Пандемия ішкі туризмді дамытуға кедергі емес

23 Қазан 2020, 14:34
3347
Бөлісу:
Пандемия ішкі туризмді дамытуға кедергі емес

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елдегі карантиндік шараларға байланысты Ақмоладағы туристік нысандар қашықтан жұмыс істеуде. Инфрақұрылым жақсарып, жолдар халықаралық стандартқа сай жөнделіп, тартымды жобалар іске асырылуда. Бұл туралы Ақмола облысындағы туристік ақпараттық орталығының жетекшісі Шынарбек Батырханов айтып берді.

Пандемия ішкі туризмді дамытуға кедергі емес
Тілші: Өңірдегі туристік нысандар елдегі карантин жағдайына бейімделе алды ма?

Шынарбек Батырханов: Пандемия төтенше жағдай, карантин және оқшаулаудың ең ауыр салдарын бастан өткерген туристік салаға да өз әсерін тигізді. Соған қарамастан өңірдегі туристік нысандар карантиндік шаралар жағдайында қашықтан жұмыс істеуге көшті. Пандемия адамзат үшін үлкен сабақ болды. Ең бастысы, табиғат пен қоршаған орта адам денсаулығы үшін қаншалықты маңызды екенін ұғындық. Туризм және саяхат, табиғатты сүю, оған жанашырлықпен қарау жер бетіндегі өмірді сақтауда басты орын алуы мүмкін. Карантин кезінде көпшілік табиғат аясына демалуға шыға бастады. Өйткені орманды табиғаттың таза ауасы адамдардың сауығуына, иммундық жүйесін нығайтуға, ағзаны вирустан және басқа аурулардан қорғауға көмектеседі. 

Тілші: Демалыс орындары туристер легін арттыруға қаншалықты дайын?

Шынарбек Батырханов: Карантин уақытында цифрлық маркетингті ілгерілету, гид-экскурсоводтардың біліктілігін арттыру, ішкі туризмді дамыту және ілгерілету және басқа да өзекті тақырыптарға арналған танымал спикерлердің, тәжірибелі сарапшылардың қатысуымен онлайн-конференция мен вебинарлар өткізілді. Өкінішке қарай, қазіргі карантиндік шектеулерге байланысты іс-шаралар өткізу мүмкін емес, сол себепті жаңа жағдайда жұмыс істеуге бейімделуге тырысудамыз. Жақында ресейлік әріптестермен, соның ішінде ірі туроператорлармен онлайн-іс-шараға қатыстық. Цифрлық маркетинг бойынша вебинарлар циклін және гид-экскурсоводтарды қашықтықтан өткіздік. Қазақстан мен Ресейдің алдағы аймақаралық ынтымақтастық форумына ауқымды презентациялық материал дайындап жатырмыз. Меніңше, пандемия ішкі туризмді дамытуға кедергі емес.

Тілші: Сұранысқа ие демалыс орындары көбейді ме?

Шынарбек Батырханов: Осы ретте, мемлекетіміздің оптимистік көңіл-күйді сақтап, экономиканы тұрақтандыруға, адамдарды қолдауға кіріскені қуантады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын және жалпы Ақмола облысын елордаға жақын өңір ретінде дамыту бойынша үкімет қолдауын сезіндік. Ақмола облысында 80-нен астам турстік маршрут, лицензиялық негізде жұмыс істейтін 70-ке жуық турфирма бар. Орналастыру қызметтерін ұсынатын 300-ден астам нысандар тіркелген. Тек жаз мезгілінде біз 800 мың туристке қызмет көрсетеміз, жалпы бір жылда бұл көрсеткіш миллионнан асады. Өңірде «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, сондай-ақ халықаралық мәртебесі бар және ЮНЕСКО-ның табиғи мұралар тізіміне енгізілген Қорғалжын мемлекеттік қорығы бар. Тек «Бурабай» курортында соңғы жылдары туристерді тарту үшін әлемде баламасы жоқ «Бурабай» халықаралық трамплин кешені сияқты бірегей нысандар іске қосылды. Үлкен Шабақты көлінің жағалауындағы «Ақ Бура» заманауи курортының құрылысы туристерді тартуда тамаша нысан болары сөзсіз.

Тілші: Орталық ашылғалы туристік бағытты ілгерілету мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?

