"Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!" марафоны өтті

18 Мамыр 2020, 13:23
3531
Бөлісу:
"Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!" марафоны өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған "Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!" атты мерейтойлық марафонын өткізді.

Патриоттық жобаның басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысы тарихындағы нақты бір отбасының шежіресін еске алу. Зияткерлік мектептердің оқушы, мұғалім және ата-анасы өз отбасыларының тарихын майданнан келген хаттар мен суреттер, сонымен қатар соғыс және тыл ардагерлерінің естеліктері арқылы ұсынды.

Марафон бойы әлеуметтік желілердегі NIS-тің ресми аккаунттарында Ұлы Жеңіске арналған ақпарат жарияланды. Онлайн форматта шаңырақтарда майдан және тыл ардагерлерімен кездесу, "Ұлы Жеңіске тағзым" ерлік сабақтары өтіп,  "Менің отбасымның ардагер батыры" зерттеу жобаларының қорытындысы жарияланды.

85.jpeg

Қашықтан форматындағы "Ол күндердің даңқы өшпейді" ән челленджі, "Мен батырдың ұрпағымын" арт челленджі, "Ұлы Жеңісті жырлаймыз" көркемсөз оқулары көптің қызығушылығын тудырды. Әр мектепте оқушылар отбасы мұрағатында сақталған майдан хаттары мен суреттерін көрсеткен "Соғыс туралы монолог", "Майданнан хат", "Отты жылдар жаңғырығы – отбасымда" деректі фильмдері дайындалды. Дала поштасынан жолданған әрбір сарғайған үшбу хатта бейбіт өмір туралы армандар мен жоспарлар, үй іші және жан достармен хабар алмасу, туған жеріне деген сағыныш жатыр, - делінген ақпаратта.

Жүздеген әңгімелер мен фильмдер, майдан хаттары мен суреттер – барлығы да Ұлы соғыстың және оның майданы мен тылында ерлік көрсеткен ең жақын адамдардың шынайы әрі егжей-тегжейлі келбеті, ал ондағы кейіпкерлердің аты марафонға қатысушылардың мақтан тұтар тегіне айналған. Естеліктер лентасында оқушылар Жеңіс күнін неліктен көзді жасқа толтыра тойлайтын мереке екенін түсінгендерін, майдан хаттары мен суреттер, жерлеу туралы хабарламалар, орден кітапшалары, әскери марапаттар, ардагерлердің қол сағаттары – әрбір қазақстандық отбасы үшін құнды жәдігерлер екеніне көз жеткізгендерін мойындады. 

95.jpeg
  
"Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз!" марафоны Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық оқушылары үшін ерлік пен  патриотизмнен сыр шерткен шынайы сабаққа айналды. Қазіргі таңда NIS желісінде электронды "Естеліктер мұрағатын" жасау қолға алынған. Айтулы марафонды дәстүрлі түрде жыл сайын мамырдың бірінші онкүндігінде өткізу жоспарланып отыр.



Өзгелердің жаңалығы