Патрульдік полицейлер көліктеріне жемқорлыққа қарсы стикерлер жапсырды

12 Қазан 2019, 17:12
2017
Бөлісу:
Патрульдік полицейлер көліктеріне жемқорлыққа қарсы стикерлер жапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында патрульдік полицейлердің автокөліктері сыбайлас жемқорлыққа қарсы стикерлермен белгіленді.

"Пара берме!" республикалық акциясы аясында Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Ақтөбе – адалдық алаңы" жобалық кеңсесімен және полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шара өткізді.

Ұйымдастырушылар аталған акцияны полицейлерден бастауды жөн көрді. Өйткені ауқымды функциялар мен өкілеттіліктері бар патрульдік қызмет инспекторларының күнделікті өмірде азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасау барысында пара немесе заңсыз материалдық сыйақы алу түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері пайда болады.

Саптағы патрульдік автокөліктердің алдыңғы әйнектеріне «азаматтарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жадынамалар» деп орналастырылды.

"Біздің мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қоғамда парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған. Жазалау – бұл шекті механизм. Сыбайлас жемқорлық тек қана пара алушылардан құралмайды, сондықтан, бүгін «Пара берме!» акциясын өткізіп отырмыз. Пара беру – жазаланады, қылмыстық не әкімшілік тұрғыда да. Қай салада болмасын, пара мен заңсыз материалдық сыйақы беру тәжірибесін тоқтату қажет. Азаматтарымызды пара бермеуге шақырамыз", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов.

Естеріңізге сала кетсек, Қылмыстық кодекспен пара бергені үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру немесе параның 50 еселенген сомасына дейінгі мөлшерде айыппұл салу көзделген.

"Егер пара сомасы 2 АЕК-тен аспаса, онда әкімшілік жауапкершілік туындайды. Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекспен 200 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған", - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы.

Өзгелердің жаңалығы