Пандемия басталғалы қоғамға қажет екенімді түсіндім – жас дәрігер

10 Тамыз 2020, 14:33
3212
Бөлісу:
Пандемия басталғалы қоғамға қажет екенімді түсіндім – жас дәрігер
Сұхбат

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия жарияланғалы дәрігерлер тілсіз жаумен үздіксіз күресіп келеді. Алғы шепте жүргендіктен қауіпті індетті алғашқылардың бірі болып жұқтырып, арасында көз жұмып кеткендері де бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алматы қаласы медициналық жедел жәрдем қызметі №12 станцияның фельдшері Нұрбақыт Қайып. Жас маманның бұл жұмысқа кіргеніне 4-5 ай болғанда әлемде пандемия басталған. Алайда ол еш үрейленбестен тілсіз жаумен күреске белсене кірісіп кеткен.

Нұрбақыт, бізде пандемия, вирустың жаппай тарауы сияқты құбылыс бұрын болып көрмеген. Оған қандай дайындық жасадыңдар?

Ақпан айының ортасында Қытайда және әлемнің өзге елдерінде тарап жатқан коронавирус бізге де келмей қоймайды, дайындалуымыз керек деп айтыла бастады. Ақпанның соңында қорғаншы киімдері берілді, кейін арнайы дайындықтан өттік. Ол жерде қорғаныш киімдерін қалай киіп, шешу керек, дезинфекция жасау барысын бәрін үйрендік.

Наурыздың басында басшылық бәрімізді жинап, пандемия жарияланғанын айтып, алдағы уақытта қалай жұмыс істейтінімізді түсіндірді. Біздің алғы шепте жүретінімізді әрі осы мамандықты таңдаған соң кез келген уақытта үлкен қатермен бетпе-бет келуге даяр болу керектігімізді айтты. "Егер коронавируспен күресуге қорқамын десеңдер қазірден кете беріңдер. Бірақ ол өздеріңнің ар-ұяттарыңа байланысты" деді. Қызметкерлер бірауыздан күреске дайын екендіктерін білдіріп, келісімдерін берді.

заг1.jpeg

Алғаш пандемия жарияланған кезде жедел жәрдемге жүгінетіндер аз болды. Мәселен, мен күніне 1-2 шақыртуға баратынмын. Онда да коронавирус диагнозы емес, әдеттегідей бүйрек ауруы сияқты шақыртулар болып жүрді. Ол кезде елде төтенше жағдай жарияланып, коронавиурс анықталған азаматтардың үйлерін карантинге жауып жатқан кез еді. Сондықтан болар көпшілік жедел жәрдемге жүгінуді азайтты. Оның үстіне адамдардың көпшілігі бізді жақтыра бермейтін, вирус әкеледі деп үреймен қарайтын. Ал, екінші толқынында біз жетпей қалдық.

Алғаш коронавируспен ауырғандар шақырған кезде қандай сезімде болдың?

Шынымды айтсам ешқандай үрей болған жоқ. Өйткені алғашқы кезде коронавирус көпшілігінде симптомсыз өтті. Барасың, адамның тамағы қызармаған, не дене температурасы жоқ. Тек тестілеу кезінде нәтижесі оң болып шыққан. Арасында өзіміз де коронавирустың бар екеніне күмәндана бастадық. Расымен, үкіметтің ойлап шығарғаны ма деген ойға келетінмін. Адам көзбен көрмей сенбейді екен. Кейін ауру белгісімен көптеп түсе бастаған кезде бұл аурудың өте қатерлі індет екеніне көзім жетті. Екінші толқын маусымның ортасында басталды. Ол кезде үлкендерді қойып жастар мен балалардың өкпесі қабынып, ауа жетпей ентігіп жатқанын көргенде расымен де қорықтым. Қиналып жатқандар көп болды, бірақ ауруханада орын жоқ. Тек жағдайы өте мүшкіл адамдарды ғана ауруханаға қабылдады.

