Бас жаңалықтар
Пандемиядан ерлерге қарағанда әйелдердің жағдайы нашарлаған
09 Наурыз 2021, 13:25 877

Пандемиядан ерлерге қарағанда әйелдердің жағдайы нашарлаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ДДСҰ және БҰҰ басшылары әйелдерге коронавирустық пандемия ерлерге қарағанда қатты әсер еткенін айтты, деп жазады korrespondent.net.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус және Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антонио Гутерриш 8 наурыз, дүйсенбіде коронавирустық пандемия кезінде көптеген әйелдердің жағдайы нашарлағанын мәлімдеді.

Женевада өткен брифингте Гебрейесус пандемияның салдары ерлерге қарағанда әйелдерге кері әсер еткенін айтты. Ол сондай-ақ, әйелдер әлемдегі дәрігерлердің шамамен 70% құрайтындықтан, олардың адамзатты емдеу жолындағы рөлі маңызды екенін атап өтті.

Көп жағдайларда әйелдер COVID-19 пандемиясынан ерлерге қарағанда қатты зардап шекті. Біз әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың күрт өсуіне және жыныс және репродукцияға қатысты денсаулық сақтау қызметіне қолжетімділіктің төмендеуіне куә болдық, - деді ДДҰ басшысы, содан кейін ол денсаулық сақтау саласында қызмет ететін әйелдерге алғысын білдірді.

Өз кезегінде Гутерриш БҰҰ штаб-пәтерінде Халықаралық әйелдер күніне орай сөйлеген сөзінде әлемде пандемия салдарынан әйелдердің жағдайы нашарлағанын жеткізді және оларды қоғамдық, саяси өмірде ер адамдармен теңдігін қамтамасыз етуге шақырды.

Пандемия гендерлік теңсіздікті күшейтті, көптеген әйелді кедейлікке итермеледі, оларды жұмыстан және медицина мен білімге қолжетімділіктен айырды. Әйелдер пандемиямен күресте маңызды рөл атқарса да, біз олардың құқығын қамтамасыз ету жағдайында регрессияны көріп отырмыз, - деді бас хатшы.


Фото: дереккөз
Загрузка...