Парламент Мәжілісінің отырысы. LIVE
11 Қаңтар, 10:55 20033

Парламент Мәжілісінің отырысы. LIVE

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшілері – Аягөз Құрмаш, Гүлжан Раманқұлова, Назым Бөлесова. 

Бүгін Президент Парламентке Үкіметтің жаңа құрамы туралы ұсыныс енгізеді және әлеуметтік-экономикалық саладағы өткір мәселелерді шешу туралы нақты тапсырмалар береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, еліміздің жаңа Премьер-министрінің кандидатурасын ұсынатын болады. Сондай-ақ Президент саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасайды.

ЖАҢАРТУ

 

 

12:47 –  Нығматулин:

Мәжілістің жалпы отырысын жабық деп жариялаймын – Нығматулин.

12:46 – Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Президент Тоқаевқа алғыс айтып, сөз алды.

12:45 – Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады.

Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік. Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық. Баршаңызға рақмет, - деп аяқтады өз баяндамасын Тоқаев.

12:40 – Үкіметке тапсырма:

Үкіметке сарапшылық қауымдастық пен азаматтық қоғаммен бірлесіп ұсыныстар пакетін әзірлеуді тапсырамын. Ол Қауіпсізік кеңесінің бір отырысында қаралады, - деді Тоқаев.

12:38 – Біз мықты халықпыз – Тоқаев.

Төл тарихымызда талай алапатты, ашаршылықты бастан кешірдік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, тағы да мықты бола түсеміз, - деді Президент.

12:35 – Тоқаев баса назар аудару қажет ететін мәселені айтты.

Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек, - деп айтты ол.

12:30 – Президент балаларға арналған спорт нысандары қала мен аудан, ауылдарда салынатынын айтты. 

Қабілетті балаларға көмек көрсетіп, мәдениетті нығайтамыз. Алматыны қалыпқа келтіруге жәрдемдесеміз, - деді Тоқаев.

12:29 - Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды тапсырды. 

Бұл барша қазақстандықтардың іргетасы. Бұл халық қоры. Ол әкімшілікке немесе Үкіметке бағынышты болмайды. Жеке беделді бақылау кеңесі құрылады. Адал, жауапкершілігі мол басшы тағайындалады. Біз оның қызметінің толық ашықтығын, қоғам алдындағы есептілігі мен бақылауын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады, - деп айтты Мемлекет басшысы.

12:28 – Тоқаев мемлекеттік органдар саннан сапаға, есептен іске көшуі керегін айтты.

12:25 - Президент: 

Жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ұлы А. Байтұрсынұлы айтқандай «Мұғалім – мектептің жүрегі». Сондықтан мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешенімен үздік мұғалімдерді тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

12:24 – Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ге халықтың кірісін арттыру жөнінде бағдарлама әзірлеуге екі ай уақыт берді.

12:23 – Мемлекет басшысы: 

Кейбір бастамасы жоқ шенеуніктер өз кабинеттерінде орындықты тоздырып, жылдар бойы отыра береді. Олар жастардың өсуіне мүмкіндік бермей, мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендетеді. Ондай шенеуніктермен оңай қоштасу керек. Алайда барлығын бір ретпен жұмыстан шығару да дұрыс емес. Олардың білімі мен білігіне назар аудару керек. Оны реттеуді дұрыс жүзеге асыру керек.

12:20 – Тоқаев Смайыловқа тапсырма берді. 

Мен Премьер-министрге үш апта ішінде 2022 жылға арналған іс-қимылдар жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Оны ақпан айының басында өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қараймыз, - деді Президент.

12: 17 – Тоқаев инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы қажет екенін айтты. 

Ол шетелдік инвестицияларға Қазақстанның тартымдылығын арттыру үшін керек.

12:13 – Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне валюталық нарықты ішкі және сыртқы өкілдердің тарапынан теңгеге деген сенім орнағанға дейін жүзеге асыруды тапсырамын, - деді Президент.   

12:11 – Тоқаев: 

Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес, - деп айтты Президент.

12:08 – Президент Қытаймен шекарадағы мәселе туралы: 

Бюджетке түсетін кірісті арттыру кеден саласын ретке келтіруде жатыр. Әсіресе, Қытай шекарасындағы мәселені реттеу керек. Ондағы олқылық баршамызға аян. Көліктер дұрыс тексерілмейді, салық пен кеден төленбей жатыр. Қытай кеден органдарымен  статистика сәйкес келмей жатыр. Олар млрд-тарды құрайды. Халық млрд теңге көлеміндегі салықтан айырылып жатыр. Бұлай іс жүргізуге болмайды. Бас прокуратура мен Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп шекарада тексеріс жүргізуді тапсырамын.

