Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

21 Маусым 2019, 08:35
29137
Бөлісу:
Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың билік басына келіп, ел тізгінін қолға алғанына тура 30 жыл толды.

30 жыл – дәуірлермен салыстырғанда, Мәңгілік ел болуды бетке алған Тәуелсіз елдің жылнамаларының биігінен қарағанда ештеңе емес. Дегенмен, бұл 30 жыл – егемен елдің іргетасындай, телегей-теңіз дарияның бастауындай, замана көшінің атан қомдаған алғашқы адымындай ұмытылмас, қайталанбас 30 жыл.

Олай болса, «елі сүйген, елін сүйген Елбасының» ел тізгінін ұстаған 30 жылындағы ең елеулі деген 30 оқиғаға оқырман назарын аударып көрейік.

«Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың сәуірі – Республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны – Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны – алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан – «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы – өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу» - деп еске алады Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңнің күрмеуі көп жылнамасын Елбасының өзі «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» атты мақаласында.

1. Қазақстан Тәуелсіздігі туралы Декларациясы – 1990 жылы 25 қазан

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихындағы қызметтік жолын сонау 1960 жылы Қарағанды металлургия зауытында бастады. Дегенмен ел тізгінін қолына алып, мемлекет тарихындағы ықпалды тұлға болып қалыптасу жолын 1989-1991 жылдары аралығындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған кезінен басталды деуге болады. Бұл жайлы Нұрсұлтан Назарбаев:

«Тәуелсіздік жылдары көп жағдай болды. Көп жұмыс істедік. Парламент көп заң қабылдады. Шиеленіскен заңдар да болды, оның ішінде келіспеген заңдар да болды... Ешқандай жағдайларға жол бергеніміз жоқ. Мінекей, мен ел басына келгелі дәл осы айдың ішінде 30 жыл болады екен» - деп еске алады.

Сонымен, Елбасы айтқандай, аласапыран дәуірдің алғашқы жылдарында Қазақстан Тәуелсіздігінің Декларациясы қабылданды.

"Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (химиялық, бактериологиялық, биологиялық, т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады"  деп атап көрсеткен Декларация еліміздің болашақ Ата Заңының негізі еді.

Егемендік туралы Декларация тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаған алғашқы құжат болып есептеледі. Бертінге дейін осы Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған 25 қазан – Республика күні ретінде тойланып келді. Тәуелсіздік Декларациясы қабылданғаннан кейін, араға бір жыл салып елімізде алғашқы сайлау өтті.

 2. Ядролық полигонды жабу және Атом бомбасынан бас тарту – 1991 жыл 29 тамыз

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Бұл әлі де болса Тәуелсіздігін жарияламаған, Президентін сайламаған, көп ел, «ертең-ақ ыдырап, торғай тозы шығады» деп күмәнмен қараған елдің батыл қадамы еді. Тіпті, Қазақ елінің бұл қадамын түсінбек түгіл, мұндай «ақымақтыққа» күлгендер де көп болды.

1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша қазақ елі атом бомбасынан бір жола бас тартқан болатын. Президенттің осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды. 1992 жылдың мамырында Семей полигонының базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

«Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді. Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», - деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде.

Бұл осыдан тура 70 жыл бұрын құрылып, 40 жыл бойы Қазақ даласын қансыратқан алапат сынақ алаңына қойылған нүкте еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының бейбітсүйгіш, тыныштықты жаны қалайтын, алаңсыз халық екенін танытқан әлемдік қадамы. Бүгінде сол бір шешуші сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының әрі тапқыр, әрі дұрыс шешім қабылдай білгенін әлем мойындап отыр.

«...Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарды. Нұрсұлтан Назарбаев әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер болды. Қырғи-қабақ соғыстың ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берді! Ертеңіне елеңдеп, болар күніне алаңдап отырған дүниенің үмітін оятты! Бір бірімен жауласып жатқан дүниені жарастыруға болар сенімін оятты!» - деп еске алады Жабал Ерғалиев сол тарихи шешімді.

 3. Ғарышқа ұшу – 1991 жылдың 2-10 қазаны

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

«Мен Кеңес одағының ең соңғы 72-ші ғарышкерімін. Мен жерге қондым, менен кейін 16 мемлекеттің ең соңында қалған Қазақстан да өз Тәуелсіздігін алды. Әрине, бұл – тарихи сәт және бір-бірімен өте сәйкес келген сәт. Бұған дейін қалған 14 мемлекет өз жайларына кетіп, құрамда Ресей мен Қазақстан ғана қалған болатын. Мен ұшпасам да Қазақстан өз тәуелсіздігін алатын еді. Себебі мен ұшуға дайындалып жатқан кездің өзінде Қазақстан Тәуелсіздіктің алғышарттарын дайындап қойған. Мен 2 қазан күні ұшсам, Қазақ елі 29 тамызда Конституцияны қабылдап, Жоғарғы кеңестің шешімі шығып қойған болатын», - дейді Кеңес одағының екі реткі батыры Тоқтар Әубәкіров

Тоқтар Оңғарбайұлының айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Тура солай болды. Елбасының өзі айтқандай, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы қазақ баласының тұңғыш ғарышқа ұшуымен тікелей байланысты.

