Зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама әзірленеді

23 Қыркүйек 2020, 12:35
3657
Бөлісу:
Зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Ораловқа сауал қойды.

Бүгін отырыста «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын талқылау барысында депутаттардың бірі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне осы тақырып жөнінде сауал қойған болатын. 

БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде мемлекеттік басқару органдарының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жайбарақат қарауына және тиімсіздігіне қатысты шағымдар жиі айтылады. Меніңше, бұл проблемалардың себептерінің бірі – ведомствоаралық өзара іс-қимыл деңгейінің төмендігі. Осыған орай алғашқы заң жобасының 9-бабымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қосымша функциялар беріліп отыр. Енді министрлік осы функцияларды қалай жоспарлап отыр? - деп сауал тастады Мәжіліс депутаты Амангелді Дәуренбаев.
Бұл сұраққа Мәжіліске келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов жауап берді. 
 

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасында отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті органды айқындап, оның осы саладағы құзыретін бекіту көзделген болатын. Заң жобасына сәйкес, уәкілетті орган мемлекеттік отбасылық саясат саласындағы басшылықты және саларалық үйлестіру жұмысын атқаратын болады. Қазіргі кезде осы бағытта жеткілікті институционалдық база құрылды. Біздің министрлікте жастар және отбасы комитеті жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде арнайы отбасы мәселелерімен айналысатын жеке басқарма құрылды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінде балалар құқықтарын қорғау комитеті бар, - дейді Асхат Оралов. 
Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» қоғамдық институтының ішінде отбасылық саясатқа әлеуметтік зерделеу институты құрылған. 
Аталған орталық келесі жылдан, яғни 2021 жылдан мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстандағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама әзірлейді.Бұл ұлттық баяндама отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қабылданатын шараларды, оның ішінде проблемалар мен шешу жолдарын, статистикалық мәліметтерді және талдауды қамтиды. Атап айтқанда, жыл сайын осы Ұлттық баяндама мемлекет басшысына таныстырылады, - деді вице-министр.
Өзгелердің жаңалығы