 

12:06 – Президент ауыл шаруашылығына назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 млн тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Субсидиялауды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Жуырда болған заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы 3 жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдерің алдында тұрған негізгі басымдық, - деді Тоқаев.

12:05 – Тоқаев макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау үшін қосымша табыс көздері қажет екенін айтты. 

Президент Үкіметке бюджетке қосымша қаржы көздерін табуды тапсырды. Жаңа кен орындарын ашу керек.

12:03 – Тоқаев LRT туралы:

Бұл қоғамның наразылығын тудырып отыр. Қарапайым инфрақұрылымдық нысаннан елдің мәртебесіне нұқсан келтіретін құрылысқа айналды. Қазірдің өзінде қыруар қаржы жұмсалып, қарыз алынды. Шетелдік серіктестермен келісімдер орнатылды. Жоба бастапқыдан сәтсіз еді. Одан жемқорлықтың иісі шығады. Қазір тиімді  шаралар қабылдау керек. Оны жай алып тастау қаржы мен уақытты алады. Отандық және шетелдік сәулетшілерді осы жобаны қолданудың жолын табу үшін шақыру керек.

12:01 – Мемлекет басшысы:

Экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдері айқындалмаған. Оны шұғыл әзірлеу қажет. Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті мемлекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық, ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Экономиканы әртараптандыру күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты - өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз.

12:00 – Тоқаев қоғамда Оператор РОП қызметіне қарсы сұрақ көп екенін айтты. 

Бұл компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та басталды. Үкіметке Операор РОП-тың қайта өңдеу ақысын жинаумен айналысуын тоқтатуды тапсырамын. Оны шетелде сияқты мемлекеттік орган жүзеге асыруы керек. Қайта өңдеу жинағының ақысын қайта қарау керек, - деді Президент.

11:58 – Мемлекет басшысы мемлекеттік сатып алуды бір көзден жүзеге асыру тәсілін қысқартатын негіздерді қарау керек. 

«Самұрық-Қазына» мен өзге ұлттық компаниялардың сатып алуларын қайта қарау керек. Өткен жылы реттейтін сатып алулар туралы заң шықты. Бірақ бұл мәселелер әлі де заң аясында шешіліп жатқан жоқ. Ол қордың шешімімен жүзеге асырылып жатыр. «Самұрық-Қазына» процедураларын Қаржы министрілігі мен Бәсекелестікті дамыту агенттігімен бірлесіп қайта қарау керек, - деді Тоқаев.

11:57 – Тоқаев отырыста «Самұрық-Қазына» қорының тиімділігі туралы сөз қозғады.

Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі-жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді.

11:56 – Тоқаев елдегі жанар-жағармай мәселесіне тоқталды.

Жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз. Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады, - деді ол.

11:55 – Қасым-Жомарт Тоқаев: 

Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуы тиіс. Бүгінде бағаны ымырласа отырып белгілеу қауіпті нәрсеге айналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картелді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысып жатыр. Сондықтан картелді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуларды қатысушыларды тексеруге мораторийдің күшін жоюға тапсырамын.

11:54 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер, депутаттар мен әкімдердің жалақысын көтеруге 5 жылға мораторий жариялады.

11:53 – Тоқаев:

Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет.

11:52Сегізінші. Күштік құрылымдарды шешім қабылдауда қамтамасыз ету. 

Олардың жетекшілеріне деген жауапкершілікті күшейту, - деді Тоқаев. 

Тоғызыншы. Діни экстремизмге қарсы кешенді шаралар дайындау. 

Олардың  криминалмен байланысуына жол бермеу керек. Әсіресе, құқық қорғау органдарының мүшелерімен, - деді Тоқаев.

11:51 – Мемлекет басшысы:

Ең алдымен еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын. Бұл заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни бұл өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды.

11:50 – Қасым-Жомарт Тоқаев: 

Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы мен Ұлттық ұлан құрамының санын кеңейту керек. Барлық күштік құрылым жүйесінің жалақысын көтеру керек.