заг2.jpeg

Бірде шақыртумен 1996 жылы туған жас жігітке бардым. Температурасы көтеріліп, қан қысымы түсіп кеткен. Бір аптадан бері іші өтіп, тамақ ішуден қалған. Жас болса да жағдайы өте ауыр болды. Сол жігітті ауруханаға жеткізгенімде сондағы дәрігерлер екінші толқын қатты өтіп жатқанын, адамдар көп өлгенін айтты. Кейін ол жігіттің жағдайын сұрап біліп едім аман-есен сауығып шығыпты. Созылмалы ауруы болмаса жастар бұл індетті еңсере алады.

Науқасқа барып тұрып оны ауруханаға алып кете алмаймын деп айту да оңай емес шығар?

Ауруханада орын болмаса науқасты көлікке салғызбайды. Әрине, ондай кезде ауыртпалық маған түседі, науқасқа орын жетіспей жатқанын түсіндіресің және ары қарай не істеу керегін, яғни учаскелік дәрігерге хабарласып, денсаулық жағдайын баяндап отыру керегін айтамын. Көбінде адамдар түсіністікпен қарайды.

Мен жедел жәрдем қызметкері болғандықтан науқастарға мынандай дәрі немесе ем қабылда деп тағайындай алмаймын. Оны учаскелік дәрігер ғана тағайындап, ары қарайғы жағдайын бақылап отырады.

заг3.jpeg

Коронавирустың шарықтау кезінде дәрігерлердің адам өмірін сақтауға жанталасып жатқан видеолары көп тарады. Көліктің артқы есігін ашып тастап ауа жетпей жатқан науқастың кеудесін басып жанталасып жатқан қырғызстандық дәрігерлердің видеосы да тарады. Сондай жағдай сенің басыңнан өтті ме?

Мен фельдшер болғандықтан кейде ауыр халдегі адам болса қасыма қосымша дәрігерді шақырамын. Яғни мен оны құтқара алмайтынымды білсем білікті маманға шақырту жасаймын. Бірде 80-нен асқан қарияға бардым. Ол кісі есін білмейді, ентігіп, жүрегі әрең соғып жатыр. Ауруханаға жетпей жол ортада жүріп кетуі әбден мүмкін еді. Содан дәрігерлерге шақырту берсем ешкім бос емес. Ол кезде науқастардың көп болғаны сондай бізде тіптен түстенуге уақыт болмайтын. Ал науқастың денсаулығы уақыт өткен сайын нашарлап барады. Содан туыстарына "егер бұл кісі көлікте кетіп қалса маған шағымдарыңыз болмай ма?" деп сұрадым. Олар жоқ деп жауабын берген соң, керекті емді қабылдап, ол кісінің аман қалуына барымды салдым. Ондай кезде адам тірі қалса екен деп жантәніңмен берілесің. Науқастарымның ешқайсысы көлікте көз жұмған жоқ.

Екінші толқында жедел жәрдем жетіспей қалды дедің. Ол кезде күніне қанша шақыртуға баратын едіңдер?

Мен өз басым күніне 25-26 шақыртуға баратынмын. Ал, тәжірибесі мол мамандар күніне 35 шақыртуға дейін барып жүрді. Алматы бойынша бір тәулікте 9 мыңға жуық шақырту болатын. Қазір жағдай тұрақталғалы бері шақырту 2,5 мың мен 4 мыңнын арасында.

Қазір жағдайдың тұрақтануына не әсер етті деп ойлайсың?

Оған бірнеше жағдай әсер етті. Бастысы адамдардың оқшаулануы болды деп ойлаймын. Өйткені алғаш карантинді жеңілдеткен кезде адамдар той жасап, ары-бері жүріс көбейіп кетті. Одан бөлек дәрігерлер де коронавируспен күреске бейімделе бастады. Адамдар оқшауланған сайын вирустың таралуы да бәсеңдеп жатыр.

Медицина қызметкері болғандықтан таныстарың, туыстарың хабарласып кеңес сұрайтын кездері көбейген шығар?