«Біз 1991 жылы тамызда Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарышқа аттанды. Небәрі 2 айдан соң желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да, еліміз аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды» - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовпен кездесуінде.

4. Алғашқы Президент сайлауы - 1991 жылдың 1 желтоқсаны

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Кеңестік жүйенің сірескен сеңін бұзып, Тәуелсіздік Декларациясын қабылдаған мемлекет үшін тұңғыш рет Президент сайлауын өткізу аса күрделі жағдай болатын. Оған бұрынғы жүйенің шырмауынан шыға алмағандар мен жаңа ғана қолға тиген азаттыққа ұмтылған жігерлі толқынның тартысы да әсер етпей қалған жоқ. Дегенмен, жаңалыққа жаны құмарлардың, егемендікке ұмтылған елдің сенімі басым болды. Оны сол кездегі деректерден анық білуге болады.

«Алғашқы президент сайлауына 8 778 726 сайлаушы немесе азаматтардың жалпы санының 88,23%-ы қатысты. Бұл сол кездегі сайлауға қатысуға қабілетті 10 миллиондай қазақстандықтың басым көпшілігі болатын» - деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» атты мақаласында.

Президент сайлауының жалғыз кандидаты – Нұрсұлтан Әбішұлы еді. Халықтың 98,8 пайыз дауысын жинаған үміткер дара жеңімпаз ретінде тұңғыш сайлаудың тұңғыш жеңімпазы ретінде Қазақстанның тұңғыш Президенті болды. Президентті ұлықтау рәсімі 10 желтоқсан күні алматыда өтті. Бұл қазақ халқының ең күрделі кезеңдегі ең сарабдал таңдауы еді.

«Әуелі – экономика, содан кейін саясат» бағытын ұстанған Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы сайлаудағы бағдарламасы 8 тармақтан тұрды.

«Біздің өркениетті қоғамға қадамымыздың басты тетігі - мемлекеттік егемендікті жүзеге асыру, бәсекелестік пен әртүрлі меншік формасына негізделген әлеуметтік нарықтық экономиканы қалыптастыру, сонымен қатар, терең реформалар және өміріміздің басқа да қырларын демократияландыру. Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нақты мазмұнмен толықтыру – прогрессивті қайта құру мен бүкіл республика халқының әл ауқатын жақсарту» - деп басталған алғашқы тармағынан бастап, соңғы 8-ші тармағына дейін Елбасы әуелі елдің экономикалық жағдайын қалыпқа келтіруді көздегенін байқау қиын емес.

Қазақ елінің Тұңғыш президенті ретінде сайлаудан кейінгі ант беру рәсімінде сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев бұл күннің Қазақстан Республикасы тарихында айрықша орны бар екенін атап өтті.

«Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмыт­қанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық...» - деді ол.

Бүгінгі таңда 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Президет күні мерекесі болып аталып өтіп келеді.

 5. Тәуелсіздік – 1991 жылы 16 желтоқсан  

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Президентті сайлағаннан кейін көп ұзамай Қазақстан әлем алдында егемен ел ретінде тәуелсіздігін жариялады. Бұл жер бетіндегі қазақ деген халықтың сан ғасырға жалғасқан арманы еді. 370 жыл Ресейдің езгісінде болған халықтың бостандық болмысына, егемен елдікке, азат руххқа деген ұмтылысының жемісі еді.

Нұрсұлтан Назарбаев осы тәуелсіздіктің табалдырығын аттаған көңілі күпті, көзі көлегей көптің үмітін арқалаған бірден-бір тұлға еді.

«Заман ағымы бізді Қазақстан Республикасы тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде әлемге әйгіленген тарихи дата - 1991 жылдың 16 желтоқсанынан күн сайын, сағат сайын алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдыретін жан жүрегімізбен түсінеміз. Ол - егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы. Ол - өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы. Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады» - дейді Елбасы өзі үшін осы елдің азаттығы қаншалықты құнды, қаншалықты жанына жақын, өмірімен өзектес екенін сезіне отырып.

Күндер емес, айлар емес, жылдар емес, тіпті ғасырлар да емес, дәуірлерге жалғасар тарихтың іргетасы қаланған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жайлы аз айтылған жоқ. Тіпті күні бүгінге дейін бұл кезеңнің қаншалықты ауыртпалыққа толы болғанын жыр қылып айтатындар көп. Соның барлығына төтеп беріп, соның барлығына төзімділік танытып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алу оңай іс емес. Нұрсұлтан Назарбаев жастайынан домна пешінің ыстығына шынықса, Мемлекет басшысы ретінде ел эканомикасының жалынына қақталып, әлемдік саясаттың түтініне ысталып, нағыз көшбасшы ретінде ысылып шықты. Сол көшбасшылығының арқасында ел Тәуелсіздігін теңселтпей, Егемендігін еңкейтпей, азаттығын аласартпай 30 жыл басқарды.

