Бас жаңалықтар
Парасатты елдің паспорты
14 Шілде 2020, 10:21 141

Парасатты елдің паспорты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ елінің қастерлі құжаты Ата заңымыз биыл өзінің 25 жылдық мерейлі белесіне шығып отыр. 

Мыңдаған жылды қойнауына бүккен қария тарих үшін ширек ғасыр қас-қағым сәт сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ елдіктің еңсесін тіктеп, мемлекеттіліктің қазығын қаққан тәуелсіз Қазақстан үшін арадағы 25 жыл екі жарым ғасырмен барабар екені ақиқат. Өйткені, еліміз осы мерзім аралығында бұрын-соңды жетпеген биіктерді бағындырып, ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраттарға қол жеткізді, әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқа да жаңғыруларға жол ашты. Бұл табыстардың кілті ең әуелі тәуелсіздікті тереңдетуге ірге қалаған киелі кітабымыз Конституцияның және халықты ұйыстыруда сарабдал саясат ұстанған Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігімен өлшенетінін мойындауымыз керек.

Әлемдік тарихтың бастауы ретінде алғашқы Конституция демократия отаны - Ежелгі Грецияда пайда болғанын көрсетеді. Конституция кейін басқа мемлекеттерде XVIII ғасырдан бастап қабылдана бастады. Ең алғашқы заманауи Конституция деп АҚШтың 1787 жылы құрылған атақты Тәуелсіздік туралы декларациясын санауға болады. Еуропада бірінші қабылданған негізгі заң 1791 жылғы Польшаның конституциясы болып саналады. Кейін бұл құжатты революциямен қоршалған Франция да қабылдады. Қазіргі Қазақстанның аумағы кірген Ресей империясында алғашқы Конституция тек 1906 жылы ғана күшіне енді. Бұдан әрі-революциядан кейін-1918 жылы Қазақстанды да қозғаған жаңа тарихты бастаған түбегейлі басқа Конституция қабылданды.

Тарихқа көз жүгіртсек, Ұлы даланы еркін жайлаған қазақ халқы ежелден мемлекеттіліктің барлық құқықтық негіздерін өмірге енгізіп отырды. Еліміздің жарқын жетістіктерін көре алмайтын «көріпкелдер» айтатындай халқымыз далада мал бағып, босып жүрген тобыр емес, адами құндылықтарды шынайы құрмет тұтқан және оны нақты өркениетті іс-әрекеттерімен өмірде дәлелдей білген жұрт. Оған Қазақ хандығы тұсында, яғни 1511 жылы 19-баптан тұратын «Қасымханның қасқа жолы» деп аталатын дала заңының қабылданғаны, бұдан кейін 1690 жылы әз Тәукенің «Жеті жарғысының» бекітілуі ел өміріндегі азаматтық құқықты реттейтін бастапқы заңдар жиынтығы деуге болады.

Әрине Ата Заңның ел дамуының құқықтық тетігіне және қоғам өмірінің толыққанды тамыршысына айналуына 1991 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы берік кепіл болғаны белгілі. Алда тәуелсіз елді жаңа белестерге бастайтын Бас құжатты қабылдау кезегі тұр еді. Деректерге жүгінсек, 1995 жылы 30 тамызда өткен республикалық референдумда мақұлданған қолданыстағы Конституциямызды талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысқан екен. Бұл таңдауда Қазақстан халқы тарапынан егжей-тегжейлі екшелген 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның бір мың бір жүзі Конституция жобасына енгізілгені Ата заңымыздың нағыз халықтық құжат екенін тағы да дәлелдей түседі. Сонымен, 1995 жылғы Конституциямыз негізінен Кеңестер тұсында, дәлірек айтсақ, РСФСР-дың Негізгі заңының қағидаттарын көшірген 1926 жылғы Қазақ АКСР Конституциясы, Қазақ КСР-інің 1937 және 1978 жылдардағы Конституциясынан бөлек, дербес елдің даму жолын айғақтайтын дара құжат еді.

