Бас жаңалықтар
Пандемияға байланысты қиындықтар ұжымдық шарт арқылы шешімін тапты
30 Наурыз 2021, 10:26 204

Пандемияға байланысты қиындықтар ұжымдық шарт арқылы шешімін тапты

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы пандемия басталған кезеңде елімізде қабылданған шаралар білім беру жүйесі үшін жаңа әрі күтпеген жағдай болды. Десе де, көп ұзамай оқу процесі дер кезінде енгізілген карантин жағдайына барынша бейімделді.

Бұл туралы Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков айтып берді. 

Оның сөзінше, мұндай форматта білім беруді нормативтік реттеудің және жұмыс тәжірибесінің, қолданыстағы заңнамада «қашықтан оқыту түрі» деген ұғымның болмауы педагогикалық және өзге де мамандардың еңбек қатынастарын реттеуде үлкен қиыншылықтар туғызған. Алайда, барлық түйткілдер еңбек қатынастарын реттейтін басты құжат – ұжымдық шарт арқылы әлеуметтік әріптестік аясында оң шешімін тауыпты.

Былтыр білім мен ғылым саласына қатысты 1 аймақтық келісім, 779 білім мекемесін қамтитын 12 бірыңғай ұжымдық шарт, 17 еңбек ұжымында дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актісі қолданысымызда болды. Пандемия жағдайында осы құжаттарды негізге ала отырып, әлеуметтік әріптестік аясында мәжбүрлеп әрі жаппай ақысыз демалысқа жіберудің алдын-алуға қол жеткіздік. Ал мамыр айында келісімге енгізілген қосымшалар мен өзгертулердің нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлеріне – 35 пайыз, медицина қызметкерлеріне – 15-50 пайыз аралығында, қаржы-экономикалық қызмет мамандарына 50 пайыз көлемінде еңбекақыларын арттыру шаралары қолға алынды, - деп атап өтті Ерұлан Сәбенұлы. 

Спикер бұл игілікті бүгінде аймақ бойынша 1000-ға жуық кітапханашылар мен медицина қызметкерлері сезініп отырғанын жеткізді. Республика бойынша аталған қосымша ақыны алуға мүмкіндік алған Жамбыл облысы ғана екен. Сонымен қатар, білім саласындағы педагогикалық емес санаттағы – есепшілер, экономистер, іс жүргізушілер, зертханашылар сынды қызметкерлердің табыс деңгейін арттыру мақсатында өңірлік салалық келісім мен ұжымдық шарттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. 

Келісімдер мен ұжымдық шарттарда көзделген өзге де міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында былтыр Әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты комиссияның 9 отырысы, жеке еңбек дауларын шешу бойынша келісу комиссиясының 2 отырысы өтіп, барлығы 22 сұрақ талқыланды. Көптеген игіліктерге қол жеткізіп, білім саласы қызметкерлерінің мүддесіне қызмет еткен келісімнің аяқталуына байланысты былтырғы 30 желтоқсанда Жамбыл облысы әкімдігінің білім беру басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы 2023 жылға дейінгі әлеуметтік әріптестік туралы жаңа келісім құжатына қол қойды, - деп атап өтті Мағзымбеков.

Бұл маңызды құжат биылғы 14 қаңтар күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тіркеліп, қолданысқа енгізілген. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына бағынысты бүкіл мекемелеріне тарайтын ұжымдық шарттардың негізі болып табылатын келісімнің қабылдануымен филиал мәртебесіндегі ұйымдар да ұжымшарттық жұмысты белсендіре түсіпті. Кәсіподақ басшысының айтуынша, бүгінде Тараз қаласы мен өңірдегі барлық аудандарда білім бөлімдері мен кәсіподақ ұйымдары арасында ұжымдық келісім шарт құжаттарына қол қойылып, жергілікті әкімдіктің еңбек инспекциясына тіркеліпті. 

Келісім Еңбек кодексінен бастап, барлық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кәсіподақ мүшелігіне өткен сала қызметкерлерінің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауды, оларға қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдемелер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейді. Бұл құжатты басшылыққа ала отырып, карантиндік шектеулерге қарамастан, өткен жылы одақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекциясы нәтижелі қызмет етті, - деді Ерұлан Сәбенұлы. 

Оның айтуынша, құқықтық инспекцияның 13 заңгері былтыр 165 білім мекемесі мен ұйымында еліміздегі еңбек заңдылығының сақталуын тексеріп, 477 заңбұзушылықты анықтаған. Оның барлығын жою үшін тиісті ұсыныстар да берілген. 