6. Алғашқы сапарлар – 1991 жылы

Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің тізгінін ұстаған 30 жылындағы 30 оқиғаны саралап отырып, алғашқы сапарларына арнайы тоқталуды жөн көрдік. Оның да өз себебі бар. Тәуелсіз елдің Тұңғыш прпезиденті ретінде шетелдерге жасалған алғашқы сапарлар елдің болашағын, экономикасын, тұрақтылығын, тіпті әлемдік саясаттағы ұстанымын айқындайтын қадам.

Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің Тұңғыш президенті ретінде ең алғашқы сапарын 12-13 желтоқсан күндері Түрікменстанға жасады.  

7. ТМД құру – 1991 жылы 21 желтоқсан

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Кеңес үкіметі ыдырап, құрамындағы 16 мемлекет жан-жаққа тараған соң, алыс-жақын көршілермен саяси-экономикалық, әлеуметтік сауда-саттық саласында бауырластықты, тату көршілік қарым-қатынасты дамыту мақсатында тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды. 1991 жылы 21 желтоқсан Алматыда өткен жиында ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойды. Бұл келісім жаңа ғана қаз тұра бастаған Тәуелсіз елдің ғана емес, ТМД құрамына кіретін барлық мемлекеттің тарихында «Алматы декларациясы» деген атпен қалды.

«Бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған біздің барлық құрылымдарымыз ТМД қатарында пайда болып, өсіп шықты. ТМД болмаған жағдайда бұл пікірталастар, ТМД-ның дамуына белгілі бір қанағаттанбаушылықтар да болмас еді және де біз бүгінде бұл құрылымды құрмас едік» - дейді ТМД құрамындағы мемлекеттердің бірі – Беларусь Президенті Александр Лукашенко.

Бүгінде құрамына 11 мемлекет кіретін юұл ұйым Еуразия кеңістігіндегі ең ықпалды бірлестіктің біріне айналды. Ұйым құрамындағы елдер өзара ықпалдастықты негізге ала отырып, осыдан 28 жыл бұрынғы үдерісті, меже мен мақсатты алғышарт етіп келеді.

«1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы арқылы негізі қаланған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бүгінде елдерімізді жақындастыра түсетін бірегей алаң болып қала береді. Біздің Достастық жұмысын жалғастырып және болашаққа деген жоспарларды іске асыра отырып, өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді» - деді Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ның 20 жылдық мерейтойы қарсаңында.

8. БҰҰ-ға мүше болу - 1992 жыл 2 наурыз

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Азаттық алған алаш жұрты алты құрлыққа аты мәшһүр болмаса да, сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатынын алғашқы күннен бастап танытты. Сол арқылы алыс-жақын шетелдермен саяси-ынтымақтастықта, тату көршілік бауырластықта араласатынын аңғартты. Бұл қадамда Қазақ елінің БҰҰ-ға мүшелігі айрықша маңызды еді.

Осы мақсатта 1991 жылы 20 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның сол кездегі Бас Хатшысы Бутрос-Галиге арнайы хат жазды. 1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстанның өкілі сол кездегі Сыртқы Істер министрі Ақмарал Арыстанбекова БҰҰ Бас хатшысына Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы туралы өтінішін жеткізді.

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанына 4 ай, БҰҰ-ға өтініш жасағанына үш-ақ ай өткенде, 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 46-сессиясы Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдады.

Ұйымға мүше болған ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстан әлемдік деңгейдегі оннан астам ұсыныс жасады. Оның қатарында ең бастысы ядролық қарусыз әлем, Арал мәселесі, т.б. ең өзекті мәселелер бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Әлем. XXI ғасыр» манифесті БҰҰ басшылығына жіберілді. Сондай-ақ ол Бас ассамблеяның құжаты ретінде А/70/818 және Қауіпсіздік Кеңесінің құжаты ретінде S/ 2016/317 тіркеу нөмірлерімен БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер арасында алты ресми тілде таратылды.

Бұдан бөлек, қазақтың ғана емес, адамзат тарихында алғаш рет БҰҰ мінберінен қазақ тілі әлемге тарады. 2018 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті. Осы жиында сөз сөйлеген Елбасы баяндамасын қазақ тілінде жасады. 

9. Рәміздер белгіленді – 1992 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Қазіргі орындалып жүрген әнұранның авторлары Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімединов, әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов.

Тәуелсіз елдің елдігін, әлемдік аренатағы ресми «құжатын» танытатын бірден-бір белгісі – мемлекеттік рәміздері. Соның ішінде Елтаңба мен Ту. Бұл екі символика да Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей мақұлдауымен, халықтың таудауымен жасалған. Ал Әнұранның авторлығына Елбасының өзі де араласты.

