Otbasy Fest-тің көтеріп отырған жүгі өте салмақты

25 Тамыз 2019, 19:37
3289
Бөлісу:
Otbasy Fest-тің көтеріп отырған жүгі өте салмақты
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қалалық Орталық саябақта өтіп жатқан «Otbasy Fest» фестивалі өте пайдалы. Ұйымдастырушылар негізгі темірқазық етіп, отбасы институтын нығайту, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттауды қолға алып отыр. Аталған шараны Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған.

Қазір қоғамда тұрмыстық қиындық, жұмыссыздық, мінез-құлықтың жараспауы, баспананың жоқтығы т.б. себеп-салдармен ажырасып жатқан отбасылар көбейді. Бұл орайда, мемлекет отбасы құндылығын арттыру үшін қандай шаралар қолдануда? Көпбалалы отбасылар шынымен қоғамға масыл ма әлде ата-аналар жауапкершілігін сезініп, балаларына балалық шағын сыйлай алып жүр ме?

Шымкент қаласының тұрғыны Құрмет Керімбеков, қаладағы мемлекеттік басқармалардың осындай шараларды бір-екі рет ұйымдастырып қоя салмай, тұрақты түрде жүйелі өткізіп тұрса деген ойымен бөлісті.

– Бүгінгі отбасылық фестивальге келгендегі мақсатымыз, 4 балам бар, соларды осы жердегі концертті тамашалап, өткізіліп жатқан түрлі конкурстарды көрсетсем, қатыстырсам деп шештім. Оларды дамып, қоғамда өзін өзі алып жүргені, бейімделгені маған жақсы. Балаларым негізі мінездері ұяңдау. Осындай қоғамдық ортада ашыла түссе деймін. Мысалы, қызым да, ұлым да ән айтады, біреуі спортқа қатысады. Егер соған сәйкес конкурстар болса қатыстырмақ ойдамын. Біз келген кезде Қуыршақ театрының қойылымы болып жатыр екен. Балаларым осы жерде Қуыршақ театрының қойылымын бірінші рет тамашалады. Бұрын бармаған болатынбыз. Қызығып жатыр, енді алдағы уақытта Қуыршақ театрына апаратын шығармын.

20190825_121821.jpg

Бұдан бөлек, әртүрлі ойындарды көріп жатырмыз. Жалпы бәрі жақсы, жүргізушілерге де, ұйымдастырушыларға да шексіз алғысымды білдіремін. Бір ғана әттеген-айы, халық шамалы аз қатысып жатыр. Бізде қарапайым халық әлеуметтік желіде болсын, баннерлерде осындай іс-шара немесе конкурстар өтеді десе, оған өте немқұрайды қарайды. Бүгінгі халық үшін істелініп жатқан шараға тұрғындар ағылып келуі керек қой. Мысалы былтыр Денсаулық фестивалі өтті, соған өзім барып қатыстым. Шарада кеңес беретін әртүрлі дәрігерлер отыр. Халық соның қызметтерін пайдаланбайды. Мен өз басым 40 жасқа келгенше қанымның тобын білмейді екем. Сол жерге барып, қанымның тобын анықтап алдым. Қаным 2-ші А тобы екен. Мен өрт сөндіруші болып істесем де қан тобымды білмей, өтірік жазып алып жүре беретінмін. Ертең бірнәрсе болып қалса, масқара ғой. Ал негізі оны білу міндетті нәрсе. Сол сияқты осындай іс-шараларда өте пайдалы нәрселер көп болады. Оны халық көп келіп, пайдалану керек.

– Бұған не себеп деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, менталитет. Біздің халық тегін нәрсені ғана алғысы келеді. Айталық, осында тегін балмұздақ беріп жатыр десе жүгіреді, ал тегін рухани дүниелерге келгенде жоқ. Тегін концерт, тегін конкурстар деген жақсы ғой, кейде ақылы конкурсты іздесең таба алмайсың. Бізде тегін конкурс, тегін концерт құндылық емес, ал балмұздақ берсе құнды болып саналады. Жалпы, мұндай шараларды үлкен ауқымда жүйелі түрде ұдайы өткізіп тұрса, халық үйренеді. Жастар ресурстық орталығына ризамын. Осының алдында Арбатта өткен іс-шараны әлеуметтік желіден көріп, неге балаларымды алып келмедім деп өкіндім. Ал осы жолы шаршап отырсақ та жұбайым екеуміз балаларды алып келдік. Балаларыма конкурстар, концерт, ойындар болады, барамыз, қатысамыз деп алып шықтым.

20190825_123032.jpg

– «Жүйелі түрде өткізсе екен» деп қалдыңыз. Ата-ана ретінде ұсынысыңыз бар ма айтатын?

– Әрине, осындай іс-шараларды бір рет қана өткізіп, тоқтап қалмау керек. Мысалы күз келе жатыр, күзде бір шара өткізсе, қыс айында қысқы мезгілге лайық шара өткізуге болады. Біз үнемі отбасымызбен осындай шараларға шығып тұрамыз. Балалар қызығатын түрлі ойындар, концерттік бағдарламалар, спорт жарыстары болып тұрса қатысады ғой. Біріншісінде көреді, екіншісінде қатысады, үшіншісінде баланың таланты ашылуы мүмкін.