Отандық сарапшылар айтып жүргендей, ширек ғасырдағы толайым табыстарымыздың дені Конституцияның арқасы десек, онда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тайға таңба басқандай айқын көрсетілуінің нәтижесі екенін анық. Ата Заңымыздың өзге елдердің бас құжатынан өзгешелігі – ең бірінші, мемлекеттің адам құқығына аса құрметпен қарайтындығымен ерекшеленеді деуіміз керек. Мысалы, бірінші бапта «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылса, үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» деп көрсетілген. Яғни, Ата заңда адамның негізгі конституциялық құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріліп, оларды қорғау механизмі қамтамасыз етілген. Бұл ретте, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау Конституциямызда әлемдік тәжірибедегі үздік үлгі сот және әкімшілік жауапкершілік арқылы жүзеге асырудың заңдық тетіктері қалыптастырылған. Таратып айтқанда, ел Конституциясы негізгі төрт ұстаным бойынша қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, сондай-ақ маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу қағидаттары арқылы ел дамуына кепілдік беріп келеді. Сондықтан да, еліміздің Конституциясы дүниежүзіндегі жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтін алғашқы қатардағы елу Конституцияның бірі болып саналатыны көп жайды аңғартса керек.

         Өзінің өркениеттік игіліктерін жедел ұсынып келе жатқан жаңа ХХІ ғасыр дамудың да жаңа жолдарын алға тартып келеді. Бұл ретте, уақыт сынына төтеп беріп, игілікті реформаларды қолға бағытындағы нақты қадамдар Бас құжатқа да өзгерістер енгізуді талап етіп отырғанын айтуымыз керек. Соған орай, 2017 жылғы наурызда «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.  Нәтижесінде, Елбасының бастамасымен Парламент өкілеттілігін кеңейту шаралары жүзеге асырылды.

Атап айтсақ, 67-ші баптың 4-ші тармақшасына сәйкес, Премьер-Министр Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен оның барлық маңызды шешімдері туралы тек Президентке ғана баяндап қоймай, Парламентке де баяндайтыны Ата заңға енгізілді. Сонымен қатар, 70-ші баптың 1-ші тармағының жаңа редакциясы бойынша Үкімет жаңадан сайланған Мәжіліс алдында  өз өкілеттігін доғарады делінсе, 49-шы баптың 1-ші тармағының мазмұны нақтыланып, бұрынғы редакцияда Парламент заң шығару функцияларына ие болса, енді Парламент заң шығару билігін жүзеге асыратыны анық көрсетілді. Бұған қоса, Президенттің және Парламент депутаттарының  мерзімдері мен өкілеттігіне қатысты өзгерістер 1998, 2007 және 2011 жылдары енгізілді. Мәселен, 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша жалпыхалықтық дауыс беру кезінде депутаттар мандаттарын алып, Партияның басшылық органының шешімі бойынша парламентарийлер болу, Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәжіліске тоғыз депутат ұсыну құқығы нақтыланды. Сөйтіп, халық, Парламент, Президент, Үкімет және биліктің басқа да мемлекеттік органдары «қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, экономикалық даму, патриотизм» жолында бірлескен жұмыстың жаңа даңғылына сүрлеу салды.

Тағы бір атап өтер жайт, Конституция Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәртебелі мемлекетке айналуына мүмкіндік беріп, БҰҰ, ТМД, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕурАзЭс сияқты ұйымдарға мүше болуы, әлемдік қауымдастықтың еліміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми және саяси жетістіктерін мойындауына жол ашты.

Ата Заңымыздың мерейтойлық белесінде еліміздің жүріп өткен жарқын жолына халқымыз лайықты бағасын беріп, оның берік әлеуеті елімізді жаңа жетістіктерге жетелей беретініне сенімді деп ойлаймыз.

 

Айсана ҚАХАРМАН, саясаттанушы




Фото: дереккөз
Загрузка...