Әбдіқалықова 11 көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстады

11 Сәуір 2019, 10:00
2755
Бөлісу:
Әбдіқалықова 11 көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстады
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Шымкентке келді. Олар жұмыс сапарының бірінші күні қала тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында вице-премьер көпбалалы отбасына пәтер кілтін тапсырды. Бұл пәтерлердің барлығы да мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған.

Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобының өңірлерге сапары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік іс-шараларын түсіндіруге арналған. Бұған дейін 8 облыста болған жұмыс тобы 10-11 сәуірде Шымкентті аралап жүр.

Әбдіқалықова 11 көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстады

«Әлеуметтік салада әртүрлі реформалар болды. Кезең-кезеңімен жүзеге асты. Денсаулық, білім, әлеуметтік төлем, жұмыспен қамту саласында түрлі реформалар жүзеге асырылып, нарықтық экономикаға сай келетін жүйе толығымен құрылды. Бұл жүйе әрі қарай дами береді. Соған байланысты Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасы жаңа әлеуметтік іс-шараларды ұсынып отыр. Біз қазір үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Оның біріншісі, жағдайы төмен отбасыларды қолдау, төмен айлық алатын бюджеттік қызметкерлердің айлық табысын көтеруге бағытталған. Бұл үшін әлеуметтік көмектердің методикасы өзгеріп жатыр. Екіншіден, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Сондай-ақ баспанамен қамтамасыз ету. Бұл үшін де көп шешім қабылданды. Осы жылдың мамыр айынан жалдамалы пәтерлер беріледі. Бұл бағдарлама ұзақмерзімді, яғни үш жылдық, бес жылдық, он жылдық мерзімге жасалған. Үшіншіден, өңірдің дамуына арналады. Ауызсумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді көркейту және тағы басқа іс-шаралар жүзеге асырылады», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Әбдіқалықова 11 көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстады

Жұмыс тобының мақсатын қысқа түсіндірген вице-премьер Шымкент тұрғындарын республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуымен де құттықтады.

«20 жыл бұрын Шымкентке келгенімде жарық та жоқ еді. Бар жарықты сағатпен беретін. Мүгедектер үйіне барғанымда, ондағы науқастар бүрісіп, көрпені қымтап жамылып, не жылу, не жарық жоқ бөлмеде тұрып жатты. Медициналық қызметкерлер аулада от жағып, тамақ пісірді. Ал қазір Шымкентте көптеген оң өзгеріс байқалады. Шымкенттің ендігі дамуына аса көңіл бөлінеді», - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Әбдіқалықова 11 көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстады

Жиын барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентте 4524 пәтерлі 81 үйдің құрылысы жүріп жатқанын баяндады.

«Соның ішінде 828 пәтерден тұратын 14 жалдамалы үйді биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осы мамыр айында 540 пәтерлі 10 тұрғын үй иесін табады. Сол пәтерлердің 177-і көпбалалы отбасыларға беріледі. Биыл барлығы 1368 әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы және жас отбасылар баспаналы болады. Оларға арнайы 342 пәтер бөлінген. Бүгін сіздің келу құрметіңізге мамырда баспаналы болатын 177 көпбалалы отбасының 11-іне қазір пәтер кілтін табыс етсеңіз, - деді қала әкімі.

Әбдіқалықова 11 көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстады

Осылайша, шымкенттік 11 көпбалалы отбасы Гүлшара Әбдіқалықовадан мамырда берілетін арендалық пәтерлердің кілтін алды.

Кездесуге 500-ден астам адам, яғни көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бюджеттік ұйым қызметкерлері қатысты. Халықпен кездескен жұмыс тобының құрамында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі - Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі - Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау вице-министрі - Ләззат Ақтаева, Құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы - Мархабат Жайымбетов те бар.

 


Өзгелердің жаңалығы