Шынарбек Батырханов: Ақмола облысы туристік бизнесті дамыту үшін өте қолайлы аумақты алып жатыр. Демалыс аймақтары ыңғайлы географиялық, бірегей табиғи-климаттық жағдайларға ие – жартасты таулар, қылқан жапырақты ормандар, Бурабай, Зеренді көлдерінің рекреациялық аймақтары ерекше үйлесім тапқан. Бірегей туристік әлеует туралы ақпарат тарату, осы саладағы кәсіпкерлік субъектілерін қолдау – негізгі міндетіміз. Ақмола облысының туристік әлеуеті туралы орталықтың үш тілді сайты ашылды. Туристерге барынша қолайлы болу үшін кең форматты бейнелерді пайдаланамыз. Ақпараттық киоск көрікті жерлер, маршруттар, турбизнес өкілдерін іздеуге, ауа райын, тағамға қатысты ақпаратты білуге көмектеседі, қалаған қызмет, мысалы, такси, түрлі іс-шараларды іздеуді жеңілдетеді.

Тілші: Ақмола өңірі туризмнің қандай түрлерін ұсынады?

Шынарбек Батырханов: Тарихи-мәдени мұраның алуан түрлілігі облыс аумағында мәдени-танымдық, экологиялық, археологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Облыс Қазақстанның солтүстік, қарлы бөлігінде орналасқандықтан спорттық туризм дамып келеді. Бүгінгі таңдағы басты міндет – туризм нысандарының жаңа инфрақұрылымын, демалыс және сауықтыру индустриясын одан әрі дамыту. Щучинск-Бурабай курорттық аймағының тартымдылығын қамтамасыз ету үшін бизнесті белсенді тарта отырып, жыл бойы жұмыс істеуге бағытталған Four seasons тұжырымдамасы іске асырылуда. Оның аясында түрлі іс-шараларды өткізу демалыс нысандарына қонақтарды маусымнан тыс уақытта тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және Ақмола облысындағы туристік қызметтер спектрін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл «Менің Отаным – Қазақстан» жыл сайынғы республикалық экспедициясы, «Туризм, сауықтыру, саяхат» өңірлік туристік жәрмеңкесі, «Фламинго» халықаралық фестивалі, «Бурабай» желкенді регатасы, «Қансонар» турнирі, «Ән салатын аралда» бард әндер слеті және басқалар. Балық аулау фестивалі, сауықтыру туризмін дамытуға арналған «Шипажай-2019» халықаралық ғылыми-практикалық форумы, «Жайлау» этноауылының ашылуы, QymyzFest қымыз фестивалі, «Бәйге-2019» ат жарысы, Road Freedom Fest байк-рок фестивалі, «Көшпенділер әлемі» IV Халықаралық көшпенділер этномәдени фестивалі және басқа да шаралар жоғары бағаланды. Ақмола облысының шипажайлары емдік балшық, йод-бром тұздықтары, оның ішінде «Құлагер», «Тұран» минералды суымен сауықтыру, қымызбен емдеу, фитотерапия және басқа да табиғи факторларды кеңінен пайдаланады.

Пандемия ішкі туризмді дамытуға кедергі емес

Тілші: Қазір ішкі туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Қазақстандық туристерді қалай қызықтыруға болады деп ойлайсыз?

Шынарбек Батырханов: Әлеуметтік желілер интернетті пайдаланушылардың көп бөлігін қамтитыны жасырын емес. Сондықтан олар клиенттермен жұмыс істеу үшін платформа ретінде көбірек пайдаланылатыны заңды. Біздің жағдайымызда туристерді тартумен қатар, пандемияға байланысты экономикалық қиындықтарға тап болған туристік бизнесті қолдауға тиістіміз. Біз шетелде демалуға дағдыланған қазақстандық туристерді тарту үшін лайықты деңгей мен тамаша демалу мүмкіндіктерін көрсету қажет екенін түсінеміз. Кәсіпкерлер өз қызметтеріне сұранысты қамтамасыз етуге тырысады. Осы ретте біз танымал блогерлермен жұмыс жасаймыз. Маусым айында бес күндік «Жұмбақтас» блогы ұйымдастырылды. Келушілер Щучье көлінің жағасында таңды қарсы алып, пароммен, квадроциклмен, яхтамен жүріп, атпен серуендеді. Блогерлер әлеуметтік желілердегі парақшаларында өз саяхаттары туралы жариялап, жақын арада біздің облыс туралы бейнероликтер шығарады. Экскурсиялық бағдарлама ұмытылмас әсер қалдырды, оның аясында қонақтар бірқатар бірегей табиғи көрікті жер – Абылай хан алаңымен, «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы мұражайымен танысты.Тамыз айында туризм басқармасы біздің ақпараттық орталықпен бірлесіп YouTube-те «Қазақстанның туристер келуге тиіс 9 орны» жобасымен айналысатын журналист, блогер Яков Федоровпен Бурабай курорты бойынша ақпараттық тур өткізді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша, Қазақстанның туризмі туралы фильм түсірілімін ұйымдастыруға көмектестік. Пандемиямен күрес жалғасып жатқанына қарамастан, жұмысымыз жалғасуда.


Өзгелердің жаңалығы