Үшінші. Тоқаев полициялардың құқықтық қорғалуын арттыру керегін айтты. 

Билік өкілдеріне шабуыл жасап, заңға бағынбағандарға жауапкершілікті арттыру керек, - деді ол. 

Төртінші. Тоқаев әскердің дайындығын арттыру керегі туралы айтты. 

Жақын арада арнайы операция жүргізетін күш жасақтау қажет, - деді Тоқаев. 

Бесінші. Мемлекет басшысы шекара қызметінің жүйесін қайта қарау керек. 

Алтыншы. Әскери, қаржы және криминалдық барлау жүйесін  толығымен қайта қарау. 

Жетінші. Әртүрлі күштік құрылымдар арасында алгоримдерді өзектілендіру. Дағдарыс кезінде мемлекеттік органдардың жұмысын күшейтіп, органдар арасындағы үйлестіруді жүйелі жүргізу.

11:48 - Тоқаев: 

Халықтың барлық тобының табыстары экономика өскен сайын өсуі керек.

11:47 – Мемлекет басшысы Тоқаев теңсіздік мәселесі ушығып кеткенін айтты.

11:46 – Тоқаев: 

Жақын арада Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтеді.

11:45 – Мемлекет басшысы негізгі басымдықтарды атады: 

Бірінші. Құқық қорғау органдарының жүйесін реформалауға түзетулер енгізу керек. Біз полицияның сервистік моделі  мен қылмыстық процестерді жаңғырту бойынша бірқатар алға ілгеріледік. Бірақ лаңкестік шабуылдарға қарсы тұруға үнемі дайын болуымыз керек. Құрылымдық күштер әскери жаттығу мен шабуылға қарсы техниканы дайындауға көшуі керек, - деді Тоқаев. 

Екінші. Мемлекет басшысы Ұлттық ұланды нығайту керегін айтты.

   

11:44 – Мемлекет басшысы Тоқаев:

Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Сарбаздарды әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін Әскери көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде іші көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек.

11:43 – Тоқаев:

Біздің әскери құрылымдар мен құқық қорғау органдарының  жұмысын, ішкі барлау мен қауіпсіздік жүйесін қайта қарау керек. Олардың барлығы тек бір мақсатта – халықты тиімді қорғау, егемендікке төнген кез келген қауіпті жою үшін жұмыс істеу керек.

11:41 – Тоқаев: 

Бейбіт халыққа қарсы қылмыс жүргізген әскери қызметкерлер мен олардың жақтастарын ұстау керек. Лаңкестікті ұйымдастырғандардың артында кім тұрғанын анықтау керек. Тағы бір маңызды мәселе Мемлекет лаңкестердің командалық пунктін неге жіберіп алды? Біздің мемлекеттің шекарасында заңсыз қару-жарақ неге көп болды? Арнайы жедел тергеу тобы өзінің қызметін сапалы әрі нақты жүргізіп, қайғылы оқиғаның себебін анықтауы керек – деді Тоқаев.

11:40 – Президент: 

Қысқа мерзімде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау үшін Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несилер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл тоқтатыла тұрады.

11:39 – Президент: 

Қазір негізгі лаңкестікке қарсы операция аяқталды. Барлық өңірде жағдай тұрақты болып отыр. Сонықтан ҰҚШҰ бітімгерлік күшінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды. Екі күннен кейін бітімгерлік күшті шығару басталады. Оны шығару 10 күннен аспайды.

11:37 – Мемлекет басшысы өз қызметі мен борышына салғырттықпен қараған қызметкерлер туралы айтты. 

Кейбір қалаларда Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері сол жерде болған әскери жасаққа қарамастан қызметтік ғимараттарда қажетті құжаттарды тастап кетіп қалған, - деді Президент.

11:36 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілері мен қарапайым азаматтардың отбасыларына көмек көрсету мемлекеттің қасиетті борышы екенін айтты.

Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз, - деп айтты Тоқаев.

11:35 – Қасым-Жомарт Тоқаев:

Мемлекеттік төңкеріс пен халықтың біртұтастығына шабуыл жасау орындалмады. Біз бірыңғай ұлт ретінде Алматы мен өзге облыс орталықтарын сақтап қалдық. Жақын арада олар қалпына келтіріліп, одан бетер гүлдене түседі. Енді бұл менің тікелей мақсатым. Үкіметтің де жауапкершілігіне жатады. Осы сәтті пайдаланып террорлық актіге куә болған қала тұрғындарына көңіл айтамын. Бүгінде қаралы күндер артта қалған кезде Ішкі істер министрлігінің құрылымдық күштері мен әскери қызметкерлерінің қайсарлығы үшін алғыс айтқым келеді.