Шынымды айтсам, пандемия болғалы өзімді қоғамға керек екенімді білдім. Бұл мамандықты текке таңдамағанымды, айналама көмегімді көрсете алатынымды жете түсіндім. Күнделікті жұмысымнан бөлек ауылдағы ағайындар, дос жарандар хабарласып көмек сұрап жатады. Оларға білгенімді айтып, қолдан келгенше кеңес беремін.

Пандемия басталғалы дәрігерлерге деген көзқарас та өзгерді дейсің ғой?

Ол рас, бұған дейін медицина қызметкеріне деген құрмет аз еді. Коронавирус тарағалы бері дәрігерлердің еңбегін жоғары бағалап жатыр. Халық дәрігерлер нашар деп айтқанымен ауру жанына батқан кезде бәрібір соларға жүгінеді. Соңғы кезде медицина қызметкерлеріне деген құрмет артты. Одан халық ұтылмайды, керісінше дәрігерлердің аянбай жұмыс істеуіне жағдай жасап, ынталандыра түседі.

Елімізде дәрігерлер мәртебесінің төмендеп кетуіне не себеп болды деп ойлайсың?

Медициналық қызметке деген қолжетімділік пен дәрігер қызметін сыйламаудан шығар. Мәселен, дәрігер күніне көп адамды қабылдайды. Емханадағы бір дәрігердің атында 2-2,5 мың адам тіркеуде тұрады. Күнделікті 70-тей адамды қабылдайды. Ол да адам, шаршауы мүмкін, жүйкесі жұқарып біреуге қатты сөйлеп қоюы мүмкін. Сондай кезде бірден үстінен арыз жазып, жұмыстан шығартып жібереді. Ал, шетелде керісінше дәрігерлерге деген құрмет жоғары. Біраз уақыт бұрын достарым Түркияда 1-2 айдай оқып келді. Сонда олар жас болсақ та ересек адамдар дәрігер екенімізді естігенде кәдімгідей құрмет танытып жатты дейді. Шетелде емделу қымбат, мүмкін содан да дәрігерлерге басқаша қарайтын шығар.

Жалпы дәрігер мамандығын таңдауыңа не себеп болды?

Отбасымызда ешкім дәрігер болған емес. Бала кезімде бұл мамандықты таңдауға әсер еткен жағдай болды. Үйде анам ауырды. Соған көмектесіп, жағдайын көріп жүріп өскенде дәрігер болсам, көмектессем деп армандадым. Кейін әкеме дәрігер болғым келетінімді айттым. Ол қарсылық танытпай, менің таңдауымды қолдайтынын жеткізді. Содан 2014 жылы Қазығұрт ауданы Қосағаш ауылында мектепті бітірген соң Алматыдағы С. Асфендияров атындағы медициналық университетке тапсырдым, содан бері әлі білім алып жатырмын. Қазір интернатурада екінші курста оқимын.

Маусым айында бізде көптеген адам коронавирустан өліп кетті. Соның көпшілігі қазақтар сияқты, жұмыс барысында ондайды байқамадың ба?

Иә, өз тәжірибемде де соны байқадым. Қатты ауырғандардың көпшілігі қазақтар болды. Басты себеп адамдардың денсаулығына немқұрайлығы болды деп ойлаймын. Өйткені бұл вирус әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарды аяған жоқ, көпшілігі содан қайтыс болды. Одан бөлек адамдардың психологиялық әлсіздігі де әсер етті. Көбіне салы суға кетіп, ауруға мойынсынып қойғандар кетіп қалды. Қандай жағдай болмасын позитив керек, тек жақсы нәрсені ойлау керек, ол иммунитетті көтереді. 80-90 жасқа келген өмірге құштар адамдар пневмониядан жазылып кетіп жатыр. Сондықтан бұл өткінші нәрсе, тез жазылып кетем деп ойлау керек.

Әңгімеңізге рахмет!



Өзгелердің жаңалығы