«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

 10. ҚР Қарулы күштері құрлды – 1992 жылдың 7 мамыры

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шықты.

«Нұрсұлтан Әбішұлы қысқа мерзімнің ішінде аса шешімпаздықпен Сыртқы істер министрлігін, Қорғаныс министрлігін, Транспорттық, байланыстық құрылымдарды құрды. Осы салаларға бейімі бар, нағыз мамандарды басшылыққа алып келді. Соның нәтижесінде біз басқа елдермен бірден қарым-қатынас орната бастады» - дейді осы күндерді еске алған Қуаныш Сұлтанов.

 11. Алғашқы ДҚ құрылтай – 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығы

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Әлемге тарыдай шашыраған қазақ халқының басын бір шаңырақ астына тоқайластырып, бір арнаға тоғытуда Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше. Тіпті, осы істе көш басында тұрған тұлға деуге де болады. Қазақ елі Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап, шеттегі қандастарды тарихи отанына шақырып, басына баспана, алдына асын берген Нұрсұлтан Әбішұлы 1992 жылы 28 қыркүйекте әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақты Атажұртқа шақырды.

Алғашқы құрылтайға әлемнің 33 елінен 800-ден астам өкіл келді. Содан бері бес рет құрылтай өтті. Онда шетте жүрген 5 миллион қазақтың тағдыры жайлы сөз болып, елге келген бір миллионнан астам қандастың ел қатарлы өмір сүруіне қатысты мәселелер талқыға түседі. Басқасын айтпағанда, осы құрылтай негізінде Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар» қоры қатарлы іргелі ұйымдар құрылып, алыс-жақындағы ағайынның игілігі үшн қызмет етіп келеді.

Өз қандасын өзекке теппей, бауырға басқан әлемде саусақпен санарлық қана ел болса, соның бірі – Қазақстан. Бүгінде басқасын айтпағанда, шеттегі қазақтардың жастары атажұртта білім алу үшін мемлекет 4 пайыздық квота бөліп отыр.

Осының барлығы да сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың шетте жүрген қандастарға арнап жазған үшбу хатынан бастау алған болатын.

 12. Шекара толық бекітілді – 1992 жылдан 2001 жылға дейін жалғасты

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Мемлекет болу үшін әуелі оның жері, елі, т.б. қатарлы бірнеше алғышарттары болуы керек. Ал жер мәселесінде қазақ халқының жолы болған ел. Аллаға шүкір, кешегі ата-бабаларымыздың арқасында Алтай мен Атырауға, Арқа мен Алатауға созылған ұланғайыр дала бұйырды біздің пешенемізге. Алайда, жайлауын жылқысы, қыстауын қойы белгілеген, аспанды көрпе, жерді жастық етіп үйренген көшпенді халық үшін шекара мен шет, кедергі мен кесір деген боған емес.

Аттың жалы, атанның қомында жүріп, ұлан даланы тек өзіне ғана тиесілі санаған аңғал да дархан халықтың тасқа басылған тарихы болса да, хатқа түскен хатирасы жоқ еді.

Тәуелсіздіктің көк туы көк аспанға желбіреген тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әуелі осы істі қолға алды. Ешкіммен іргежау болып, «малыңды ары айда», «егінімді таптадың, бастауымды лайладың» деспесе де, «ортақ өгізден оңаша бұзауды артық» санады. Іргелес көршіден, ірге аударып көшіп кетпесек те, «үйіміз бөлек, көріміз бөлек» екенін аңғарттық. Тәуелсіздіктің тар кезеңінде керегедей керілген кең далаға иелік еткісі келетіндер аз болмады. Елбасы соның «бірін алдап, бірін арбап» шекараны шегендеп алды. Соның нәтижесінде бүгінгі Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орынға ие болып отыр.

Көршілермен қанша тату болсақ та, шекара мәселесі өте шетін жағдай. Содан да болар, 1992 жылы басталған шекараны бекіту процесі 10 жылға созылды. Ең соңғы Қазақстан-Өзбекстан шекарасын бекіту 2001 жылы толықтай аяқталды.

«...Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 500 шақырымға созылған шешімін таппаған шкара мәселесі бар. Соның осы ширек ғасырда анықталғаны – 12-ақ шақырым. Екі елдің үкіметаралық шекара комиссиясы соңғы 5-6 жылда ортақ шешімге келу бойынша бір де бір отырыс өткізбеген. Ал кейін сайланған басшы бір айдың ішінде 30 дан аса шекаралық учаскені анықтап үлгерді. Осыдан шығатын түйін, мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен саяси өмірі мемлекет басшысының ерік-жігеріне тікелей байланысты» - дейді Ерлан Қарин Тәуелсіздік жылдарындағы шекара мәселесін еске алып.

