Пандемия қазақстандық әртістерге дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашты

14 Сәуір 2021, 13:05
1077
Бөлісу:
Пандемия қазақстандық әртістерге дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Опера» театрының труппасы карантин бойы осынау қиын-қыстау кезеңде халыққа қолдау көрсету үшін еңбек етіп келеді. Солистер өздерінің әсерлерімен, көңіл-күйлерімен бөлісіп, шығармашылықты іске асыруда өздері үшін қандай жаңа формалар ашқандығын баяндап берді.

Қандай да бір оқиғаға баға беру үшін алдымен уақыт қажет. Індеттің басталған сәтінен бір жылдан сәл астам уақыт өтті. Тұтас еліміз, барша қазақстандық Covid-19 атты сынаққа тайсалмай, төтеп беруде деп нық сеніммен айта аламыз. Театрымыз жаңа болмыстарға белсенді үн қатты: көп рет қолдануға болатын бетперделерді тігуді бастап, алғашқылардың бірі болып елорда тұрғындарына көмек қолын созды. Вокалистер мен балет әртістері Мәдениет және спорт министрлігімен жасалған жобаларға, атап айтқанда, министр Ақтоты Райымқұлованың бастамасымен жүзеге асқан «Карантиндегі жұлдыз» тележобасына қатысты. Жалпы алғанда, баршаға қиын болған осынау кезде барлық мәдени және спорт мекемесін қолдауда Ақтоты Рахметоллақызының қосқан елеулі үлесін атап өткім келеді. Тіпті қатаң карантин жеңілдетілгеннен кейін де оның бар ынта-зейіні арқасында театр ғаламат премьераларды жүзеге асырып, барша қазақстандыққа нағыз сый жасады, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

«Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов әңгімені жалғастыра отырып, қатаң карантин кезеңінде онлайн жобалар көрермен қауымды ғана емес, сонымен қатар орындаушыларды да құтқарып қалғанын, себебі олар шығармашылық шыңдалуды қажетсінгенін айтты. 

Әнші көрерменсіз өмір сүре алмайды. Онлайн концерт мен үшін айтулы оқиға болады деп ешқашан ойламаппын, опера әншілері үшін бұл мүлде жаңа формат. Дегенмен министр ұсынған дәл осы жобаның арқасында, біздің күш-жігеріміз артып, өміріміз түрлі реңктермен қаныға түсті, - деді ол.

Танымал өнер қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Медет Чотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова, Евгений Чайников, Бағдат Әбілхановтың айтуынша, театрдың жан-жүрегі – сахна, ол залда көрерменнің қошеметі соғылған кезде дүрсіл қағады. Ал карантин жеңілдетілгеннен кейін бұған себеп те көп болды. «Дон Паскуале», «Махаббат сусыны», «Дала үні» спектакльдерінің премьералары, көптеген жаңа концерт пен симфониялық бағдарлама әртістер мен көрермендердің жүрегіне үміт отын жағып, өмірдің қалыпты арнаға түсіп келе жатқандығына нық сендірді.

Карантин балет әртістері үшін қиынға соқты, олар үшін дайындықсыз өткізген бір күннің өзі жұмыссыз екі аптаға пара-пар.

Дене физикалық қозғалыстың жоқтығын бірден сезеді, үй жағдайында жасалған жаттығу залдағы толыққанды сабақты алмастыра алмайды. Дағдыға айналған жұмыс тәртібімізге бірден кірісіп кету оңай болмады. Сондықтан спектакльдерде өнер көрсету, тіпті көрермендердің шектеулі санына премьералар қою мүмкіндігінің туындағанына шын қуаныштымыз. Балет әртісінің шығармашылық ғұмыры қысқа, сол себепті біз үшін әр күніміз бен сағатымыз аса маңызды. Еңбегіміздің ерекшелігін түсініп, зейнетке шығу жасын қайтарғаны үшін мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға алғысым шексіз, енді төлемдер алу үшін 20 жыл жұмыс істеу жеткілікті, - деді «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан.
Театр музыкатанушысы Маржан Жәкенова Мәдениет министрлігі және қала әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылған «Театр сабағы», сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған бірқатар қайырымдылық акция мен концерттік жобалардың маңыздылығын атап өтті. 

Өзгелердің жаңалығы