Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрылды

15 Ақпан 2019, 18:11
2295
Бөлісу:
Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрылды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Кеңес аясында жұмысын бастаған Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі мен мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктері туралы айтты.

Оның сөзіне қарағанда, ең алдымен баспанамен қамту мәселесіне назар аударған жөн. Одан бөлек, коммуналдық шығындардың бір бөлігін төлеп беру, қоғамдық көліктерге тегін жүру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылардың балаларын мемлекеттің есебінен жоғары оқу орындарында оқыту, оларды балабақшаларға орналастыру сияқты көптеген түрлі тәсілдер сөз болды.

Сонымен бірге жиында қолдау мен көмек тек мемлекет тарапынан ғана жүргізілмей, аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созғысы келетін көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлерді де жұмылдырудың маңызы зор екені айтылды. Сондықтан оларды жүйелеп, аталған ресурстардың барлығын біріктірсе, мұқтаж отбасылар мен азаматтардың тұрмыс сапасы артып, қолдауды анық сезінуге мүмкіндік туатыны анық.

«Нұр Отан» партиясы осы мәселелерді ескеріп, істің жүйелі жүргізілуіне өз үлесін қосу мақсатында Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрды. Алғашында Кеңес тек түрлі қиындықтарға тап болған балаларға ғана қолдау көрсетеді деп жоспарланған. Өйткені, соңғы кездері бұл мәселенің өзектілігі артып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғаны белгілі. Алайда қоғамдағы басқа да әлеуметтік жағдайларды ескеріліп, Кеңестің қызмет аясын кеңейту туралы шешім қабылданды. Соған байланысты Кеңес көп балалы отбасылардың да мәселесімен айналысады.

Осындай шаралар аясында қазірдің өзінде партия тарапынан бірқатар нақты жобалар қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Атап айтқанда, осы жұмыстардың барлығын ортақ жүйеге келтіру үшін «Бақытты отбасы» партиялық жобасын қайта жанданды. Бұл жоба аз қамтылған көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Бүгінде Алматы қаласында аталған жобаны жүзеге асырудың тиімді тетіктері пысықталды. Алдағы уақытта сол тәжірибе еліміздің басқа да өңірлерінде қолданылмақ.

Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталған Мәулен Әшімбаев нақты бастамаларға назар аударды.

– Бүгінде көптеген қазақстандық отбасылардың заң бойынша өздеріне тиесілі көмекті ала алмай отырғанын көріп отырмыз. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдар тарапынан да берілетін көмектен қағылып отырған отбасылар бар. Оған бюрократиялық келеңсіздіктерден бастап, жай ғана көңіл бөлмеуге дейінгі түрлі жайттар себеп. Сондықтан партия аталған Кеңес аясында еліміз бойынша Бірыңғай әлеуметтік терезе жобасын қолға алды. Бұл жоба партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы қызмет көрсетеді. Ол жерде көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтар мемлекет пен жергілікті бюджеттен берілетін өздеріне тиесілі әлеуметтік көмектер туралы нақты кеңестер алуға мүмкіндік бар. Біздің қызметкерлеріміз тек ақпарат беріп қана қоймай, істің соңына дейін жеткізілуін қадағалайды, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бұған дейін көп балалы отбасыладан басқа да, қолдауға мұқтаж әлеуметтік топтар бар екендігі туралы жазғанбыз.

Өзгелердің жаңалығы