Құмар ойын - құрдымға апарады

30 Наурыз 2019, 17:41
3111
Бөлісу:
Құмар ойын - құрдымға апарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында аталған тақырып төңірегінде ауқымды талқылау болды.

Жиналғандардың барлығының мақсаты бір – әлемге тамыр жайған осы бір дерттің басын қайтару. Оңай олжа таппақ болғандарға оңбай жабысып отырған ойынқұмарлықпен күресу үшін «Nur Otan» партиясы қоғам мен мемлекет арасында ашық диалог құрып, қорытындысы бойынша ұсыныстарды Мәжіліске тапсыруды қолға алған. Бүгінге дейін 6 отырыс өтті. Заңға өзгеріс енгізуге сұранған 21 нақты ұсыныс әзірленіп отыр.

Құмар ойын - құрдымға апарады

«Nur Otan» партиясының хатшысы Илья Теренченконың бастауымен өткен шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар, қоғамдық институт пен дін, БАҚ өкілдері келді және «Nur Otan» партиясының аймақтық филиалдары онлайн режимге қосылды. Сонымен қатар, құмар ойынға құмартып құрдымға түскен ойыншылар мен олардың ата-аналары да қатысты. Ойларын ортаға салып, ХХІ ғасырдың індетіне айналып отырған, қаншама отбасының шаңырағын ойран еткен дерттің алдын алуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Құмар ойын - құрдымға апарады

Нұр-Сұлтан қаласының наркология және пихотерапия орталығының бірінші санаттағы психотерапевті Ольга Югай ойынқұмарлықтың негізгі себептеріне тоқталды.

" Алғашқы себебі – адамның өзін жалғыз сезінуінен, екіншісі – өзінің өміріне көңілі толмағандықтан, келесі – оңай олжаға қызығу, содан соң жеке басының әр нәрсеге тәуелді болуға икемділігі, соңғысы – психикалық ауытқушылықтың байқалуынан", - деді Ольга Югай.

Құмар ойын - құрдымға апарады

Ұлын оқытып, қатардан қалдырмай өсірген ана қалайша перзентінің құмар ойынның құрбаны болғанына сене алмайды. Талай букмекерлік центрлердің табалдырығын тоздырған. Бір түнде баласы үйін де ойынға тігіп жіберіпті.

"Маған тиісті емес деп ешкім айта алмайды. Мен де ұлымның тағдыры осылай болады ойлаған жоқпын. Бұл мемлекет болып шешілетін мәселе. «Nur Otan» партиясының қолға алғаны көңіл қуантады", - деді шырылдаған ана.

Құмар ойын - құрдымға апарады

«Ренессанс» оңалту орталығында емін алып жүрген Владислав - құмар ойынның құрығынан шыққан бұрынғы ойыншы. 7 ай айдан бері букмекерлік орталықтың қарасын көрмеген. 13 жасынан бастап компютерлік және автомат ойындарды ойнаудан бастаған ол 16 жасында букмекерлік центрдің тұрғылықты ойыншысына айналады. Шамамен 15 миллион көлемінде ақшаны ұттырған екен. Қазір 22 жаста. Замандастарына құмар ойынның тек тығырыққа тірейтінін жеткізді.

Құмар ойын - құрдымға апарады

Барлығы пікірлерін айтты. Ортақ шешімге келді. Ұсыныстар тізбегі аз болмады. Ойын орындары мен букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеуді, сыртқы жарнамаларда жариялауды мүлдем тоқсатуды, ойын алаңдарындағы жас санаттарын бақылауды күшейтуді, букмекерлік кеңселердің орналасу орнының тұрғын үйлер мен білім беру ұйымдарынан 100 метр алшақтықты назарда ұстауды, букмекерлік кеңсе ғимаратының ауданын шектеуді, онда ешқандай ішімдік пен тағамдардың сатылмауын, ломбардтар мен шағын несие ұйымдарының мұндай центрлерден алшақ орналасуын қадағалауды ұсынды. 25 жасқа толмаған азаматтардың ойнауына тиым салу керектігін Ерсайын Оспанов айтты. Бірақ мұнадай орталықтардың болмауын мүлдем шектеу мүмкін еместігін де жеткізді. Себебі букмекерлік бизнес жүйесінің казинодан ерекше екенін, кез келген ұялы телефон арқылы ақша тігіп, ойнауды жалғасытыра беретіндіктерін ескертті. Сондықтан мәселеге барынша зейін қойып, дұрыс шешім шығарудың маңызына тоқталды

Өзгелердің жаңалығы