Отандық ғалымдар егістікке қажетті бірегей тұқымсепкіш ойлап тапты

17 Маусым 2020, 09:22
1306
Бөлісу:
Отандық ғалымдар егістікке қажетті бірегей тұқымсепкіш ойлап тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары бірегей тұқымсепкіш ойлап тапты. Аталған құрылғының ерекшелігі – еліміздің климаттық жағдайы мен егістік жерлерімізге сай жасалған. 

Бұл туралы жоғарғы оқу орнындағы Ғылым мен инновация департаментінің басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасы шетелдік құрылғыдан кем түспейді және екі есеге арзан. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады. 

Ғалымдар ойлап тапқан бірегей тұқымсепкіш қазір Солтүстік Қазақстан облысының егістік алқаптарында сынақтан өткізіліп жатыр. Аталған машинаның технологиялық үрдісті басқаратын интеллектуалдық блогы бар. Оның көмегімен механизатор кабинасынан шықпай-ақ әрекет ете алады. 

Мысалы, астықтың дәнін себу мөлшерін, тыңайтқышты себу мөлшерін және дәндердің шығу жылдамдықтарын осы интеллектуалдық басқару блогы тексеріп отырады. Егер танап бетінде топырақтың құнарлылығы азайған жағдайда, минералдық тыңайтқыштардың мөлшерін көбірек береді. Ал егер құнарлылығы жақсы болса, азайтып отырады, - деді ҚР ауыл шаруашылық ғылымы академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Мүбәрак Адуов.

Аталған тұқымсепкіш климаттық жағдайларымыз бен жер ерекшелігіне сай жасалыпты. Техника барлық агротехнологиялық талаптарға сай дейді ғалымдар. Ал бағасы шетелден әкелінетіндерден екі есеге арзан. 

Әкелінетін техника өте қымбат. Оның қызмет көрсетуінде де қыруар қаражат жұмсалады. Біздің тұқымсепкіш импорттықтардан екі есеге арзан. Мәселен, шетелден әкелінетіндердің құны 100 мың еуродан басталып жоғарылай береді. Біздің құрылғы 40 мың еуро. Бірақ импорттықтардан еш кем түспейді, - деді ҚАЗАТУ Ғылым мен инновация департаментінің директоры Сәуле Нұқышева.

Бірегей техника Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ғылыми зерттеулер мен білімнің қолжетімділігі" бағдарламасы аясында жасап шығарылды. Қазір ғалымдар тағы бір тұқымсепкішті ойластырып жатыр екен. Ол шөп тұқымдыларды егетін болады.

Өзгелердің жаңалығы