Бас жаңалықтар
Отырарда «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты музей күні өтті
19 Мамыр 2019, 09:46 745

Отырарда «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты музей күні өтті

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты шара өтті.

Тарихи-танымдық кештің мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау, салт-дәстүрді дәріптеу.

Жиынға қатысқан аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Ерсін Тәжібаев музейсүйер қауымды төл мерекемен құттықтады.

«Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған, ұлттың рухани алтын қазығы. Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Сан ғасырлық мұралардың киелі ордасына айналған музей қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін!» - деді аудан басшысы Ерлан Айтаханов.

Шара барысында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ұйымдастырған кешке қатысқан өнерпаздар музей алдында шағын концерттік бағдарлама қойып, этнокешенде театрландырылған көріністермен музей күнін насихаттады. Келушілер музей жайлы видеороликпен танысып, саз балшықтан бұйымдар жасаудың шебері Жанұзақ Ерімбетов пен темірші ұста Оңалбек Орынбектің жұмыстарын тамашалады.

«Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту, музей жұмысын кеңінен насихаттауда бүгінгі шараның маңызы зор. Кешке қатысқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Тарихымызды тануға ынтық болашақ жастар бұл дәстүрлерді де көздің қарашығындай сақтап, жандандыратынына сенім білдіремін», - деді музей директоры Ерсін Тәжібаев.

Көрмеде қазақтың күнделікті тұрмыстық салт-дәстүрлері мен тіршілігі көрсетілді. Құрт қайнатып, бауырсақ пісіріп, бие сауған қыздардың ептілігі, қоржын үйдегі көріністер өткен ғасырдағы ата-бабаларымыздың өмірін бір сәт көз алдарына әкелгендей болды.

Шара соңында музей ұжымы арнайы ауызашар берді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...