легі келді
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде трамвай шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары негізінде рельсті көліктер паркі жаңа вагондармен толығуда.

Жуырда Белорусь еліндегі «Беллкоммунмаш» фирмасы келісім негізінде тағы төрт трамвайды облыс орталығына жеткізді. «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ төрағасының орынбасары Виталий Сириктің хабарлауынша, шетелдік әріптестермен жасалған келісімшарт негізінде 23 трамвайды әкеліп, іске қосу жоспарланған. Алдағы уақытта тағы тоғыз вагон тасымалданады деп күтілуде.

«Трамвай басқармасын модернизациялау жобасы аясындағы жұмыстар жалғасын табуда. Биылғы жылдың көктемінде кешенді істің екінші кезеңі іске қосылды. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында тағы тоғыз вагонды күтіп аламыз. Көліктер Минскідегі зауытта құрастырылып жатыр. Маусым айында - екі, шілдеде - екі, тамыз айында - үш, сонымен қатар қыркүйек айында тағы екі вагон әкелінбек. Осылайша, екіжақты келісімнің міндеттері толық орындалады», - дейді Виталий Сирик.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Еуропалық қайта құру және даму банкі жергілікті трамвай басқармасына шамамен 2,7 млрд. теңгенің несиесін берген. Қомақты соманың 742 млн теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланды.

Еске салсақ, бүгінде облыс орталығының 50 мыңнан астам тұрғын күнде осы көлікпен жүреді. Трамвай желісі 1965 жылдан бері жұмыс істейді және елімізде әлі күнге дейін қолданыстағы трамвай шаруашылықтарының бірі. Күнбе күн жолға шығатын 100-ге жуық вагон халықты 9 бағыт бойынша тасымалдайды. Жаңғырту бағдарламасы аясында трамвай жолдары Павлодарға қарасты Кенжекөл ауылы, «Достық» шағын ауданы мен Әуеқалашыққа дейін ұзартылмақ.
 
Өзгелердің жаңалығы