Спикер 2020 жылы құқықтық инспекцияға жазбаша түрде 689 өтініш түскенін де мәлімдеді. Сонымен қатар жеке қабылдау, телефон, интернет және БАҚ арқылы 8 655 ауызша кеңестер беріліп, түсіндіру шаралары жүргізілген. Көрсетілген құқықтық қызметтің жалпы саны 9 018 болыпты. Заңгерлер тарапынан сотқа 10 материал әзірленіп, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау мақсатында сотқа 3 талап-арыз, әртүрлі деңгейдегі соттарда 7 тегін өкілеттік жасалғаны бар. 

Тиісті шара қолдану, ықпал ету, алдын алу үшін 45 материал әртүрлі мемлекеттік және құзырлы органдарға жолданды. Құқықтық қызметтің белсенді әрекеті нәтижесінде 16 кәсіподақ мүшесіне қатысты жұмыстан босатудың алдын алу мен болдырмау, жұмысқа қайта орналастыруға қол жетті. Сондай-ақ есепті мерзімде құқықтық қызмет мамандары заңнамалық тақырыпта 75 лекция оқып, сала өкілдерінің қатысуымен 102 семинар өткізді. Құқықтық қорғау қызметінің барлық нысандары бойынша өткен жылы заңсыз ұсталып немесе төленбей қалған 415 млн теңге мөлшеріндегі қаржы да сала өкілдеріне қайтарылса, құқықтық қызмет жұмысының 2020 жыл бойындағы жалпы экономикалық тиімділігі 528,8 млн теңгені құрады, - деді кәсіподақ өкілі. 

Айта кетерлігі, ол экономикалық тиімділік білім және ғылым саласының әр санаттағы өкілдеріне кем төленген жалақыдағы айырма; өтелмеген іссапар шығындары; сауықтыру жәрдемақысындағы олқылықтар; ақылы еңбек демалыстары мен қосымша ақылы демалыстарды дұрыс рәсімдемеу; оқу жүктемелерін жөнсіз төмендету; ауылдық аймақта жұмыс атқарғаны үшін берілетін көтермеақылар; еңбекақы мөлшері көтерілген кездегі арттыру коэффициенттерін ескермеу және аттестация жүргізудегі түйткілдер сынды көптеген көрсеткіштерден құралған. 

Ерұлан Мағзымбековтің сөзіне қарағанда, дәстүрлі облыстық Тамыз кеңесінде, Мұғалімдер күні кәсіби мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп» «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған білім беру ұйымдары мен озат ұстаздарды марапаттауға кәсіподақ бюджетінен 6 млн теңге шамасында қаржы бөлінген. 

Жалпы, осы тәжірибе енгізілген бес жыл ішінде 19 білім мекемесі мен ұйымы, 101 үздік ұстазға салалық кәсіподақ қаржысынан 29 млн теңге төңірегінде ынталандыру сыйақылары табысталды. Кәсіподақ ұйымдары барлық деңгейдегі шығын сметаларын мейлінше оңтайландыра отырып, үнемделуі мүмкін 69,8 млн теңге кәсіподақ қаржысына 368 бірлік ноутбук, роутер мен модемді аз қамтылған отбасылы ұстаздарға пайдалануға бердік, - деді Е.Сәбенұлы. 
Оның сөзінен білгеніміздей, жыл бойында мүшелік ұйымдар медициналық маска тіктіру, азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, кварцтық лампалар алу, жұмыс орындарын антисептикпен қамтамасыз ету, бір реттік материалдық қаржы беру сынды барлығы 14 млн теңгеден астам қаражатқа көмек жасалған. Ал науқасқа шалдыққан, індеттен өзі немесе отбасы мүшесі қайтыс болған сала өкілдеріне бастауыш ұйымдардың хаттамалық негізінде 25-50 мың теңге мөлшерінде бір реттік қайырымдылық көмек көрсетілгені бар. Бұл шараға 22,7 млн теңге көлеміндегі кәсіподақ қаржысы бағытталды. Сауықтыру шараларымен 1300-ден аса кәсіподақ мүшесі қамтылып, оған 60 млн теңге кәсіподақ қаржысы жұмсалыпты. 
Биылғы 2021 жыл Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жылы ретінде аталып өтуде. Жыл аясында кәсіподақтар өз қатарын күшейтіп, еңбек адамының мүддесін қазіргіден де нақты әрі пәрменді қорғай алатындай бола түсуі тиіс. Ол үшін әлі де көптеген жұмыс атқару қажеттігін кәсіподақ ұйымдары жақсы ұғамыз. Алдымызда «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты нормативтік-құқықтық актілер, Еңбек кодексін, кәсіподақтар туралы заң талаптарын ұтымды жүзеге асыру, зерделенген жұмысты жетілдіріп, білім жүйесіндегі проблемаларды нәтижелі шешуге мүмкіндік беретін қосымша жұмыс нысандарын іздеу, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау сынды шаралар күтіп тұр, - деді жергілікті кәсіподақ ұйымы.


Фото: дереккөз
Загрузка...