13. Ата заң бекітілді - 1993 жыл 28 қаңтар

Қазақ елі «тәртіпсіз ел болмайтынын, тәртіпке бағынған құл болмайтынын» ежелден көкейге түйіп, көкірегіне құйып өскен елі. Сондықтан да болар, дала заңына бағынып, табиғат заңына мойынсұна білді. Қасым ханның «Қасқа жолын» да, Есім ханның «Ескі жолын» да, Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» да халық тарихы, дәуір толғағы дүниеге әкелген болатын.

Қазақстан Тәуелсіздігін жарияламай тұрып, Тәуелсіздік туралы декларация қабылдады. Ол – 1990 жыл болатын. Ал араға 3 жыл салып, 1993 жылы 28 қаңтарда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды.

Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрған еді. 

«Осы кезде Елбасы ел тағдыры шешілетін, күрделі деген сұрақтарға араласып, кейбіріне жауап беріп, өзінің пікірі мен көзқарасын білдіріп отырды. Және сол заңды ширатып, сол заңның сапасын көтеруге көп ықпал етті. Сол кездегі Заңды қабылдаған, заңның нағыз халықтық тұрғыда қарастырылуын қадағалаған зиялы топқа Сұлтан Сартаев басшылық етті. Ал құрамында Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин қатарлы сол кездегі білімді, ұлтжанды заңгерлеріміз болды. Солардың жемісті еңбегінің нәтижесінде Ата Заңымыз бекітілді» - деп еске алады Қуаныш Сұлтанов.

14. «Болашақ» бағдарламасы – 1993 жыл 5 қараша

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылды.

Елбасы осы халықаралық стипендия арқылы еліміздің білім саласына айрықша мән беретінін көрсетті.

«Бір жағынан, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік кеңістігіне әлемдік технология­лар трансфертінің магистралі тартылды. Екінші жағынан, әлем біздің стипендиаттар арқылы Қазақстан, оның халқы, мәдениеті мен дәстүрлері, еліміздің мүм­кіндіктері мен әлеуеті туралы көбірек біле түсті. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біз жаhандық элита даярлаудың әлемдік жүйесіне қосылдық. Бұл — Тәуелсіздік дәуірінде қа­зақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі менің жоспарымның аса маңызды бөлігі» - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 15. Теңге шықты – 1993 жыл 15 қараша

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Дүниенің құнын білсе де, баға тоқтапаған халқымыздың ежелгі тарихында «екі қойы бір сом» болса да іш жимаған. Алайда, бір атым насыбайдан көңілі қалып, қаласа астындағы атын түсіп берер мәрттігі де оның жанына жақын еді.

Тәуелсіз елдің алғашқы жылдарындағы Кеңес үкметінен қалған вагон-вагон ақшаның құны кетіп, қоқысқа тастауға да жарамай тұрған кезде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның төл теңгесін жасауға шешім шығарды. Бұл да Тәуелсіз елдің тарихи шешімдерінің бірі еді.

1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Сол кезден бері қазақ халқының тарихында өз теңгесі айналымда келеді. 1 теңгелік банкноттен бастап 20000 теңгелік купюраның арасында қазақ тарихының жарқын келбеті сақталған. Олай дейтініміз, қағаз ақшаларда еліміздің ерекше сәттері көрініс тапқан.

 16. ҚХА құрылды – 1995 жыл 1 наурыз

Қазақтың даласы қандай дарқан болса, пейілі де соншалықты кең. Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, Қазақстаннан «басына үй, бауырына қазан» асып отырған талай халық бар. Бұл – Қазақстанның ең басты ерекшелігі және ең басты – байлығы. Қазақ халқының бауырмалдығы бүгінде әлемге үлгі. Осыны ескере отырып Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. Араға 3 жыл салып 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халық Ассамблеясы құрылды.

«Еліміздің Тәуелсіздік тарихы – татулық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісім шежіресі, мызғымас бірліктің жылнамасы. Байлық та, бақыт та бірлікте. Еліміздің әлемге сыйлы, бай да бақуатты мемлекет болуына татулығымыздың тұтқасы Ассамблея зор үлес қосып келеді. Мен қоғамның барлық салаларында жемісті еңбек етіп жүрген сан түрлі этнос өкілдеріне зор ризашылығымды білдіргім келеді» - деді Елбасы.

 17. Парламент жасақталды – 1995 жыл 30 тамыз

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Қазақстан Президенттік басқарудағы мемлекет. Дегенмен, қос палаталы парламенттің алар орны ерекше. Парламенттік жүйеннің тарихы сәл әріректен басталады. Тіпті әйгілі 1937-нің ызғары қақап тұрған 1938 жылы да Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы өткізілді. Сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өтті. Бұл азаттығы жоқ, алды-артына жалтақтап, алаң көңіл болған елдің амалсыз әрекеті еді. Серкесінен айырылған отардай бытыраған бұл сайлау нәтижесі көңіл көншітпесі айдан анық еді. Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, азат елдің, өз қолы өз аузына жеткен халықтың өз саясаткерлерін таңдауға мүмкіндігі болды.