11:33 – Тоқаев ҰҚШҰ туралы айтты.

Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым – ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан – оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшесінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету. Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асырып жатыр. Шын мәнінде, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ, - деді Президент.

11:32  – Мемлекет басшысы:

Біздің елге қарсы террорлық соғыс басталды. Жауларымыз кез келген шараға дайын екенін көрсетті.  Халық арасында үрей туғызып, қарсы шығуға  әрекеттерді жүзеге асырмақ болды. Қазақстанға шабуыл жоспары әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпарат тарату бойынша жүзеге асырылды. Билікті жаулауға әккі кәсібилер қатысты. Халықаралық лаңкестер тарапынан қарулы шабуыл жасады, - деді Тоқаев.

11:29 – Қасым-Жомарт Тоқаев:

Оның ішінде Жамбыл облысында болған тәртіпсіздіктер, ұлтаралық қақтығыс бойынша жүргізілген арандатушылар да кіреді. Біздің қоғамның біртұтастығын кәсіби ұйымдастырылған сценарий бойынша бұзу жүзеге асырылмақ болды. ҰҚК құзырлы орган ретінде бұл жұмысқа нақты баға бергісі келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төніп тұрған қауіпті аңғармады. Шабуылды ұйымдастырушыларға тек себеп қана керек болды. Олар автогаздың қымбаттауына қатысты бейбіт шеруді пайдаланды. Жаңаөзен мен өзге облыстарда митингтер өтті. Кейін қылмыскерлер мен арандатушылар қосылды. Одан кейін шетелдік шабуылшылар мен лаңкестер қару алып жұмысқа қосылды.

11:28 – Президент:

Осы оқиғаға байланысты шындыққа жанаспайтын түрлі ақпараттар тарап кетті. Бізге керегі тек ақиқат қана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып айтарым, жыл басынан бері болған барлық жағдай бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.

11: 27 – Мемлекет басшысы: 

Жыл басынан бері болған барлық жағдай бір тізбектің тармағы деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл - бірнеше жыл бойы алдын ала ұйымдастырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық.

11:26 - Президент: 

Құрметті төраға, құрметті Мәжіліс депутаттары! Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып, еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру алдымызда тұрған маңызды міндет, - деді Президент Тоқаев.

11:25 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен жаңа Премьер-министрге табыс, жұмысына жеміс тіледі.

11:23 – Смайылов: 

Алдымызда әлі коронавирусты еңсеру мәселесі тұр. Халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстары жалғасады. Үкіметтің алдына қойылған талаптарды шешу үшін барлық міндетті шара қабылданады.

11: 23 – Премьер-министр  Әлихан Смайылов: 

Маған үлкен сенім артқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Қазіргі кезде Мемлекет  басшысының жетекшілігімен елдің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға арналған өзгерістер іске асып жатыр. Азаматтардың заңды талапары ескеріліп, іске асады. Мемлекет басшысының елдегі экономикалық жағдайын тұрақтандыру тапсырмалары Үкіметтің басым міндеттері болады, - деді Смайылов.

11:22 – Қатысқан 89 депутаттың барлығы кандидатураны қолдап дауыс берді.

11:20 – Депуттар Әлихан Смайыловты Премьер-министр лауазымына сайлау бойынша дауыс беріп жатыр.

11:19 - Жаңа Үкімет – бұл уақыт талабы. Бұл шешім Үкіметтің жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. Біз Қазақстан Министрлер кабинетінің басшы лауазымында  Әлихан Асханұлы ел экономикасын дамыту мен әлеуметтік саланы нығайту жөніндегі тапсырмаларды орындау үшін бар күш-жігерін салатынына сенімдіміз, - деді Депутат Айқын Қоңыров.

11:18 – ҚХА атынан сайланған Наталья Дементева сөз сөйлеп жатыр. Ол ҚХА атынан сайланған депутаттың барлығы Президент ұсынған Әлихан Смайыловтың  кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. 

Біз Президенттің айналасында жиналуымыз керек. Әлихан Асханұлы өзінің кәсібилігі мен тапсырмаларды орындауының деңгейі, азаматтық ұстанымына сенеміз, - деді ол.