– Көпбалалы отбасы екенсіздер. Жұбайыңыз бесінші сәбиін күтіп жүр екен. Айтыңызшы, балаларды серуендетуге қанша шығын кетеді?

– Тартынып, үнемдеп қыдыртқанның күннің өзінде кем дегенде 20-30 мың теңгедей кетіп қалады. Балалармен үйден шығарда келісіп аламыз. Екеуі киноға кіреді. Содан соң, бір сағаттық лабиринттегі ойындарға кіргізіп жібереміз. Көп баласы бар отбасылардың бәрі осылай жасайды деп ойлаймын. Ал осындай шараларда ақша кішкене үнем болуы мүмкін. Мысалы мұнда батут тегін екен, балалар асыр салып секіргенді жақсы көреді ғой.

20190825_114528.jpg

– Біздің Шымқалада көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жарты бағасына болсын ойын-сауық орталықтарында жағдай жасалған кешендер бар ма?

– Жоқ. Мысалы, шетелде бизнесмендерге қайырымдылық тұрғысынан салықтан жеңілдік жасалады. Бізге де сондай жүйені енгізсе дұрыс болар еді. Мәселен, көпбалалы отбасыларға бөлек билет дайындаған дұрыс. Олардың бидеті қызыл болса, көпбалалы т.б. жеңілдік жасалғандарға көк билет жасағандары дұрыс. Ойын-сауық кешендерінің басшылары есеп берер кезде «Мен бүгін жүз көк билет саттым, осынша көпбалалы отбасыларды қамтамасыз еттім» дейді. Яғни бизнесі минусқа кетіп жатқан жоқ. Өйткені жартысын Үкімет төлеп отырады. Бізде Үкімет қалай істейді. Әлеуметтік көмек жағынан 21 мың теңге төлейді. Ал оны ата-ана балаға жұмсай ма, жоқ па белгісіз. Оны кейбір ата-ана тойға не киімге жұмсауы мүмкін. Біздің халық балаға тамағы аш болмаса екен, киімі бүтін болса болды деп қарайды. Балалардың қыдыруына, рухани дамуына онша көңіл бөлмейді. Халықтың менталиеті сондай, рухани дүниені соңғы орынға қояды. Ал қатарынан 4 той шығып, шаршап тұрса да «бәле болды» деп қояды да, бара береді. Тойдан ақша аямайды, «ұят болады» дейді. Тіпті бір тойға 20, 30 мың теңгеден апарады. Ал баланы серуендетуге келгенде 20 мың теңге кетіп қалса, соған ойбайлап, іші ашиды.

20190825_124611.jpg

– Не істеу керек сіздіңше? Жуық арада дәл оңтүстіктің халқы тойдан бас үзе қоймас.

– Менің ойымша, тойды азайтып балаға және өзіне деген іс-шараны көбейту керек. Мысалы, ата-ананың өзі де кітапханаға, киноға, театрға барсын. Негізі баламен сапалы уақыт өткізген, олардың рухани дамуына инвестиция құйған жақсы емес пе? Ата-ананың өзі де серуендеп, қыдыруы керек. Мен осы айналамнан «театрға бардым» деген ата-аналарды көрмеймін. Кейде ойлаймын, сол театрға кімдер барып жатыр деп? Өйткені, бізде ондай мәдениет қалыптаспаған. Сондай рухани орта болуы керек. Халықты соған бейімдеу қажет. Біз қазір шыны керек, жануарлардың инстинктінде жүрміз. Тек ішіп-жеу. Әйтпесе, отбасыңмен бірге балалардың қуанышын көру, бірге жүру ол да тәрбиенің бір түрі ғой. Мысалы бүгін көлігімді жөндетем деп СТО-ға кетіп қалсам болар еді. Бірақ, мен балаларымды қоғамдық ортада қалай сөйлеу керек, қалай жүру керек, іспен көрсеткім келді. Күні ертең балалардың есінде әдемі естелік болып қалады. Мен осындай шараларға ата-аналарды көбірек келсе екен деймін. Бізде халықтың түсінігінде наурызда қаладағы Наурыз алаңына, Жаңа жылда орталық алаңдағы мерекеге ғана шығады. Ондай мейрам кезінде адам да көп, көлік кептелісінен балаларды алып жүре алмайсың. Халықтың түсінігінде тек сондай бұқаралық шараға ғана бару керек сияқты. Ал қазір өтіп жатқан іс-шара содан бірде бір кем емес, керісінше, адамдар емін-еркін, ешкім-ешкіммен тығылысып, сапырылысып жатқан жоқ. Айттым ғой, қаладағы басқармалар жүйелі түрде әр айды бөлісіп алып, өткізіп тұрса, халық та соған бейімделеді. Мысалы, өткен жолы мына шараға келдік, ал енді келесі шара қалай болар екен деп елеңдеп отыратын болады. Өткен жылы облыстағы ауданда қауын фест сияқты шаралар өтті. Басқа аудандар болғандықтан балаларды апаруға шама жоқ.Ал қаланың өзінде өтсе балаларды әкеліп тұрамыз.

20190825_123650.jpg

– Әңгімеңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы