Отандық құрылыс компаниялары саладағы халықаралық нарықты дамытуда – министр

16 Сәуір 2019, 11:33
2379
Бөлісу:
Отандық құрылыс компаниялары саладағы халықаралық нарықты дамытуда – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі уақытта отандық құрылыс компаниялары құрылыс саласындағы халықаралық нарықтарды дамытуға кірісті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты.

«Әлемдік нарықтардағы тұтыну мен сұраныстың өсуін ескере отырып, биыл бірқатар салалардағы тауарлар экспорты көлемінің өсуі күтіліп отыр. Олар: трансформаторларды, аккумуляторлар мен мойынтіректерді экспорттауды ұлғайту есебінен машина жасау; ферроқорытпалар мен болат құбырларын өндіруді ұлғайту есебінен металлургия; сондай-ақ химия және жеңіл өнеркәсіп салаларында. Сонымен қоса, өңделген тауарларды экспорттаумен қатар 2018 жылы көлік саласында (15%) және құрылыста (200%) қызметтер экспортының едәуір өсімі болды. Құрылыс қызметтерін экспорттау өсімі Қазақстандағы резидент еместердің құрылысымен қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн», - деді министр.

Роман Склярдың айтуынша, қазақстандық құрылыс компаниялары халықаралық нарыққа шығу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

«Қазір отандық құрылыс компаниялары құрылыс саласындағы халықаралық нарықтарды дамытуға кірісті. Мысалы, Грузиядағы жолдарды салу, Словакиядағы темір жолдар (Integra Construction), Қырғызстандағы өңдеу зауыты («AAEngineering» ЖШС). Шетелде құрылыс нарығының үлкен әлеуетін ескере отырып, отандық компаниялар экспорттаушыларға қолдау көрсетудің қолда бар құралдарын қолдану арқылы осы қызметтер нарығына белсенді түрде шығулары керек», - деп атап өтті Роман Скляр.

Бұған дейін министр еліміз 120 елге 800 тауар түрін шығаратынын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы