Өткен 100 жылда Қазақ радиосы қазақтың асқақ рухының бір тұғыры бола білді

1 Қазан 2021, 10:25
16317
Бөлісу:
Өткен 100 жылда Қазақ радиосы қазақтың асқақ рухының бір тұғыры бола білді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Қазақ радиосы QAZAQ RADIOLARY ЖШС директоры Ернұр Бураханды 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Бір ғасырдың алдында Орынбор аспанында қалықтаған қазақ үні міне бүгін өзінің 100 жылдық тарихын әуе толқынында жазып шықты. Бүгінгі таңда ғаламтор желісі адамзат тіршілігінен қалай орын алса өткен ғасырда бұл міндетті радио тура солай атқарып келген еді. Өткен 100 жылда Қазақ радиосы қазақтың асқақ рухының бір тұғыры бола білді. Өзінің сан ғасырлық құдіретті тарихын, мәдениетін әдебиетін, шешендік сөздері мен рухани қазынасын ауыздан ауызға жалғастырып, жадына сақтап келген құйма құлақ қазағыма Қазақ радиосы рухани тың серпін әкелді, - делінген құттықтауда.

Қазақ даласын тербеген әсем әні, күмбірлеген күміс күйі, қоңыр үнді қобыз сарыны мен күңіренген жырлары радио толқынымен қазақ аспанында қалықтады.

Қаймана халықтың тең жартысы аласапыран жылдары аштыққа ұрынып, ұлт зиялыларының қаймағы Кеңестік жүйенің құрбанына шалынған, тілі мен ділі қансыраған ауыр кезеңде де қазақ әдебиетінің бай мұрасы радион таспасын паналап бүгінге жеткендей. Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқанда, Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз ортаға оралғанда, аламан айтыс айбындап түлегенде Қазақ радиосы жағымды жаңалықтардың жаршысы болып, халықты қанаттандырды. Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасы шеттегі қазақтардың санасынан Алатау болып орын алды, Ертіс болып егілтіп, Жайық болып тасытты. Тәуелсіздіктің әр таңында Қазақ радиосы қазақ даласын әнұранмен оятып, әр кешін әнұранмен әлдиледі. Міне бұл қазақ радиосының әуе толқынында жазған 100 жылдық тарихы, - делінген Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Қазақ радиосы атынан келген құттықтауда.

Өзгелердің жаңалығы