«Отставкаға кеткен әкім» туралы бір күнде екі түрлі ақпарат шықты

16 Ақпан 2021, 22:05
4445
Бөлісу:
«Отставкаға кеткен әкім» туралы бір күнде екі түрлі ақпарат шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаевтың өз еркімен отставкаға кеткені туралы ақпарат барлық жерде тарап кеткен болатын.

Қуанышбек Қашқымбаев өз еркімен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметтік орнын босатты,- деп ақпарат таратқан болатын әкімдіктің баспасөз қызметі.

Енді кешке қарай әлеуметтік желіде басқа сарындағы ақпарат тарады.

Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметінен босатылған жоқ. Ол қазір жұмыс сапарымен аймақты аралап жүр,- делінген аудан әкімдігінің ресми парақшасында.

Сонда жарты күнде екі түрлі ақпарат таратуға не себеп болғанын баспасөз қызметі алдағы уақытта түсіндіре жатар. 

Айта кетейік, Қуанышбек Қалиұлы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі лауазымды қызметін 2020 жылдың 2 шілдесінен бастаған болатын. Ол 1962 жылы дүниеге келген. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын , Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген. Мамандықтары бойынша – тау-кен инженері-электрик, заңгер.

Еңбек жолын Қырғызстан Республикасында Ыстықкөл совхоз техникумының жұмысшысы болып бастаған. Соңғы жылдары Алматы қаласының жер қатынастары басқармасының бастығы, Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі, Алматы қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.

Өзгелердің жаңалығы