Отандық фильмдер Лондонда марапатталды

26 Маусым 2019, 17:12
2241
Бөлісу:
Отандық фильмдер Лондонда марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда Лондон қаласында «Romford Film Festival» Британ кинофестивалі аясында өткен Eurasian Creative Guild Film Festival-ге қазақстандық үш фильм қатысып, жүлделі орындарға ие болды деп хабарлайды «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі.

«Алтын қордың» маржаны болып табылатын «Менің атым Қожа» картинасы «Мәңгілік классика. Әлемдік тану» құрметті марапатын иемденсе, ал «Қыз бен теңіз» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Динара Шәріпова фестивальдің «Ең үздік актрисасы» деп танылды. «Финансист» картинасы «Көрермендер көзайымы» сыйлығымен марапатталды»,- делінген хабарламада.

Айта кететін жайт, арнайы фестиваль үшін Абдолла Қарсақбаевтың классикалық картинасын дубляждауға 17 ағылшын тілінде сөйлеуші қатысқан.

«Мағынасы өте терең және ойлы фильм, классикалық туынды және Қазақстанда бұл фильмді қалай жақсы көретінін мен түсіндім», - деді фильм көрсетілімінен соң канадалық продюсер Дейл Крэйглсуэй.

«Бұл Еуропа аумағындағы бірінші еуразиялық кинофестиваль. Сондықтан, оларға (еуропалықтарға) жаңа әрі қызықты туынды. Олар фильм арқылы біздің тарихымызды біліп, танығысы келеді. Бұл тек қана қазақ мәдениетін ғана емес, классиканы тану», - деді Eurasian Creative Guild Film Festival директоры Майра Қарсақбаева.

ECG Film Festival (Eurasian Creative Guild Film Festival) – Еуразия аймағындағы кинематографияны дамытатын алаң. Фестивальдің мақсаты – ағылшын тілді ортада еуразиялық киноларды дамыту және әлемдік мамандарға еуразиялық киноөкілдерді таныстыру. Әлемді Еуразия елі мен халықтардың байланысын бейнелейтін туындылармен таныстыру. Ынтымақтастық, бірге даму және өсу мүмкіндіктерін көрсету. Биыл фестивальде фильм көрсетілімдерінен бөлек продюсерлердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Өзгелердің жаңалығы