Сонымен, 1995 жылғы 30 тамызда Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару бйілігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып бекіді.

 18. Жолдаулар – 1997 жыл 16 қазан 

Ел тарихындағы елеулі Құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары еді. 1997 жылы 16 қазанда ең алғашқы жолдау жасалып, онда еліміздің 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы таныстырылған болатын. Содан бері 22 жылда 21 Жолдау жасалып, ол ел дамуындағы, экономикадағы, ішкі саясат пен мәдениеттегі ең басты бағдарламаға айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясаткер, шебер ұйымдастырушы, алғыр экономист, ең бастысы тапқыр стратег екенін осы Жолдаулардан анық байқауға болады.

«Сол кездегі басты мақсат – бодандық бұғаудан босап, тоталитарлық жүйеден либериалдық жүйеге ауысу еді. Және жоспарлы экономикалық жүйені жолға қойып, нарықтық қоғамның алғышарттарын жасау болатын. Бұл мәселеде де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының батыл қадам жасап, үш жылдық стратегиялық жоспар құруы елді тығырықтан шығарған болатын» - деп еске алады ұзақ жылдар бойы Елбасымен қатар жүріп қызмет атқарған қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов.

 19. Астананы көшіру - 1997 жыл 20 қазан

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанда әлем қалай таңқалса, ару Алматыдан, аңыраған Арқаға Қазақстан астанасын көшіру шешіміне де дәл солай «үрке қарағандар» көп болды.

Бұл жайлы Елбасының өзі, «Шетелдік дипломаттарды алғаш рет Алматыдан Астанаға көшуге шақырған кезімде олардың көпшілігінің жүздерінен таңырқаушылық пен абыржушылық аңғарылғаны әлі есімде. Олар сол кезде бұрынғы астанаға енді ғана бой үйретіп, орналаса бастаған еді» деп еске алады.

Сондай рухани, ақпараттық, тіпті кей тұста материалдық қарсылықтарға қарамастан 1997 жылы 20 қазанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады.

Елбасының тікелей қатысуымен, кейбір ғимараттардың нышанын, келбетін өзі сызып көрсетуімен, аз уақыттың ішінде Қазақстан астанасы адам танымастай өзгерді. Оған дәлел, Астана Арқада айшықталған екі жылдың ішінде, анығырақ 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, 2011 жылы «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Ал араға 5 жыл салып, 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шықты.

 20. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі –2003 жыл 23-24 қыркүйек

Бұған дейін Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары болса, енді Қазақ елі Астанасының «Алтын дәуірі» басталды. Әлемнің келісім мен бейбітшілік, ынтымақ пен бірлігінің кілті Қазақстан астанасының қолына өтті. Ежелден еркіндік аңсаған ел, ендігі меже – тұрақтылық пен татулық, береке мен бейбітшілік екенін анық аңғартты.

Осыған орай, 2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.

Жай күндері бірінің мешітіне, бірінің пұтқанасына, бірінің шіркеуіне бас сұқпайтын дін көшбасшылары Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайында бетпе-бет отырып әлемдік діни ахуалды талқылады.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық» - деді Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Астанада 6-шы рет өткен діндер съезінде.

 21. Мәдени мұра бағдарламасы – 2003 жыл 16 наурыз

2003 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең басты қазынасы – мәдени мұраларымызды түгендеу мақсатында арнайы бағдарлама құрды.

«Руханият пен бiлiм беру салаларын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде биыл бiрқатар ауқымды жобалардың басын қосатын “Мәдени мұра” арнаулы орта мерзiмдi бағдарламасын әзiрлеп, iске асыруға кiрiсудi ұсынамын» - деген еді Елбасы өз Жолдауында.

Онда бағдарламаның мақсаты мен төрт тармақтан тұратын құрлымы да анық көрсетілген.

«Біздің елімізде мысыр пирамидалары және Римдік Колизейлер жоқ, бірақ Қазақстан аумағында көне дәуірде өмір сүрген көшпелілердің ролі Еуразия үшін ғана емес, сондай ақ әлемдік тарих үшін бағасыз». Біз дала өркениетінің ұлылылын әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек – бұл «Мәдени мұра» бағдарламасының басты тапсырмаларының бірі» – деген еді Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев.

Бұл араға 14 жыл салып нақты түрде қолға алынатын «рухани жаңғыру» бағдарламасының алғышарты еді. Бүгінгі таңда бастауын «Мәдени мұра» бағдарламасынан алған көптеген игі іс 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының желісімен жүзеге асып келеді.

Бұл екі бағдарлама да дер кезінде қолға алынып, нақты тапсырмалары айқындалған дүние еді. Тіпті, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ елінің тізгінін ұстаған 30 жылында ел сүйіспеншілігіне ерекше бөленген сәті де осы екі бағдарламаны жариялаған тұсы деуге болар еді. Себебі қазақ халқы қашанда рухани құндылықты жоғары бағалаған халық.

