Өзбекстанда қазақ тілінде 30 жыл шығып келе жатқан газетке Үкімет қолдау көрсетіп отыр

27 Қазан 2021, 13:48
20569
Бөлісу:
Өзбекстанда қазақ тілінде 30 жыл шығып келе жатқан газетке Үкімет қолдау көрсетіп отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығының құрылуына арналған шараға онлайн қатысқан Өзбекстандағы «Нұрлы жол» республикалық газеті бас редакторының орынбасары Райхан Бабатаева айтты.

Өзбекстанда шығатын қазақтілді «Нұрлы жол» газеті республикалық болып есептеледі. Ол 1991 жылы ашылды. Биыл Өзбекстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы сияқты газетке де 30 жыл толып отыр. Қос мерекені жақында тойлап өттік. Атамекеніміз Қазақстан да биыл тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеп отырғаны қуантады. Газет Өзбекстан мәжілісі мен министрлер кабинетінің демеушілігімен шығып отыр. Бұл газетті тікелей Өзбекстан Үкіметі қолдап, қуаттап отыр, - деді Бабатаева.

Оның айтуынша, газет 5600 тиражбен шығып, Өзбекстанның барлық ауыл-аймағындағы қазақтілді оқырманға жеткізіледі.

Газет аптасына екі рет шығады. Алғашқы парағы саяси-әлеуметтік мәселеге бағытталса, 3-4 беттері ауыл азаматтарының тыныс-тіршілігін суреттейді. Қариядан балаға дейін оқитын газет деп айтсақ шатаспаймыз. Редакцияда 20 адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі Өзбекстандағы беделді журналистер құрамына енеді. Мемлекеттік сыйлықтарға да ие болған, - деді ол.

Айта кетейік, Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығының құрылуына арналған шараға онлайн форматта қазақтілді баспасөзде еңбек ететін 50 қандас қатысты.

Өзгелердің жаңалығы