11:17 – Nur Otan фракциясының депутаты Альберт Рау сөз сөйлеп жатыр. Ол 30 жылдық тарихта Үкіметті жасақтау  алғаш рет осындай қиын-қыстау кезеңде өтіп жатқанын айтты. 

Осы жылдары біз қиын экономикалық  дағдарыстарды бастан кешірдік. Мемлекеттік төңкеріс бұл жаңаша жағдайдағы оқиға. Қоғамның барлық күші сайланған Президенттің айналасына жиналды. Бәрінен бұрын Үкіметтің жаңа құрамы алдында жаңа мақсаттар тұр. Президент қойған басымдықтардың бірі - шикізаттың 2025 жылға дейін үлесін арттыру, - деді ол.

 

11:16 – Депутат Айқын Қоңыров соңғы оқиғалар жүйелі реформаның қажет екенін және «Қазақстан халық партиясы» фракциясы Президентті толық қолдайтынын айтты.

11:13 - Депутат Мұхтар Ерман Тоқаевқа Конституциялық тәртіпті қалпына келтіру, еліміздің Тәуелсіздігін сақтап қалу жөніндегі батыл шешімдерін депутаттар толық қолдағанын айтты.

Ақтау мен Жаңаөзенде халықпен кездесті. БАҚ-та, әлеуметтік желіде сұхбат берді. Гуманитарлық акциялар ұйымдастырды. Мемлекет басшысы өзінің Конституциялық өкілеттіктері негізінде Мәжіліс келісіміне Премьер-министр қызметіне Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынды. Қалыптасқан күрделі жағдайда бұл өте дұрыс шешім. Оның тәжірибесі мол, - деді ол.

Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны қолдайтынын жеткізді.

11:14 – Азат Перуашев Президент ұсынған Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. 

Кемедегінің жаны бір, кеше ғана Аза тұту күні лаңкестіктің салдарынан құрбан болған құқық қорғау органдары мен бейбіт тұрғындардың туғандарына қайғырып, көңіл айттық. Осы орайда Тоқаевтың төңірегінде жиналып, партияға бөлінбей біріге жұмыс істеуіміз керек. «Ақ жол» партиясы Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қолдайды, - деді Перуашев.

11:12 – «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перушаев сөз сөйлеп жатыр. Ол өзінің әріптесі Мұхтар Ерманның сөзін қолдайтынын айтты.

11:11 – Мәжіліс депутаттары Президент ұсынған кандидатураны қолдады.

11:10 -  Мұхтар Ерман Премьер-министр лауазымына ұсынылған кандидат Әлихан Смайыловтың лайықты үміткер екенін айтып жатыр. 

Қалыптасқан күрделі жағдайда бұл өте дұрыс шешім. Әлихан Асханұлының мемлекеттік және саяси қызметте мол тәжірибесі бар. Ол Үкімет пен мемлекеттік қызметте жұмыс істеді, - деді депутат

11:09 – Депутат Мұхтар Ерман:

Бүгін аса маңызды мәселені қарау үшін жиналып отырмыз. Қаңтардың соңғы 10 күні ішінде Қазақстан ауқымды және қиын жағдайды бастап өткерді. Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында болған ең ауыр оқиға.

11:09 – Депутат Мұхтар Ерман Президенттің тапсырмасын орындау үшін Мәжіліс заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін нақты жұмыс атқарып жатқанын жеткізді.

11:07 – Отырысқа қатысушылар Үкімет басшылығына ұсынылған Әлихан Смайыловқа ешқандай сұрақтары жоқ екенін айтты.

11:06 – Нығматулин Президент Мәжіліске Үкімет басшысы лауазымына лайық кандидатурасын енгізгенін айтты. Бүгінгі отырыста бір сұрақ қана талқыланады. Ол - Үкімет басшысын тағайындауды келісу.

11:05 -  Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжіліс отырысын ашық деп жариялады.

11:04 – Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттарды тіркеуден өтуді сұрады.

11:02 -  Тоқаев Үкімет басшысы кандидатурасына Әлихан Смайыловты ұсынды.

11:01 – Парламент Мәжілісінің отырысы басталды. Тікелей эфир «Хабар 24» телеарнасынан көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеп жатыр.

11:00 - Бүгін сағат 11.15-те Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, еліміздің жаңа Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынатын болады.


Фото: дереккөз
Загрузка...