 22. ЕҚЫҰ-ға төрағалық және Саммит – 2010 жыл 1-2 қазан

Бұл Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінен кейін Қазақ даласына төрткүл дүниенің назары ауған алғашқы әлемдік жиын еді. Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық ету посткеңестік елдер арасында алғашқы болып Қазақстанның тәлейіне бұйырды.

Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны латынның төрт «T» әрпі болды: сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance). Сенім – халықаралық қатынастардағы басты ресурс.

«Мен Президент Назарбаевты ЕҚЫҰ төрағалығының табысты өткізілуімен құттықтадым. Бұл Қазақстанның әлемдік ауқымдағы беделін арттырды, оның позияцияларын нығайтты. Және Испанияның Қазақстанды Ұйым жұмысында әу бастан-ақ қолдағанын айтқым келеді. Астана ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге бастама көтергенде де дәл солай болды. Есесіне Қазақстан сенім үдесінен шыға білді. Тамаша Саммит ұйымдастырды» - деді саммитке келген Испания Үкіметі төрағасының орынбасары Мануэль Чавес Гонсалес.

Ал саммит жайлы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы болды» деген баға берді.

«11 жылдың ішінде осынау беделді халықаралық ұйымның жоғары деңгейдегі басқосуын өткізу ешбір елдің қолынан келмеді. Қазақстан ғана бұл мақсатты іске асырды. Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ның барлық елдерін біріктірген айтулы оқиға болды. Осыдан 19 жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы – Астана әйгілі «Хельсинки рухының» лайықты ізбасары болатыны ешкімнің ойына келмеген еді. Бүгінгі күні бұл мақсатты біз жүзеге асырдық. Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету шеңберіндегі өз бағдарламамызды орындадық. Алғаш рет тұтастай Еуразияның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ЕҚЫҰ-ның негізгі бағыттары айқындалды. Бұл – көптеген жылдарға дейін біздің еліміздің және оның әрбір азаматының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді деген сөз. Астана Саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы», — деді ол.

 23. Наурыз мерекесінің қайта оралуы – 2010 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев. Отан тарихындағы 30 жыл

Иә, Наурыз мерекесі қазақтың ежелгі мейрамы, оған Нұрсұлтан Әбішұлының қаншалықты қатысы бар дегенді алға тартатындарыңызды түсінемін. 1988 жылдан бастап Алматы қаласында, республиканың өзге де көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде тойлана бастағаны да жадымызда. Алайда, біз мақаламызға наурыз мерекесінің 2010 жылы 10 мамырда БҰҰ-ның 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – «Халықаралық наурыз мерекесі күні» болып бекітілгені туралы айтпақпыз. Дәл осы мереке жайлы Елбасы:

«Жалпы ойлап қарағанда, біздің Жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді. Қытайлар өздерінің жаңа жылын ақпанда, корейлер де өз күнтізбелері бойынша мерекелейді. Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін Петр І енгізген қаңтардың 1-інен бастап жүрміз. Биыл біз Жаңа жылымызды кең ауқымда, бүкіл халықтық деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше салтанатпен жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз», – деген болатын.

Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқын 2010 жылғы Наурыз мерекесімен құттықтау сөзі еді. Осы жылдан бастап Наурыз мерекесі елімізде үш күнге созылған ерекше мейрам ретінде атап өтілетін болды.

 24. VII Қысқы Азия Ойындар немесе Азиада-2011 – 30 қаңтар мен 7 ақпан аралығы

Астана және Алматы қалаларында қатар өткен Азияның айтулы додасы еліміздің тарихында айтарлықтай рөлі бар оқиғалар болды.

VII Қысқы Азиада ойындарына әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыстардың бағдарламасына коньки тебу спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей (бенди), шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғыға лайықталған қысқы спорттық сайыс қатарлы 11 спорт түрі енгізілді. Барлығы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл қысқы Азиада тарихындағы рекордтық көрсеткіш болатын.

Қазақстан осы ойындарда қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Біздің құрамамыздың қоржынында 70 награда болса, оның 21-і күміс, 17-сі қола медаль еді.

«Спортта шекара жоқ, ол халықтарды бауырластырады. Біз жаңа ғана Азия Олимпиадалық Кеңесі туының көтеріліп, спорт саңылақтары мен төрешілердің ант беру рәсіміне куә болдық. Мен дүбірлі додада әділдік үстем болып, хас жүйріктің бәйгеден келуін тілеймін. Жанкүйерлер үшін естен кетпес қызықты шақтар мол болсын. Қазақ жеріндегі Азиаданың ізгілік алауы достықтың мәңгі жалауына айналсын», – деді ойынның ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев.

 25. Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды – 2015 жыл

Қазақ хандығының 550 жылдығы Қазақ халқының мемлекетшілдік, елдік тарихының тым тереңнен басталатынын танытты. Тіпті, сонау көктүріктер дәуірінен бері сабағы үзілмеген, тамыры кесілмеген, азаткер рухтың халық жадында, халық көкірегінде әлі де күмбірлеп тұрғанын анық көрсетті.

«Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы 550 жылдықтың ашылу салтанатында.

Бұл ең әуелі елдік рухты көтеріп, ата-баба ерлігін мақтан ететін халық санасын сілкіндірудің бірден-бір тетігі болды. Осы мерейтой негізінде еліміз бойынша қыруар істер атқарылып, көптеген тарихи жәдігер түгенделді.

 26. XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада – 2017 жылы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығы

2017 жыл еліміз тарихында айтулы оқиғаларымен қалған ең жарқын, ең жемісті жылдардың бірі болды. Оның бастауында әрине - XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада тұрды.

«Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен толерантты дамудың қазақстандық формуласын жеткізгіміз келеді. Сол үшін ұйымдастыру жұмыстары күн сайын қарқын алып, осы Мұз сарайы мен бұл ойындардың басқа да нысандары зор ықыласпен салынды, – деді Елбасы универсиаданың ашылу салтанатында.

Универиада қорытындысы бойынша Ресей бірінші орында тұрса, барлығы 36 медальмен Қазақстан құрамасы екінші орынға табан тіреген болатын.

 27. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелік және басқару – 2017-2018 жылдар

2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасағаннан кейін де Қазақстан бірнеше халықаралық ұйымға мерзімдік жетекшілік жасады. Солардың бірі де, бірегейі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін басқару десек қателеспейміз. 2017 жылы Кеңеске тұрақты емес мүше болып тіркелген Қазақстан өз тарихында алғаш рет БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін басқаруға мүмкіндік алды.

«Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган. Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз. Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер» - деді Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Кеңеске мүше болуына байланысты жасаған Үндеуінде.

Кеңесті басқару кезінде әлем тарихында алғаш рет Қазақстан Президенті БҰҰ мінберінен дүниежүзіне қазақ тілінде баяндама жасады.

 28. Рухани жаңғыру бағдарламасы жасалды – 2017 жыл 12 сәуір

2017 жылдың тағы бір жемісті оқиғасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар. Рухани Жаңғыру» мақаласының жариялануы деуге болады. Күллі қазақ руханиятына қозғау салған мақаланың егжей тегжейін мына жерден толығырақ оқуға болады.

 29. ЭКСПО-2017 – 2017 жыл 11 маусым

«Біздің еліміздің бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу жөніндегі күресте айқын басымдықпен жеңіске жетуі Қазақстанның экономикалық қуатын жаһандық танудың көрінісі». Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың өз сөзі. Осы жерде Елбасы 2017 жылдың ең басты оқиғасына айналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің бар келбетін бір сөйлеммен ғана ашып бергенін байқауға болады.

 30. Бейбіт түрде билік ауысты – 2019 жыл 19 наурыз

2019 жылы 19 наурыз күні Қазақстан Республикасында билік бейбіт түрде ауысты. Бұл 30 жыл жалғасқан сарабдал саясаттың толысқан, піскен жемісі еді.

«Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады. Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады» - деді Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Президенттіктен бас тартатынын ресми мәлімдеген үндеуінде. 

*** 

Біз бір дәуірде дүниеге бір рет келетін дара тұлғаның ел билігін қолына ұстаған 30 жылдағы ең басты деген 30 оқиғаны саралап көрдік. Қазақстан десе Нұрсұлтан Назарбаевтың, Нұрсұлтан Назарбаев десе Қазақстанның аты қатар аталатын дәуірді көзімізбен көрген ұрпақ ретінде біздің түйгеніміз көп. Ешкім де жоқтан бар жасай алмақ емес, дегенмен, барды ұқсата білудің өзі үлкен кемелділікті қажет етеді.

30 жылда біз атап өткен 30 оқиғаны бір мақалаға сидыру да оңай болған жоқ. Ойлы оқырман ненің қалай болғанын бізден де жақсы пайымдар, ал біз мақаламызды Президенттің өз сөзімен аяқтасақ.

«Жас буынға осылай бола салғандай көрінеді. Біреудің айтқаны бар еді, жамандық та, жақсылық та ұмытылады деп, өкінішке қарай, жақсылық тезірек ұмытылады. Сондықтан біз бұл туралы айтып отыруымыз қажет. Осының бәрін өз иығында арқалап өткен адамдарға, оның ауыртпалығын бәрі білетіндей көрінеді. Жоқ, біз жас кезімізде ата-анамыз не көргенін білдік пе? Сосын, тарихты оқи отырып, бір нәрселерді түсіндік, бірақ, жеңіл түрде, басқаша. Сондықтан баршаңызға айтылған сөздер үшін алғысымды білдіремін».

Өзгелердің жаңалығы